Онлайн газет



ЕҢБЕГІМЕН ЕЛДІҢ ҚҰРМЕТІНЕ БӨЛЕНГЕН

ҚЫСҚАША ӨМІРДЕРЕК:

РАҚЫШ (РАХЫМБЕРДІ) АЛҒАЗЫҰЛЫ- бұрынғы Әулие ата уезі, Көшеней болысы №35 ауылда шаруа баққан әкесі Алғазы мен  шешесі Теңгенің отбасында дүниеге келген.
Қарапайым шаруаның отбасынан шыққан ол әке тәрбиесінің арқасында шаруасына мығым, еңбекқор болып өскен. Әкесінің кәсібі арқасында Рақыш қала өміріне ерте араласып, күн көріс кәсібін жан-жақты меңгереді.
Ашаршылық басталған жылдары ел ауа көшіп, жан-жаққа кетіп жатқанда бұл әулет Дунгановка ауылын паналаған. Жер өңдеп, одан өнім алуға әбден машықтанған, дүнген халқының бұл қасиеті Алғазы әулетінің ашаршылық жылдары тарықпауына игі әсерін тигізген. Ауыл артель болып ұйымдасқан жылдары, Ынтымақ ауылында сауатсыздықты жою (лик без) мектебі ашылып, Рақыш атамыз 1934 жылы осы мектепті бітіріп шығады. Колхоз құрылған жылдан бастап, белсене еңбек етіп келе жатқан жігіт ауыл басшыларының назарына тез ілігеді. 1936 жылы Жетібай ауылында МТС ашылып, осы мекемеге ауыл жастары көптеп тартылады.
Осы мекемеде алғашқы топ арасында Рақыш Алғазыұлы да болып, механизатор мамандығын алып шығады. Рақыш осы курсты оқып жүріп, техниканы жөндеу, жер өңдеу жұмыстарына араласып, маманданады. 1938 жылы жазда МТС басшылығы оны Жамбыл қаласындағы кең профильді механизаторлар училищесіне оқуға жібереді. Оқуды 1939 жылы бітіріп келіп, науқандық жұмыстарда тракторшы әрі комбайнер болып еңбек етеді.
Ұлы Отан соғысы басталғанда ауылдың бетке ұстар белді жігіттері жаппай майданға алынып жатты. Олардың орнын қаусаған қарттар, әйел мен балалар басты. Ауыл шаруашылығындағы жұмысты ақсатпау үшін техника тілін жақсы білетін мамандар аса қажет болғандықтан, Рақыш сияқты маман жігіттердің біразын жоғарғы басшылық бороньмен МТС жұмысына қалдырады.
Ауыр тұрмыстың басында жүріп, елге сүйеніш болуына тура келген Рақыш Алғазұлы 1944 жылы Большевиктер партиясына мүше болып қабылданады. Соғыс аяқталғаннан соң, 1947 жылы Ново-Ивановка МТС-нің бір топ механизаторлары мемлекеттік марапаттарға ұсынылады.
Рақыш Алғазұлы ерең еңбектің бел ортасында жүріп, 1953 жылы бір топ еңбеккерлермен бірге Мәскеуге, халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне барып қайтады. 1953-1956 жылдар аралығында аудандық партия комитетінің пленум мүшесі болды. Аудандық атқару комитеті тарапынан Құрмет грамотасына ұсынылып, КСРО Жоғарғы кеңесінің 1957 жылғы 11 қаңтардағы  Жарлығы  бойынша  Еңбек  Қызыл  Ту орденімен марапатталған.
1958 жылы Ново-Ивановка МТС-інің бір топ жұмысшыларымен бірге «Тың жерді игергені үшін» медаліне ұсынылған. Көптеген мемлекеттік марапаттармен қатар, 1972 жылы «Құрметті колхозшы» атағына ие болып, тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылды, Мәдімар ауылындағы Даңқ кешенінде портреті қойылды. Ауылдағы бір көшеге есімі берілді.

 

М.Манекеев,
«Ауыл жаңалығы».

Ағымдағы жылдың 6-7 мамыры күндері аудан жұртшылығы кезінде ауыл шаруашылығын өркендетуге зор үлес қосқан еңбек ардагері, алғашқы механизатор Рақыш Алғазыұлының 100 жылдық мерейтойын кеңінен атап өтті. Алғашқы механизатор аллеясының ашылу салтанатына Мәдімар ауылының халқы және аудан жұртшылық өкілдері қатысты. Байырғы диханның 100 жылдық еске алу жиынын өткізуге аудан басшылығы мен ауылдық округ әкімшілігі тиісті іс-шаралар жасады.
Нәтижесінде Мәдімар ауылындағы ауылдық клуб пен Ш.Уәлиханов атындағы орта мектебінің спорт алаңында әртүрлі спорттық іс-шаралар ұйымдастырылды. Алдымен 6 мамыр күні, атап айтқанда, ауылдық клубта данагөй қариялар байқауы, 120 келі тартатын қошқар көтеруден палуандар бәсекесі, орта жастағы ерлер мен әйелдер күресі, көшеаралық арқан тартысы және қырық жастан асқан ерлер арасында волейболдан аймақтық жарыс өткізілді.
Ал, еске алу жиынының ресми кезеңі, 7 мамырда алғашқы механизатор аллеясының салтанатты ашылуы рәсіміне ұласып, Р.Алғазыұлының 100 жылдығына арналған митинг түрінде аталып өтті. Аллея лентасын аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауданның Құрметті азаматы Рәш Шәметұлы, Рақыш ата ұрпақтары Дүйсен Рақышев пен Мұрат Алғазиевтар қиды. Ауыл имамы Аманкелді Әлімқұлов құран бағыштаған соң, ауылдық ақсақалдар кеңесінің белді мүшесі, еңбегімен ел құрметіне бөленген Рақыш атамыз жайлы «Өнегелі өмір» атты жарыққа шыққан кітаптың авторы, еңбек ардагері Асан Әлмақашұлы мерейтой иесі туралы кеңінен баяндама жасады. Екі күндік іс-шараның облысқа танымал еңбек ардагері, партия қайраткері Нілзия Рақышқызының және туған туыс-бауырларының тікелей мұрындық болуымен ұйымдастырылып жатқанын тілге тиек еткен Асан Әлмақашұлы Рақыш атаның өнегеге толы өмір жолына тоқталды.
Алғашқы құттықтау сөз аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Рәш Шәметұлына берілді.
Рәш Шәметұлы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауданның Құрметті азаматы:
-Мен Рақыш ағамен 1957 жылдан, яғни Свердлов (Байзақ) аудандық партия комитетіне нұсқаушы болып келгеннен кейін араластым, сыйластым, өмір жолындағы көптеген игілікті істердің куәсі болдым. Жақсы адамдардың атағы, дәрежесі халыққа сіңірген еңбегімен қоса, артында қалдырған ұрпағымен, сол ұрпағының әке атын биік дәрежеге көтере білген еңбегімен де өлшенсе керек. Рақыш ағамыз бен Жаңыл жеңгемізден үш ұл, бес қыз өрбіп, олардың ұлағатты өмірлерін жалғастырып жатыр. Рақыш Алғазыұлының өмір жолы біздің жастарымызға, кейінгі ұрпаққа үлгі боларлықтай маңызға ие екені анық. Сондықтан, бұл кісінің жүріп өткен өмір жолын насихаттай беру бізге қажет дүние деп ойлаймын.
Рәш ақсақал Рақыш Алғазыұлымен таныстығы басталған сонау 1957 жылды еске алып,  оның  кезінде ауданымызды өркендетуге елеулі үлес қосқанын, Ынтымақ  колхозында еңбек жолын қатардағы колхозшы болып бастап, кейін тракторист-комбайнер мамандығымен нәтижелі еңбек еткенін, механизатор болып жемісті еңбек етіп, зор табыстарға жеткенін, оның бүкіл болмысы кейінгі жас ұрпаққа үлгі екенін айтса, құда-жекжаттары атынан сөз алған құдасы, белгілі журналист, жазушы Әділ Дүйсенбек өзінің жүрекжарды жылы лебізін жеткізді.
Мұнан соң, Ынтымақ ауылдық округі ардагерлер кеңесінің мүшесі Кеңес Нурдинов оның өнегелі өмір жолы туралы жиынға қатысқан барша қауымға ғибратты әңгімелер айтса, Рақыш ата ұрпақтарының атынан Байзақ және Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы Нілзия Рақышевалар сөз алып, әкесімен өткен күндерге шолу жасап, барша жиын қатысушыларына алғыс сезімін білдірді. Салтанатты шара барысында мектеп өнерпаздары өздерінің шағын концерттік бағдарламасын ұсынды.Балалардың кіршіксіз жүрегінен шыққан әндер қалың көпшілікті шаттыққа бөледі. Әсіресе,  Бексұлтан Ұласов әуелете салған әні, мектеп мұғалімі Ернар Баймамырдың мәнерлеп оқыған өлеңі, «Көгершін» би тобының мың бұралған биі көпшіліктің жүрегіне жол тапты.
Жиын соңында қонақасы таратылып, спорттық іс-шаралардың жеңімпаздары Рақыш ата ұрпақтары тағайындаған ақшалай және заттай сыйлықтармен марапатталды.  Қонақасында Рақыш ата туралы ақ тілегін білдірген ақсақалдар мен ардақты аналар аз болған жоқ. Бірақ, сайып келгенде бәрінің де сөзі бір арнада тоғысты. Бәрі де Рақыш Алғазыұлының адамгершілігі мен азаматтығы туралы ағынан жарыла сөз сөйледі.
Осылайша, Мәдімар ауылының халқы мен аудан жұртшылық өкілдері қарапайым еңбек адамы Рақыш Алғазыұлының 100 жылдық еске алу жиынын есте қаларлықтай тағлымды да ғибратты етіп атап өтті.

Обновлено 14.05.2015 11:44
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін255
mod_vvisit_counterКеше1558
mod_vvisit_counterОсы аптада5906
mod_vvisit_counterӨткен аптада10587
mod_vvisit_counterОсы айда1813
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2253482

Серіктестер