|
А.Шотбасова, «Ауыл жаңалығы».
Сөз еткелі отырған азамат осыдан көптеген жылдар бұрын біз отырған қасиетті қара шаңырақта өзгелер өмірін жазған болатын. Иә, кезінде аудандық «Село жаңалығы» - «Сельская новь» газетінде қызмет атқарған Жолдыбай Исақов
өңіріміздің тыныс-тіршілігін тұрғындарға баяндап, халықтың мұң-мұқтажын биліктегілерге жеткізе білді. Ол кез 1956-1985 жылдар аралығы еді. Бүгінде Үлгілі ауылында тұратын Исақов Жолдыбай атаның 70 жылдық тарихы бар аудандық газетте жұмыс жасағанын бірі білсе, бірі білмеуі мүмкін. Осындағы бастауыш мектепте оқып, сол кездегі Михайловка орта мектебін 1953 жылы бітірген бозбала, Жамбыл қаласындағы республикалық мәдени-ағарту училищесінің студенті атанады. Оны 1956 жылы тәмәмдап, аудандық үнқағазға қызметке тұрады. Оқуды жаңа бітірген жас маман өзінің ізденімпаздығы арқасында бірден көзге түсіп, екі жылдан кейін-ақ осында жауапты хатшы қызметіне жоғарылатылады. Жұмыс істей жүріп, тәжірибені оқумен ұштастырған ол, қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде білім алады. Сөйтіп журналист мамандығының қыр-сырын терең меңгеріп, аудан айнасының абыройлы болуына атсалысады. Жауапты хатшы үлкен жауапкершілікті қажет ететіндігін түсініп, газетке алғашқы материал орналасқаннан бастап, соңғы басылымға жіберілгенге дейінгі істің басы-қасында жүретін Исақов Жолдыбай еңбегімен еленіп те жатты. Кейін аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі, облыстық кітапқұмарлар қоғамы төрағасының орынбасары болып та елеулі еңбек етті. 1985 жылы редакциядан еңбек демалысына шыққан қарт қаламгердің өмірі шындығында да өнегеге толы. Өнегелілігінің тағы бір жағы Жолдыбай ата жан жары Күләш апамен бірге 6 баланы тәрбиелеп өсірді. Бүгінде алтауының барлығы үйлі-баранды, жоғары қызметте істейді. «Әттең деп қиналатыным, Күләш апаларың осыдан бірнеше жыл бұрын бақилыққа аттанып кеткен, әйтпегенде балаларыммен олардан тарап отырған 13 немере, 2 шөберемнің қызығын бірге көрер едік» - дейді бізбен болған әңгімесінде Жолдыбай ата. Айтқандай, абыз ақсақал бүгінде 80 жасқа толып отыр. Бір қызығы, кәрілікке бой алдырған адамды аңғармадық. Ауладағы майда-шүйде тірліктен бөлек, мезгілінде үйдегі егістікке қараса, қолдағы бала мен келіннің кішкентайлары да ата қамқорлығын көруде. Мұнымен қоса ескіден қалыптасқан әдет қой Жолдыбай ата газет ақтарып, кітап оқуды да естен шығармайды екен. Жолдыбай ата бізбен болған әдемі әңгіме соңында «журналист мамандығы қызығы мен қиындығы қатар жүретін мамандық. Кейде қауырт материал дайындауыңа тура келеді. Қиын да қызықты жұмыстарың табысты болсын» - деп ақ батасын берді. «Ата, Сіз де аман болыңыз, ауырмаңыз» деген тілегімізге, «Өсіп келе жатқан өскіндер есен-сау болса, менің де тілегім орындалғаны» деп жауап қатты. Олай болса, сексеннің сеңгіріне жеткен қарымды журналист, ардагер қаламгерді тағы бір рет туылған күнімен құттықтаймыз!
|