Онлайн газет



Жауынгер тағдыры

Т. Ерімпашев,
ҰҚК-нің полковнигі, құрметті ардагер.


Жастайынан жетім қалған Ақыл Зәрліұлы ағасы Мырзахмет пен жеңгесі Мәндібаланың тәрбиесінде болды. Тегістік ауылында қара жұмыс істеп жүрген кезінде 1939 жылы әскер қатарына шақырылады. Отан алдындағы азаматтық борышын Ленинград қаласының түбінде Балтық майданының құрамында, яғни, 30-шы атқыштар полкінде бастайды. 3-4 ай жаттыққан жауынгерлер фин соғысына қатысады.  1940 жылы ақпан айында 30-полктың жауынгерлері (оның ішінде Ақыл да бар)  батысқа қарай жол тартады.  13 күн өткенде полк Брест гарнизонына орналасады. 1941 жылдың 22 маусымында Ұлы Отан соғысы басталған шақта, жаумен бетпе-бет соғысқан  осы жауынгерлер болатын.
Төрт-бес күнге созылған адам айтса нанғысыз қырғын соғыста полкта қалған небәрі 50 шақты жауынгер немістің мықты қамалын бұзып шығып, орманда 16 күн адасып жүреді.
Осы оқиғаны ары қарай марқұм  Ақыл Зәрліұлы былайша айтып берген болатын.
«Екі-үш күн орманды кезіп жүріп Смоленск деген қаланың маңынан қызыл әскерге тап болдық. Кешкі тамақтан кейін жайлы орын тауып алып, тәтті ұйқыға кеттік. Немістер сол түні бізді қоршап алып, тұтқынға алды, қарсылық көрсете алмадық. Польшадағы бір концлагерьге алып келді. 20 күндей ашық аспанда жаттық, күн суық, жаңбыр араласқан қар күнде төбемізден құйып тұрды. Суыққа, аштыққа шыдамай тұтқындардың жартысы дерлік қырылып қалды. Тірі қалғандарды жер астындағы шахталарға  жұмысқа салды. Жұмыс ауыр. Бір күні жер астынан үлкен тасты көтеріп келе жатқанымда аяғым тайып, тастың үстіне құлап түстім. Тұрайын десем тұра алмаймын. Құлап жатып көзім неміс солдатына түсіп кетті. Ол қалтасындағы наганды алып, мен орнымнан тұрмасам атуға дайын тұрғанын көрдім.
Бар күшімді жинап тұрайын десем тұра алмаймын. Соңымнан  келе жатқан орыс жігіті қолындағы тасты жерге қоя салып, менің қолтығымнан көтеріп, тұрғызды да жеңілдеу тасты қолыма ұстатып, әрі қарай жүріп кетуге көмектесті. Сергей екеуміз танысып, содан кейін айырылмастай дос болып кеттік.
Демалыс күні болатын. Бірнеше тұтқынды ат қораны тазалауға алып келді. Оның ішінде мен де бар едім. Қорадағы 20 шақты аттарды сыртқа шығарып, астын тазалап жатқанбыз. Ат бағушы адам бір асау құнанды бас білдіре алмай әлек болып жүргенін көрдім. Атты көргенде делебем қозып, солдатқа:-”Көмектесуге бола ма? – деп қолыммен түсіндірдім, ол қарсы болмады. Асау құнанды жусатып, басына жүген кигізіп, үстіне қарғып мініп, тулағанына қарамай қамшымен осып-осып жібердім.  Әбден болдыртқанша айнала шауып, шаршатып, жуасыған атты әкеліп иесіне тапсырдым. Ол қуанып кетті. Менің іс-әрекетімді байқап тұрған неміс риза болып: «Гут русь» деді. Ертеңіне мені төбесі жабық ат арбаға отырғызып, нан зауытқа алып келіп,  нан таситын болдым. Күнде екі мезгіл нан әкелгеннен кейін, атқа қарап оның жем-шөбін, суын беріп, астын тазалаймын. Сергей досымды да ұмытпай  кезі келгенде, бір бөлке нан беріп қоямын. Бір күні Сергей маған ойлана қарап:  «Ақыл, тұтқыннан қашайық?» - деді.
Арада он шақты күн өткенде Сергей хат беріп жіберіпті. Онда «Нан заводында слесарь болып істейтін Иоган деген жігітке ешкімге білдіртпей жасырын түрде бересің. Иоганның көмегімен  немістердің сеніміне кірген соң, сені жолда тексермейтін болады. Сол мүмкіндікті пайдаланып Иоганның берген қару-жарақтарды  жасырын жеткізіп тұрасың. Қалғанын кейін айтамын, бірақ ешкімге сездіріп қойма, сақ бол, бұрынғыдай  күнделікті жұмысынды жалғастыра бер» деп жазылыпты.
Қашуға уәделескен күні мен ат қораға ерте келіп, аттаaрдың жемін,  шөбін беріп жатқанымда Сергей төрт жолдастарымен келіп, қашуға дайын екенін білдірді. Күні бұрын дайындап қойған азық-түліктерімізді,қаруымызды алып, ат қораның менен басқа ешкім білмейтін тесігі арқылы тірі жанға білдіртпей түн жамылып қалың тұманды орманға сүңгіп кеттік. Польшаның ормандарымен түнде жүріп, күндіз қалың бұталардың астын паналаймыз. Адаспау үшін кейде жолда кездескен шағын ауылдардың  тұрғындарынан түнде су, тамақ сұрап, қай бағытқа келе жатқанымызды біліп  отырдық. Жиырма екі күн дегенде өзіміздің адамдарды кездестік.
Соттың үкімін бізге жарияламас бұрын арнайы  комиссияда тұтқында болғандарды жеке-жеке тыңдап, өз пікірлерін айтып содан кейін соттың үкімін жария етпек. Төрде отырған И. Захаровқа көзім түсіп, оны бірден таныдым. Көз алдыма фин соғысы елестеп,  соғыста зеңбіректерді көбіне жауынгерлердің күшімен сүйрейтінбіз, Кейде бұл жұмысқа аттарды пайдаланатынбыз. Аттарды зеңбірекке жегуді жауынгерлердің көбісі білмегендіктен бұл жұмысты маған тапсыратын. Соғыс бітуге жақын қалғанда бір оқыс оқиға болған-ды. Зеңбіректі сүйрейтін менің атыма жау оғы тиіп, оны көрген политрук И.Захаров: «Аттың жанын қинамай атып таста» деп маған бұйрық берген. Ол кеткен соң семіз атты қимай оны жолдастарыммен бірге бауыздап, жауынгерлерге ет асып бергенбіз.
Араға екі-үш күн салып, 30-ші полктің жұмысын тексеруге жоғарғы жақтан құрамында 5-6 кісі бар комиссия келіп, полк басшыларының біраз кемшіліктерінің бетін ашып, командирлердің ойларынан шықпаған соң, түскі тамаққа да қарамай кететінін байқап қалғанмын. Тез арада политрук Захаровты оңаша шақырып, комиссия мүшелерін қазақтың ұлттық тамағымен сыйласақ деген пікірімді жеткізгенімде ол қарсы болмай,  керісінше комиссия мүшелеріне «жауынгерлер сұрап жатыр» деп көндірсе керек.
Комиссия мүшелерін  күттік.Оның  бір мүшесі  қазақстандық, яғни біздің жерлесіміз болып шықты. Ол әріптестеріне  қазақтың ұлттық тамағы туралы әсірелеп айтып берді.Ол жауынгерлерге алғыстарын жаудырып жатты.
Осы оқиғадан соң политрук И. Захаров мені өзіне іш тартып, Брест қамалында жүргенде де қарамағындағы техниканы жақсы меңгеріп, әскери тәртіпті бұлжытпай орындағаным үшін, полк жауынгерлерінің алдында да бірнеше рет алғыс  жариялап, Зарлиевтен үлгі алыңдар деп мақтайтын,.
Фин соғысы мен Брест қамалындағы командирім   комиссия төрағасы, полковник И. Захаров орнынан асықпай тұрып, қасындағыларға, «Бұл менің ержүрек жауынгерім Зарлиевтің фин соғысында,  Брест қамалында көрсеткен іс-қимылын, ерлігін ескерсек оны батыр деуге болады» деп, соттың күні бұрын шығарып қойған үкімін өзгерттіріп,  соғыстың алғы шебіне жіберу туралы комиссия жаңа шешім қабылдап, 1942 жылдың маусым айының 2-ші жұлдызында бесеумізді соғыстың алғы шебіне жіберді. Сонымен соғысты Польша жерінен бастап, көптеген Еуропа елдерін, Венгрия, Чехословакия, Югославияны неміс басқыншылығынан азат етіп, батыс Германияға келгенде Ұлы Отан соғысы аяқталып, тұтқында болғандарды тағы бір жылға жұмыс  істеуге қалдырып, Мәскеудегі метроны салуға қатыстым.
1946 жылы мамыр айында «тұтқында  болғанынды толық ақтадың» деген қағаз алдым. Әскери шенім – қатардағы жауынгер. Еңбегім бағалынып, ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Жеңістің 20, 30, 40 жылдығы» және «КСРО қарулы күштерінің 60 жылдық» мерекелік медальдармен марапатталдым.
Ұлы Отан соғысына қатысқанымыз, мен сияқты миллиондаған жауынгер мен соғыста опат болған солдаттардың тағдыры десек, ол менің де тағдырым» деп отыратын марқұм атамыз.
Ел басына күн туған шақта еліне қорған болған Ақыл атамыз  зайыбы Калиматпен екі ұлы  бір қыз өсіріп, бірнеше немере, шөбере көрді. 1987 жылы өмірден өткен  ардақты азаматтың майданда көрген азабы мен бейбіт күндегі өнегелі  еңбегін құрмет тұта отырып,    бүгінгі ұрпақтың  бақыты мен туған еліміздің бостандығы үшін күрескен ерлердің ерлігі алдында  әрдайым бас иеміз.

Обновлено 20.05.2015 09:43
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін131
mod_vvisit_counterКеше1762
mod_vvisit_counterОсы аптада7544
mod_vvisit_counterӨткен аптада10587
mod_vvisit_counterОсы айда3451
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2255120

Серіктестер