Онлайн газет



ОН СЕГІЗІНДЕ ОТ КЕШКЕН

Қанатбек Өсербайұлы,
құрылыс серіктестігінің директоры.

Ағымдағы жылы Кеңес әскерлерінің қанқұйлы неміс фашистерін тас-талқан етіп жеңгендеріне жетпіс жыл толады. Алпыстан астам мемлекет қатысып, елу миллион адамның өмірін жалмаған сол сұрапыл соғыстан елге аман-есен оралғандардың қатары да күн санап азайып барады. Тарих жылнамасына тайға таңба басқандай қара әріптермен жазылған 1418 күн мен түнді бүгінде көзі тірі қарт майдангерлер күрсіне еске алады. Жастық шақтары от-жалынға оранған ол күндерге лағнет айтады. Он сегіз жасында осынау қасіретті қырғынға қатысып, қарша бораған оқ пен оттың ортасынан аман оралғандардың бірі – Егембердиев Өсербай қария.
Әрбір отбасына үлкен залалын тигізген сұрапыл соғыста Ақжар ауылының Егембердиевтер  әулетінің екі бірдей азаматы майданға аттанады. Үйдің үлкені Өсер 1942 жылы  майданға аттанып, сол жылы соғыста қаза болса, екінші ұлы, яғни Өсербай 1943 жылы небәрі он сегіз жасында қолына қару алып, соғысқа аттанды.
Ол бірінші Белорусь майданының қарамағында алдыңғы қатарда әртүрлі қалаларды  неміс басқыншыларынан  азат етуге қатысты. Майданда «Максим» пулеметін жақсы меңгеріп, пулеметші болды. 1944 жылы неміс басқыншыларын өкшелей қуып, Польшаны азат етуге  қатысып, Одер, Висла өзендерінен өтіп, көптеген  деревняларды, қалаларды жаудан тазартады. Кезекті үлкен бір деревняны азат етуде бір ротадағы 63 жауынгер мен командирі қоршауда қалады. Сол қоршауда  сегіз күн жан беріп, жан алысып  соғысады. Азық -түлік, оқ-дәрі таусылады, қоршауды бұзуға әрекет жасайды. Қоршауды бұзар алдында командирлері жарты сағат  тынығып алуға рұқсат береді. Қоршауды бұза жүріп, соғысқан 63 жауынгерден 11 жауынгер ғана аман шығады. Соның бірі, Егембердиев Өсербай атамыз болатын.
«Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» дегендей, шабуылға шыққан неміс басқыншыларына тойтарыс беру кезінде дәл жандарынан жарылған жау снарядының жарықшағы екі бірдей аяғын тобық тұсынан  пәрше-пәршесін шығарады. Жанындағы көмекшісі Сергей сол мезетте тіл тартпай көз жұмады. Далалық санчастта есін жиған оған дәрігерлер екі аяғын кесеміз деп шешім қабылдайды. Дәрігерлердің шешіміне қарсы болған атамыз екі аяғын кестірмейді. Содан соң Рязянь қаласындағы үлкен госпитальға  ауыстырылады.  Госпитальдағы  білікті дәрігерлер  қайта-қайта ота жасай отырып, аяқтарын құрастырып, қалпына келтіреді. Сонымен госпитальда 1 жыл 6 ай емделіп, екінші топтағы Ұлы Отан соғысының мүгедегі болып елге оралады. Өздігімен жүре алмаған соң ол 1946 жылы екі медбикенің носилкамен (Госпитальдағы суреті. Рязань қаласы. 1945 жыл) тасымалдауымен пойызбен елге жеткізіледі. Бір жылдан соң ғана балдақтың көмегімен ақырын-ақырын жүре бастайды. Екі аяғының кемдігіне қарамастан елден қалмай еңбекке араласады. Көп жыл аудандық тұтынушылар қоғамында зейнетке шыққанша қызмет атқарады. Құдай қосқан қосағы Зүлия апамыз екеуі төрт ұл, алты қыз өсіріп,  ұлын ұяға, қызын қияға қондырады.
Шындықты, әділеттікті, турашыл қасиеттерді өміріне ту етіп, қайтпас қайсар мінезімен туған еліне көмегін аямаған атамыздың кеудесінде ордендер мен бейбіт өмірде алған басқа да медальдар жарқырайтын.
Атап айтқанда, ІІ, ІІІ дәрежелі «Даңқ», «Жеңіс» ордендері мен Бірінші Белорус майданының қолбасшысы, генерал Жуковтың Мақтау қағаздары, тағы да басқа медальдары бар.
Соғыста қаза болған  жалғыз ағасы Өсердің қай жерде жерленгенін тауып, бір уыс топырақ салуды армандап жүріп, 1998 жылы ақпанда, 73 жасқа қараған шағында, Ұлы Отан соғысының ардагері Егембердиев Өсербай ақсақал дүниеден озды. Міне, бүгінгі таңда Ұлы Жеңістің  70 жылдығы мерекесі қарсаңында оның ұрпақтары Өсербай ақсақалдың арманың жүзеге асыру жолында іздестіру жұмыстарын жалғастыруда.
Әрине, уақыттың тоздырмайтыны жоқ. Алайда, тарихи мәні зор Жеңіс мерекесі ұмытылмақ емес. Олай болса, Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күні, сол сұрапылда ерлік көрсеткен ерлер есімі мәңгілік аталып өтілуі, жылма-жыл естеліктермен жаңартылып отырылуы кейінгі ұрпаққа парыз.
Естелік күнделіктерінен алынған.

Обновлено 12.05.2015 19:34
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін669
mod_vvisit_counterКеше1583
mod_vvisit_counterОсы аптада669
mod_vvisit_counterӨткен аптада11794
mod_vvisit_counterОсы айда7181
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2258850

Серіктестер