Онлайн газет



ҰЛЫ ЖЕҢІС-ҰРПАҚҚА АМАНАТ

Г. Әбдіқұлова,
“Ауыл жаңалығы”.

Ұлы Отан соғысы адамзат тарихында өшпестей із қалдырды. сол қиянкескі шайқаста қаһармандықтың  үлгісін көрсеткен кешегі жігіттер, бүгінгі, өнегелі де қазыналы  аталарымыздың арқасында соғыс Жеңіспен аяқталды.
9 мамыр күні аудан орталығында жұртшылық әдеттегіден көп болды.  Омырауларын ордендер мен медальдар көмкерген соғыс ардагерлері, жеңістің негізін өз еңбектерімен қалаған ақжаулықты аналарымыз, тыл еңбеккерлері, аудан басшылары “Қайғылы ана” ескерткішінің  маңына жиналды.
Жиналғандар алдында  Байзақ ауданы  қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы, подполковник Қ.Бошай Отанымыздың бостандығы мен азаттығы үшін  қолына қару алып, шайқасқан  қазақстандық  жауынгерлердің ерен ерліктеріне тоқталып,  көпшілікті ұлы Жеңіспен құттықтады. Соғыс ардагері, Байзақ ауданының Құрметті азаматы  Сауытбек Рыспаев бүгінгі жеңістің жетпіс жылдық мерекесіне жеткеніне, қазіргі ұрпақтың білімді де білікті, нағыз патриот болып өсіп келе жатқандығына куә болып отырғандығын  айтып, осы күнге шүкіршілік білдірді.
Бұдан соң жиналғандар ескерткішке алқызыл гүл шоқтарын қойып, халқымыздың азаттығы жолында мерт болған  боздақтар рухына тағзым етті, бір минут үнсіздікпен  еске алды. Әскери бөлім сарбаздары ұрыс даласынан оралмаған жауынгерлер рухына арнап  аспанға қарудан үш рет оқ атты.
Мұнан кейін аудан басшысы бастаған топ  саябақтағы Кеңестер Одағының Батыры Ақәділ Суханбаевтың ескерткішіне гүл дестелерін қойды.
Жеңісті ұлықтаған шара орталық алаңда жалғасты.Алғашқы әскери дайындық пәнінің ұстаздары мен жоғары сынып  оқушылары сап түзей жүріп, әскери әндерді шырқады. Ішкі істер бөлімі  мен аудан аумағындағы әскери бөлімнің  арнайы көліктері, “жедел жәрдем” көлігі  шеруге көрік берді.
Елі мен жері үшін қан майданда жанқиярлықпен күрескен майдангерлер мен тыл еңбеккерлерін, аудан жұртшылығын аудан әкімі Мұратхан Жүнісәліұлы Шүкеев   құттықтады.
Аудан басшысы Отанын қорғап, қан майданда қасық қаны қалғанша жаумен айқасқан кешегі жауынгерлердің айбынды ерлігін, халқымыздың  даңқын арттырған “Халық қаһарманы”  Бауыржан Момышұлы,  28 панфиловшылардың ерлігі, Рейхстагқа ту тіккен Рақымжан Қошқарбаев,  хас батыр  Қасым Қайсенов,  Кеңес  Одағының екі мәрте Батыры Талғат Бигелдинов,  шығыстың қос шынары Мәншүк пен Әлияның ерліктерін,  1941 - 1945 жылдары ауданнан 3237 ер - азамат қолына қару алып, ұрыс даласына аттанғанын, жерлесіміз  Ақәділ Суханбаев Польша жерінде жасаған теңдессіз ерлігімен көзге түсіп, қаза тапқан соң оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілгендігін,  жалпы 500-ден астам қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атанғандығын, соғыс жылдарында бүкіл халқымыз тыл жұмысына жұмылып, Жеңіске өзіндік үлес қосқандығын  тілге тиек етті. Бүгінгі таңда еліміздің алдында тұрған  асқаралы міндеттерді іске асырудың маңызына тоқтала келе жұртшылықты Ұлы Жеңістің 70 жылдығымен құттықтап, игі тілегін білдірді.
Салтанатты жиыннан соң   театрландырылған қойылымдарға кезек берілді.  Қазақстанның 40 жылдығы мектебінің ұжымы  Ұлы Отан соғысы басталғанға дейінгі бейбіт  кезеңді, соғыс басталған кезде ер-азаматтарды  майданға  шығарып салып жатқан ел-жұртпен,   жерлесіміз Ақәділ мен Айтайдың соңғы қоштасу сәтін, ал  “Ұлтымыздың мақтанышы Бауыржан Момышұлының Мәскеуді қорғау кезіндегі өшпес ерлігін” әл-Фараби атындағы мәдениет үйінің әртістері әдемі етіп жеткізе білді. “Жеңіс! “ атты    қойылымда   соғыс жылдарында қазақ жеріне  қоныс аударған сан ұлт өкілдерін бауырына басқан  қазақ халқының қонақжайлылығы,  тыл еңбеккерлерінің  майданға  қосқан үлесі,  Жеңіс кезіндегі көл-көсір қуанышты  Ю.Гагарин атындағы мектептің ұжымы мен  оқушылары нанымды етіп өрнектеді.  Қойылымдарды тамашалаған  ардагерлер   өздерінің  балаусадай жауынгер күйінде майданға  аттанып, жаумен шайқасқандарын,  Жеңіс мерекесін қарсы алғандарын ойға алып, көздеріне жас  алған-ды. Ұлы Жеңісті әспеттеген  жиында  жас ұрпақ өкілдері  ардагерлерге  гүл шоқтарын  табыстап, олардың ерліктеріне тағзым етті.
Мерекені одан әрі әрлендіріп, сән берген әл-Фараби атындағы мәдениет үйінің күміс көмей әншілері болды. Әншілер  А.Исабаев пен Ө.Нұрбаев  жергілікті сазгер Қ.Нарбатырдың  «Тағзым» әнін нақышына келтіріп шырқады.  Н.Орынов «Қазақстан», М.Көпешов “Жас қазақ”  әндерін шырқап,  жиналған жұртшылықтың ризашылығына бөленді.
Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған шара барысында аудандық білім ошақтарында дәріс беретін алғашқы әскери дайындық пәнінің  мұғалімдеріне  “Кеңес Одағының екі мәрте Батыры  Т. Бигелдинов атындағы” медаль тапсырылды.
Мерейлі мереке “Бағлан” мейрамханасында жалғасын тапты. Соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің құрметіне  жайылған  дастархан басында аудан басшысы М. Шүкеев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Р. Шәметов  сөз сөйлеп, Жеңістің маңызын сөз  етті.
Еліміздің жарқын болашағын, жас ұрпақтың өмірін, халықтың бақыты мен қуанышын сақтап қалған  Ұлы Отан соғысы майдангерлері мен тыл еңбеккерлері “Нұр Отан” партиясының ұйытқы болуымен  “Ұлы Отан соғысына қазақстандықтардың қосқан өлшеусіз еңбектері туралы”   фильмді тамашалап,  өткен-кеткенді еске алысты. Ол жерде олардың көңілін аудандық  әл-Фараби атындағы мәдениет үйінің әртістері көтерді. Салтанатты шарада қарт сарбаздар мен  тылда ерен еңбек үлгісін көрсеткендерге сый-сияпат көрсетілді.
Мерекелік басқосуда соғыс  ардагерлері  Р.Мамыралиев, еңбек ардагері Г.Мұлдиевалар өздеріне көрсетілген құрметке алғыстарын айтып, баталарын берді. Германиядан  арнайы келген бурылдық соғыс ардагері Иван Григорьевич Дужинскийдің қызы Татьяна аудан орталығында өткен Жеңіс шеруінен үлкен әсер алғандығын, тәуелсіз елімізде майдангерлерге жасалып жатқан қамқорлықтарға ризашылығын  білдірді.

Обновлено 14.05.2015 11:49
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1419
mod_vvisit_counterКеше2058
mod_vvisit_counterОсы аптада5512
mod_vvisit_counterӨткен аптада10587
mod_vvisit_counterОсы айда1419
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2253088

Серіктестер