Онлайн газет



Ел сенімін ақтаған азамат

Е.Серікбаев,
штаттан тыс тілші.

«Газет-ғұмыр айнасы, жұрт-өзін өзі көреді» деп  халық ағартушысы Әлихан Бөкейхан айтқандай, газет-ұлттың жан азығы, рухани серігі, оқырманның ақылшысы. Өткен ғасырдың қырқыншы жылдарынан бастап ауданымыздың тыныс-тіршілігінен сыр шерткен басылым  сол тұста (“Село жаңалығы” - “Ауыл жаңалығы”) беттерінен әр кезеңнің көркем - құжаттық жылнамасын көруге болады.
Бүгінгі біздің сөз еткелі отырған кейіпкеріміз Әлмахан Жұматаев та еңбек жолын осы басылымда бастап, редакторлық қызметке дейін көтерілген жан.
Әлмахан Жұматаев - ауданымыздың «Қызыл Октябрь» ауылында 1928 жылы дүниеге келген. Ол Жетібайдағы (бұрынғы Ново-Ивановка) орта мектептің 7-ші сыныбын бітіреді. Кейін Жамбыл педагогикалық техникумына түсіп «Бастауыш сынып мұғалімі»  мамандығын алады. Техникумды бітірген соң, Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық институттың «Филология» факультетіне оқуға түседі. Оқуын ойдағыдай аяқтаған Ә.Жұматаев алғашқы еңбек жолын сол кездегі аудандық «Колхоз жолы» газетінен бастайды. Тынымсыз еңбектің арқасында редакторлық қызметке дейін көтеріледі. Алматы жоғарғы партия мектебін журналист мамандығы бойынша бітіреді.
Кейінірек аудандық партия комитетінің ұйымдастыру-партия бөлімінің меңгерушісі қызметіне ауыстырылады. Аудандық партия комитетінің бюросы оны 1962 жылы аудандағы артта қалған Амангелді атындағы ұжымшарға төраға етіп қызметке жібереді. Колхозшылар Әлмаханды төраға етіп бірауыздан сайлайды. Осы шаруашылықты үздіксіз 18 жыл басқарған Әлмахан Жұматаев ұжымшардың экономикасын көтеру ісінде жақсы жақтарынан көрінеді.
Бертін келе, денсаулығына байланысты төрағалықтан босап, Ш.Уәлиханов орта мектебінің директоры, кейінірек Ынтымақ ауылдық кеңесіне төраға болып, абыройлы қызметтер атқарады. Жаны жайсаң, елінің ардақтысы бола білген Әлмахан Жұматаев 1983 жылы дүниеден қайтады.
1953 жылы жары Сәндікүл Бибосынова екеуі шаңырақ көтеріп, он бала тәрбиелеп өсіреді. Үлкен қызы Райкүл және Гүлжаны-дәрігер, Тоғжан, Ұлжан, Бақытжан, Бақыткүл, Балжан-ұстаздық жолын таңдаса, Раушаны-есепші,  Қалмаханы-кәсіпкер,  ал Бауыржаны-Ынтымақ ауылдық округі әкімшілігінде бас маман болып қызмет етуде. Бүгінде ұл-қыздарының барлығы өмірде өз орындарын тапқан, үйлі-жайлы жандар.
Әлмахан Жұматаев ағамыздың шаңырағын шайқалтпай ұстап отырған Сәндікүл Бибосынова биыл 80 жасқа қадам басқан әжей.
Ұлғайған жасына қарамай, абыз ана әлі ширақ, жүріс-тұрысы жаман емес. Жаратқаннан елдің амандығын, аспанның ашықтығын, тыныштық пен бірлікті, берекелі де мерекелі болуды тілейтінін жеткізген батыр ана бізге аналық ақ батасын берді. Шаңырақтың үлгілі ісі, халқымыздың асыл қасиеттерін ардақ тұтқан өнегесі дәріптеуге әбден лайық. Сабырлы, ұяң мінезді Сәндікүл апамызға ұл-қыздарынан тараған 31 немересі мен 10 шөбересінің қуанышына тоймай, мейірімдеріне бөлене берсін дегіміз келеді.

Обновлено 20.05.2015 09:40
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін266
mod_vvisit_counterКеше1957
mod_vvisit_counterОсы аптада10623
mod_vvisit_counterӨткен аптада13911
mod_vvisit_counterОсы айда37763
mod_vvisit_counterӨткен айда37584
mod_vvisit_counterБәрі2476945

Серіктестер