Онлайн газет



АРДАГЕР АРТЫНДАҒЫ ӨШПЕС ІЗ

Өзінің туып-өскен ауылының қадірлі қариясы болған Серікбай Құмғанбаевтың ғұмыры өнегеге толы.
Ол 1906 жылы қазіргі Дихан-2 ауылында дүниеге келген. Кеңес үкіметі уағында орта мектепті бітірген соң, Жамбыл есеп-санақ техникумына оқуға түседі. Ал, неміс - фашистері Отанымызға шабуыл жасаған 1941 жылы 36 жасар Серікбай қатарластары секілді Отанын қорғауға соғысқа аттанады.
Сөйтіп 1942 жылдың наурыз айынан 1944 жылдың шілде айына дейін жаяу әскердің қатарында кескілескен қырғын соғыстың бел ортасында жүріп, Тамбов, Курск, тағы басқа көптеген қалалар мен ауылдарды жаудан тазартуға қатысты. Бірнеше рет ауыр жараланып, госпитальға жатып емделіп, қайтадан соғысқа аттанған. Сол қолына оқ тиіп жараланып, елге мүгедек болып келген ол «Ерлігі үшін», тағы басқа толып жатқан медальдармен марапатталады.
Отанға оралған жігіт ағасы қарап жатпай, күйзелген шаруашылықты қалпына келтіру жұмыстарына араласады.
«Ол кезеңдерде елдің жағдайы мәз емес-тін.  Политотдел селолық кеңестің қарамағына үш колхоз - Политотдел, Вонцетти, Үлгілі қарайтын. Соғыстың қызу жүріп жатқан кезі. Осы шаруашылықтардың адамдарын жұмысқа жұмылдырып, астықты, етті, сүтті, жүнді, қант қызылшасын мол  өндірдік. Өндірілген өнімнің барлығын майданға жібердік. Колхозшыларға бір түйір дән, не басқадай зат берілмейтін. Бір келі астық ұрласаң сотталасың, заң күшті, талап мықты» - деп айтып отырушы еді жарықтық.
Мұнан кейінгі жылдары Киров атындағы колхозда товарлы қой фермасының меңгерушісі болып істегенде де Серікбай Құмғанбаев өз қызметін абыроймен атқарды.
Ол басқарған қой фермасының ұжымы әр жыл сайын жоспарды айтпағанның өзінде, алған міндеттемені асыра орындайтын. Ол туралы кезінде талай рет баспасөзде де жарияланған.
Ағамыз зейнетке шыққаннан кейін де халыққа қызмет етуді тоқтатқан жоқ. Өзінің туып өскен мекенінде пошта қызметін істеп, сонымен бірге ауыл қариясы ретінде ауылдағы жанұяларда шешімін таппаған мәселелерді шешуге, жастарға тәрбиелік төрелік айтып, оларды тәртіпке шақыру шараларына белсенді араласатын. Ауыл тұрғындары ол кісіні әділ шешімі үшін құрметтейтін.
Ұлы Отан соғысына Серікбай Құмғанбаев ағасы Өскенбаймен бірге шақырылады. Алайда ағасы сұм майданнан сол күйі  оралған жоқ. Міне, сондықтанда інісі Серікбай одан қалған жалғыз бала Тәліпбайды өз балаларындай баптап- өсіріп, оқытты. Отау құруына ықпал етті.
Ал, өз кіндігінен тараған 2 ұл, бір қызы, яғни Жұманғали Құмғанбаев қазіргі күні аудандық қаржы бөлімінің басшысы. Жұбайы Анар екеуінен 3 ұл, 1 қыз, екінші ұрпағы Жұмалбек, Қалдыкүлден 3 бала,  қызы Лескүл Мәдіден 5 бала, барлығы Серікбай ақсақалдың 12 немересі, бірнеше шөбересі тамырын тереңге жая жайқала өсіп-өнуде.
Серікбай қария 1988 жылы, жолдасы Бибігүл 1991 жылы дүние салды. Өздері өмірден өтсе де, олардың өнегелі ғұмыры кейінгі жастарға үлгі болып келеді.

Өз тілшіміз.

Обновлено 12.05.2015 18:56
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін641
mod_vvisit_counterКеше1583
mod_vvisit_counterОсы аптада641
mod_vvisit_counterӨткен аптада11794
mod_vvisit_counterОсы айда7153
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2258822

Серіктестер