Онлайн газет



Ағам да жаумен шайқасты

Үсен  Тағаев,
Ұлы Отан соғысының ардагері.Қызыл жұлдыз ауылы.

«Біздің тарих бұл да бір қалың тарих, оқулығы жұп-жұқа бірақтағы» - деп ақын жырлағандай, өзінің сан ғасырлық тарихында қазақ халқы  басынан не өткермеді? 1917-1919 жылдардағы азамат соғысы,  одан соң ұжымдастыру мен  аштық нәубаты, 1933-1937 жылдардағы қуғын-сүргіннің  зардабы ешуақытта ұмытылмайтын шығар. Ал Ұлы Отан соғысы кезінде еліне қорған, жеріне пана болу үшін қан майданға аттанған ер-азаматтардың дені  ерлікпен қаза тауып, кейбірі хабар-ошарсыз кетті.  Солардың қатарында  туған ағам Абдуғали Алмабеков те бар еді.
Туаш әулетінің үлкен ұлы Алмабектің  тұңғышы Абдуғали, ортаншысы мен, кенжесі Құрал болатын.  Анамнан   бір жарым, ал әкемнен 12 жасымда жетім қалған мені өзінен ұрпақ болмаған әкемнің інісі Тағай бауырына басты. Өз атына жаздырып алғандықтан менің тегім Тағаев болып   жазылып кеткені сондықтан.
Он беске толған кезімде  Жамбыл қант зауытына  жұмысшы болып кіріп,  «Көктау» деген жерден тас қопарып, оны тасып, қазіргі қант зауытының  іргесін қалаған  едік. Ұлы Отан соғысы басталған кезде 18 жаста болатынмын.   1909 жылы туылған ағам Абдуғалиді 1942 жылы  қаңтардың 1-інде майданға  шығарып салдық. Артында жары мен бір қызы қалған-ды. Екі айдан соң мен  әскерге алынып, алдымен Шымкент қаласында жасақталып жатқан атқыштар дивизиясының мектебінде оқу-жаттығудан өтіп, 1942 жылдың шілдесінде, Украинаның Ворошиловград қаласының маңындағы ұрыстың бел ортасына түстім. Сол ұрыста біздің дивизия жау қоршауында қалып, жараланған мен  Сталинск қаласындағы лагерьде тұтқында болып, талай азапты көрдім. Лагерьден қашып шығып, партизан  сапына қосылып, 1-Украина майданына соғысқа кіріп, Воронеж, Беларусь, Эстония, Чехословакия, Пруссия жерлерін,  әсіресе Польшаны азат етуде Одер  өзенінен өтердегі қиянкескі шайқаста  жауды талқандауға біркісідей үлес қостық деп ойлаймыз.
Немістердің лагерінде “тұтқында болған” деген айыппен  5 жылға Коми  АССР-на  жер аударылдым. Ухта ауданы, Керки стансасында ағаш дайындау, ағаштарды вагонға тиеу жұмыстарына жегілдік. 1947 жылы біздің қонысқа  лек-легімен неміс отбасылары келді. 400 неміс қыздарының арасынан   таңдаған аруым- Екатеринамен шаңырақ көтеріп, туған жерге 1952 жылы оралдым. 1956 жылы Қызыл жұлдыз  ұжымшарына  мүше болып кірдім.Ұжымдарда әртүрлі жұмыстар атқардым. Содан кейін  Жамбыл қаласындағы былғары аяқ киім фабрикасында  еңбек етіп, зейнетке шықтым.
Бүгінде зайыбым  Екатерина Рохуссовнамен 67 жыл отандасып, 5 ұл, 5 қыздан 36 немере, 66 шөбере сүйіп отырған бақытты қариялардың бірімін.
Зейнетке шыққан соң туған ағам Абдуғалидің тағдыры  ойымнан еш шықпады. Хабар-ошарсыз кеткендер арасынан  ағамның дерегін іздеп, талай жердің есігін тоздырдым. Алдымен Жамбыл облыстық әскери комиссариатына хат жазып, олардан ағамның Ленинград майданында болғаны туралы дерек алдым. Екінші хатты Ленинград облыстық комиссариатының архивіне жолдадым. Ол жақтан “Қатардағы жауынгер Алмабеков Абдуғали 09.09 1942 жылы Ленинградты қорғауда, Ленинград облысы Нижний Новгород қаласы маңында қаза болған, бауырластар зиратына жерленген” деген хабар келді. Бұл деректер қолыма тиісімен облыстық әскери  комиссариаттың көмегімен,  бұдан төрт жыл бұрын, ағам жерленген жерге, ортаншы ұлым Нұрмаханмен барып қайттым.
Ленинград облысы  Нижний Новгород қаласы маңына жерленген бауырластар зиратында  (суретте)  ескерткіш белгі орнатылған.  Онда Абдуғали ағаммен бірге  екі адам жерленіпті. Туған жердің топырағын  ескерткіш белгі  басына жеткізіп,  құран бағыштадық, гүл шоқтарын қойдық.
Бауырластар зиратына жерленген 18 мың   жауынгерлердің  аты-жөні жазылған  екен. Туған халқымыздың бостандығы мен келешек ұрпақтың бақыты үшін өмірлерін қиған  сарбаздарға тағзым ете отырып,  соғыстың қасіреті көз алдыма елестеп, жанарыма жас келді.
Биыл Ұлы Жеңістің 70 жылдығын  тойладық.  Кешегі күркіреп өткен сұрапыл соғыс қаншама отбасын ер-азаматынан айырды. Қаншама бала жетім, қаншама ана  жесір қалды.  Халқымыздың қаһармандығы мен тыл еңбеккерлерінің  ерен еңбегінің арқасында  жауды жеңдік. Сондықтан  аға ұрпақ үшін  Жеңіс күні аса қымбат мереке болып саналады.
Жыл сайын Жеңіс күнін  асыға күтеміз. Өйткені бұл күні  елі үшін, туған жерінің  тыныштығы үшін жанын қиған  боздақтарды,  қаруластарды  еске ала отырып,  олардың ерліктерін  кейінгі ұрпаққа үлгі етеміз.

Обновлено 21.05.2015 15:40
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін226
mod_vvisit_counterКеше1762
mod_vvisit_counterОсы аптада7639
mod_vvisit_counterӨткен аптада10587
mod_vvisit_counterОсы айда3546
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2255215

Серіктестер