Онлайн газет



Ардагерлерге құрмет көрсетілуде


1418 күнге созылған сұрапыл соғыста ерліктің ерен үлгісін көрсеткен  ардагерлердің бірі, запастағы полковник  Сауытбек Рыспаев  мамырдың 1-і күні 90 жасқа толды.   Өмірі өнегеге толы Сауытбек  қарияны мерейтойымен Байзақ ауданы қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы, подполковник Қ.Бошай  бастаған бір топ қызметкерлер құттықтап,   сый-сияпаттарын  табыстады.
Майдангер  майдан даласынан сыр шертіп, Ұлы Жеңістің  маңызына тоқталды. Еліміздің түкпір-түкпірінде ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне  жасалып жатқан қамқорлықтарына ризашылығын білдіріп, батасын берді.

*                           *                              *
Ұлы Жеңіс күні – көпұлтты Қазақстанның бүкілхалықтық мерекесі. Халқымыздың бостандығы мен тәуелсіздігі, болашақ ұрпақтарының бақыты үшін майдан даласында аянбай күрескен, бүгінде ортамызда жүрген 11 соғыс ардагерлері  Орахат Бегілдаев, Үсен Тағаев,  Базарбай Қалдыбаев, Иван Григорьевич Дужинский,  Манапбек Қадыров,  Сауытбек Рыспаев,  Рахымжан Мамыралиев, Мәдібек Мақұлбеков,  Бахы Рустанбеков, Иманқұл Жақсығұлов,  Өнербай Молдабаев және тылда еңбек еткен Мамық Жанқожаева,  Айнаш Құрманбекова, Райхан Шомаева секілді аналарымызды Ұлы Жеңістің 70 жылдығымен Жамбыл облысының кәсіпкерлер палатасының Байзақ ауданындағы филиалының директоры Д.Нұралиев  өзі басшылық ететін ұжым атынан құттықтап, азық-түлік өнімдері салынған  себетті  табыс етті.
Өз кезегінде  соғыс ардагерлері мен тылда еңбек еткен ақ жаулықты аналар  алғыстарын айтып, батасын берді.

*                            *                             *
Еліміздің түкпір-түкпірінде Ұлы Жеңістің 70 жылдығы  қарсаңында  соғыс ардагерлерімен қатар тыл еңбеккерлерін ардақтау  өріс алған.   Жақында аудандық мұрағаттың директоры Мәрзия Еркебұланова бастаған бір  топ қызметкерлер  Қызыл жұлдыз ауылында тұратын Еңбек Ері Мәрзия Ибрагимованың отбасында болып,  ардақты ананы  Жеңістің 70 жылдығымен құттықтап, сыйлықтарын табыс етті.
Тәтті түбір өсірудің  хас шебері атанған Мәрзия апай өз  әңгімесінде  Ұлы Жеңістің тарихи  маңыздылығы, оған қол жеткізу жолында аянбаған ардагерлердің ерлігі  мен тыл еңбеккерлерінің еңбегіне тоқталды. Сондай-ақ Мәрзия апай 1947 жылы әр гектардан 800 центнерден астам өнім жинағандығын, бүгінде адал еңбектің  зейнетін көріп отырғандығын тілге  тиек ете отырып, бастан кешкен қиын-қыстау кездерін, соғыс жылдарын, соғыстан кейінгі еңбекті еске алып, бүгінгі бейбіт өмірдің бағасын қастерлеудің маңызын сөз етті.
Жастық жылдарын еңбек даласында өткізген  даңқты қызылшашы Мәрзия апай  бүгінде 97 жастың шыңына  бет алған.  Өзін тың әрі сергек сезінетін асыл ана өзін құрметтеп келгендерге алғысын білдіріп, аналық ақ батасын берді.
*                             *                            *
Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – ұран. Ол күндердің даңқы ешқашан да өшпейді. Кешегі ел басына күн туған шақта от-жалын кешіп, Отанды қорғаған майдангерлер қатары жыл сайын сиреп келеді. Осыны сезініп, арамызда жүрген соғыс және тыл ардагерлерін  ардақтау мақсатында “Ерекше тәуекелді солдаттар” Жеңіс қаһарманы” қоғамдық бірлестігінің аудандық филиалының төрағасы Н.Псибаев және төрағаның орынбасарлары Н.Нұртаев және А.Бесбаевтар  ақжарлық соғыс ардагері Бахы Рустанбековтің  жанұясында болып, қарт майдангерді Ұлы Жеңістің 70 жылдығымен құттықтап,  құрметін көрсетті.
Қарт сарбаз өзінің майдан  жолынан сыр шертіп,  өзі секілді   ардагерлер мен тыл еңбеккерлерін  ардақтап жатқан  Елбасы, облыс, аудан басшыларымен қатар қоғамдық бірлестіктің мүшелеріне алғысын айтты.
*                              *                            *
Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске  майдангерлермен қатар тыл еңбеккерлері де айрықша үлес қосты.  Майдан даласында сұрапыл ұрыстарда ер-азаматтар ерліктің сан үлгісін көрсетсе, тылда қалғандар “Бәрі де майдан үшін”, “Бәрі де Жеңіс үшін” деген ұранмен  еңбек етті.  Тылдағы еңбектің барлығы сол кездегі майданға аттанған ерлерді алмастырған халық шаруашылығы еңбеккерлерінің 80 пайызын құраған әйелдер, қариялар, және балалар күшімен жасалды.  Жалпы тыл еңбеккерлерінің  Жеңіске қосқан үлесі  аз емес.  Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай аудандық әділет басқармасының бас маманы  А.Тасқанбаева,  тіркеуші инспектор Е.Төлебаев және Ә. Мамытқұловтар аудан орталығында тұратын тыл ардагері  Шахмамед Ашыраповтың отбасында болып, мерейлі мерекемен құттықтап, сыйлықтарын табыстады.
Бүгінде немере-шөбере тәрбиелеп отырған  тыл ардагері  келгендерге  ризашылығын білдірді.

Өз тілшіміз.

Обновлено 12.05.2015 19:33
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін992
mod_vvisit_counterКеше1583
mod_vvisit_counterОсы аптада992
mod_vvisit_counterӨткен аптада11794
mod_vvisit_counterОсы айда7504
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2259173

Серіктестер