Онлайн газет



Сурет майданнан сыр шертеді

Әділхан Садуақасов,
Үлгілі ауылдық ардагерлер бастауыш ұйымының төрағасы.

Ұлы Отан соғысы тарихы туралы қаншама шығарма, мақалалар жазылып, кинофильмдер түсірілсе де, оның тарихына нүкте қою мүмкін емес. Соғыстың ізінде әлі де ашылмай жатқан ақиқаттар, оқырманға белгісіз сәттер қаншама?
Кеңес Одағы тарапынан бұл соғыс тәуелсіздігін қорғаған Ұлы Отан соғысына айналды. Бұл соғыс - өткен жиырмасыншы ғасырдағы ғана емес,  бүкіл адамзат тарихындағы алапат соғыс ретінде тарих бетінен орын алды.
Тарихи деректерге  жүгінер болсақ, 1939-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына 60-тан астам мемлекет, жер шары халқының 80 пайызы қатысқан. Соғыс қимылдары 40 мемлекет жерінде жүріп, 110 млн. адам әскерге тартылған, оның 55 млн. адамы қаза  тауып, қаншасы хабар –ошарсыз кеткен.
Олардың 27 миллион адамы Кеңестер Одағының азаматтары болды. Соғыста 1700-ден аса қала, 70 мың ауыл мен деревня, қаншама адам қолымен салынған зауыттар, фабрикалар т.б. материалды байлықтар қирады. Ұлы Отан соғысына 1,2 млн. қазақстандықтар қатысып, оның ішінде тек қазақ халқы 500 мың боздағынан айырылып, орны толмас жапа шекті. Фашизммен күреске Жамбыл облысынан 100 мыңға жуық азамат аттанып, майдан даласында қайсарлық көрсетіп, ержүректілік пен ерлік танытты.
Тек Жамбыл облысының өзінен Кеңес Одағының Батыры мен «Даңқ» орденінің толық кавалері атағын 18 адам алды. Олардың ішінде Кеңес Одағының Батыры, біздің Байзақ (бұрынғы Свердлов) ауданының  тумасы Ақәділ Суханбаев та бар екенін мақтан етеміз.
Ақәділ Суханбаев 1920 жылы 15 желтоқсанда Свердлов ауданының «Қарасу» ауылында туылып, 7 жылдық, соңынан Түймекент ауылындағы орта мектепті бітіріп, ауылында  комсомол ұйымын басқарған. Соғыстың алғашқы күнінен өз еркімен майданға аттанады. Ол 174-Борисовск атқыштар дивизиясының 628—Гродненск полкында қатардағы жауынгер ретінде Литва және Польша жерлерін азат ету шайқастарына қатысады. 1944 жылдың шілдесінде полк жауынгерлері басқа бөлімшелермен бірге шабуылдап, Гродно қаласын жаудан босатады. Бұдан әрмен полк Сувад бағытындағы  шайқастарға қатысып, шығыс Пруссия шекарасына шығады. 1944 жылдың 31 шілдесі күні Стжельцовизна селосы маңындағы шабуыл кезінде Ақәділ  қызмет еткен рота жаудың оқ боратқан пулеметіне тап болады. Шабуылдағы жауынгерлердің бір сәт беті қайтып қалады. Мұны көрген кіші командир Ақәділ Суханбаев пулеметінің үнін өшіру үшін оған жақындап барып гранатпен атқылай бастайды. Алайда, өзі екі қолынан бірдей жараланады. Ойланып тұруға уақыт жоқ, туған жердің киелі, ер бабалардың қасиеті мен әруағын бір сәт еске түсірген  антына берік батыр ұлан жүгірген күйде барып жау пулеметін кеудесімен жабады. Пулемет  үні өшкеннен кейін біздің әскерлер  қайта шабуылға шығады.
1945 жылы 24 наурызда СССР Жоғарғы Кеңес Президиумының Указымен қатардағы жауынгер Ақәділ Суханбаевқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Ақәділ  ағаның ерлігі туралы талай кітаптар, мақалалар жарық көрді. Тараз қаласында, аудан орталығында, туған ауылында батырдың есімін мәңгілік ету, ұрпақтарға үлгі ету үшін ескерткіштер орнатылған. Бұл іс-шаралардың, көрсетілген құрметтің барлығын газет оқырмандары жақсы біледі.
Дегенмен қолыма қалам алып, осы жолдарды жазуыма, сонау 70 жылдардың ортасында Қазақстан комсомолы туралы олардың Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерліктері жайында жазылған кітап кездейсоқ себеп болды. Өкінішке орай кітаптің мұқабасы, бірнеше парақтары жыртылып кеткен. Бірақ кітаптан оқырман біраз деректерге қанық болады.
Сондай деректердің бірі, мына фотосурет көзіме оттай басылып, ыстық көрінді. Фотосуретте «Боец – белорус М.Лобацевич принимает автомат Героя Советского Союза казаха А.Сухамбаева» деп, батырдың талай жаудың көзін жойған автоматын «жұғысты» болсын деп, сап түзеп тұрған әскерлер алдында командование басшылары салтанатты түрде белорус жігітіне аманат етіп, үлкен үмітпен тапсырып тұрған сәті  бейнеленген. Сурет бойыңды шымырлатып, мақтаныш сезімін тудырады. Бұл деген қазақтың қара домалақ баласы, хас батыр Ақәділ «қайсарлығын» сен  лайықты түрде жалғастыр – деп сенім білдіргендік емес пе? Қаруластарына, Ақәділ ерлігін үлгі етіп көрсетіп отырған жоқ па?
Еркіндікті бойына сіңіріп өскен, Отан үшін ерлік көрсетуге әрдайым дайын тұратын қазақ балаларын, аға ұрпақты біз мақтан тұтамыз, олардың өмірі бізге үлгі, өнеге.
Белгілі жазушы  Тұрсынхан Толқынбайұлының «Қазақстандық батырлар»  атты  кітабында  «Ақәділ  Суханбаев» атты  арнайы бөлімде «Қайталанған  емес, жасалған ерлік» атты  мақалада  батыр ерлігі былайша өрілген:«..Даңқты жерлесіміз, небәрі 24 жасында ерлік жасаған Ақәділ Суханбаев ағамызды А.Матросов ерлігін қайталаушы деп атауға аузымыз бармайды. Ол өз ерлігін 1944 жылдың 31 шілдесінде Польша жерінде, Стжельцовизна деревнясы үшін болған шайқаста мыңдаған жауынгерлердің көз алдында жасаған.ТМД Қарулы Күштері мұражайында сақтаулы Кеңес Одағы Батыры атағына ұсыну қағазында жазылғандай, атқыштар батальонының бөлімше командирі Ақәділ Суханбаев шешуші сәтте жауынгерлердің алға жылжуына кедергі жасап жатқан жау пулеметіне кеудесін тосып, оқ нөсерін тоқтатқан. Сол сәтте ерлігі мен есімі тұтас майданға демде таралып, ұран болып жауынгерлерді шабуылға көтерген. Кейін ұрыс тынғанда 31-ші армияның қолбасшысы, Кеңес Одағының Батыры, генерал-полковник Василий Васильевич Глаголевтің тапсырмасымен денесі қазылып алынып, Польшадан Литваның көрікті қаласына әкелініп үлкен әскери салт-жоралмен жерленген. Ұрыс қызу жүріп жатқан қауырт кезге қарамастан қазақ жауынгеріне осыншама құрмет көрсетілуі оның ерлігінің соғыс тарихында маңызды рөл атқарғандығын көрсетеді.
Беларусь астанасы Минскіде болған кезімізде қаладағы үлкен көшелердің бірі В.В.Глаголевтің есімімен аталатынын білдік. Осындағы Ұлы Отан соғысы мұражайында азат етуші жауынгерлер сапында А.Суханбаевтың да портреті ілулі тұр. Беларустар өз бөлімшесімен жау күшті бекінген Гродно қаласына бірінші болып кірген Ақәділ ағамыздың ерлігін ерекше қадірлейді. Қалада бір көше қазақтың батыр ұлының атымен аталады. Осы көшедегі кәсіптік-техникалық училищеге ескерткіш тақта орнатылған. Мектеп мұражайында арнайы мүйіс те бар.
Соғыстан кейін десант әскерлерінің қолбасшысы қызметінде жүріп, 1974 жылы қайғылы қазаға ұшыраған қолбасшы В.В.Глаголевтің есімі туған қаласы Калуга мен Мәскеудегі көшелерге де берілген. Ол өзі басқарған әскери құрамалардың ержүрек жауынгерінің есімі мен ерлігі қастерленуіне әрдайым қамқорлық жасап отырған. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 20 жылдық мерекесі қарсаңында сол кезгі Жамбыл, қазіргі Тараз қаласындағы көшелердің біріне А.Суханбаев есімі берілуіне генералдың тікелей ықпалы бар. Бұл туралы сол жылдары облыстық партия комитетінде жауапты қызмет атқарған ақын Жақсылық Сәтібековтың мақаласында ( "Генералдың тапсырмасы", "Еңбек туы" газеті, 23 наурыз, 1990 жыл) кезінде жарық көрген.
Ерлік жасағанына бір жарым ай уақыт өткенде, Кеңес Одағының Батыры атағы берілмей тұрып-ақ (Жарлық 1945 жылдың наурызында шықты) 1944 жылдың 20 қыркүйегінде еңбекшілер депутаттары Свердлов ( қазіргі - Байзақ) аудандық кеңесінің 74-ші санды шешімімен өзі оқыған орталау мектеп пен туып-өскен "Қарасу" ұжымшарына есімі берілген Ақәділ Суханбаевтың жеке қаруы Мәскеуге ТМД Қарулы Күштері мұражайына қойылған. Ерлігі туған елі Қазақстан ғана емес Ресейде, Белоруссияда, Литвада ерекше қадірленіп келеді. 2005 жылы Тараз қаласында ерлік жасап тұрған сәтін бейнелеген ескерткішінің ашылуы салтанатына Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев қатысып, сөз сөйлеген. Жыл сайын 31 шілдеде батыр ескерткішіне гүл қою рәсімі өтіп тұрады» делінген. Шындығында да батыр бабамыздың  қаһармандық ерлігі қазіргі ұрпақ бойына батырлықты, өшпес қайсарлықты ұялатындығы шындық.
Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында  ерлігі ұрпаққа ұран болған Ақәділ Суханбаев ағамызға деген құрмет ешуақытта толастамайтындығын сезінесің.  1974 жылы  батыр ерлігінің 30 жылдығы сол кездегі Одақ көлемінде тойланғаны, ол жерленген Литваның Друскининкай қаласына Жамбыл облысынан қазіргі  белгілі қоғам  қайраткері Арғынбай Бекбосын бастаған  құрамында  батырдың немере інісі Өмірәлі Биторсықов, аудандық газет журналисі Қабылбек Құлаисов, кірпіш зауытының партком хатшысы Валентина Романенко бар делегация барып қайтқан болса, еліміз егемендік алғаннан соң 2000 жылы А.Суханбаевтың   туғанына 80 жылдығына орай  сол кездегі  Байзақ аудандық әкімдігі тіл басқармасының бастығы болған Кәдірбек Садубаев басқарған Тараз мемлекеттік университетінің доценті Болат Үсенбаев, облыстық ішкі істер басқармасы арнаулы бөлімшесінің командирі Бақыт Ратаев және облысқа танымал   журналист Тұрсынхан Толқынбаев  бар делегация батыр  жатқан жерлерде, Мәскеу, Белоруссия және Литвада болғанын  қалың оқырман жақсы біледі.
«Ер елі үшін туады» дегендей, жер бетінде   қазақ халқы тұрған кезде батыр бабамыз-Ақәділ Суханбаевтың ерлігі мәңгі бақи жасай береді.

Обновлено 13.05.2015 12:18
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін654
mod_vvisit_counterКеше1583
mod_vvisit_counterОсы аптада654
mod_vvisit_counterӨткен аптада11794
mod_vvisit_counterОсы айда7166
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2258835

Серіктестер