Онлайн газет



ҒИБРАТТЫ ҒҰМЫР КЕШКЕН МАЙДАНГЕР

М.Манекеев,
«Ауыл жаңалығы».

Бүкіл жер жаhанды дүрліктерген сұрапыл соғыстың біткеніне де міне 70-жылдың жүзі болды. Ұлы Отан соғысында қанқұйлы жаумен шайқасқандардың қатарында Әбен Сұлтанбеков те болатын.
Кешегі соғысқа қатысқан көкөрім бала, көгенкөз жас бүгінде, сақал-шашы ағарған қартқа айналды. Сол сұрапылдың көзі тірі куәгерлері бүгінде біртіндеп, өмірдің көш керуенін артқа тастап азайып барады. Амал қанша, өмірдің заңдылығы осы. Тіршілікте бір күндік бейбіт өмірдің қадірін біліп, ұрпақтарына бейбіт өмірді аманат етіп, Ұлы Жеңіс мерекесіне жетпей қаншама ардагерлер өмірден өтіп жатыр...
Батыр атанып, омырауына алтын жұлдыз қадап, атақ-даңқы шықпаса да, сол жандардың әрбірінің төккен қаны, көрген бейнеті, шеккен азабы үшін де, тіпті, жаңбырдай жауған оқтың астынан аман-есен оралғаны үшін де батыр деп атасақ артық етпес деген ойға келесің...
Міне, сондай қарапайым жауынгер болған ардақты майдангер, елге сыйлы ақсақалдардың бірі, саналы өмірінде білім саласын өркендетуге атсалысқан, жауынгер-ұстаз, мектеп директоры болып,  көп жылдар бойы жемісті еңбек етіп, өмірден өткен Әбен Сұлтанбеков еді. Бүгінгі мақаламызда сол атамызды еске алсақ кейінгі ұрпаққа өнеге болары сөзсіз.
Әбен Сұлтанбеков 1922 жылы ақпан айында дүниеге келген. Дихан ауылында алғаш рет мектеп есігін ашты. Оқи жүріп,1932 жылғы ашаршылықты бастан кешірді, балалар үйінде тәрбиеленді. 1937 жылғы қуғын-сүргіннің зардабын өз көзімен көрді. Ел енді есін жинап, еңбекке араласып, халық шаруашылығын дұрыс жолға қойып, жастар оқу іздеп, білім алуға бет бұра бастағанда, 1941 жылғы 22-ші маусым күні фашистік Германия тұтқиылдан соғыс ашты.
Әбен атамыз да алғашқылардың бірі болып, Совет Армиясының қатарына алынды. Екі ай әскери дайындықтан өткен соң соғысқа аттанды. Соғыс жолын Харьковты азат етуден бастады. Осы бір ұрыста жасаған ерлігі үшін «За отвагу» медалімен марапатталды. Кезекті осындай бір ұрыста иығынан жараланып, дала госпиталында, содан кейін Саратов облысындағы госпитальда  емделіп, қайтадан ұрыс майданына жіберіледі.
1943 жылғы Сталинград майданына қатысып, әйгілі генерал  Фельдмаршал Паулюсты қолға түсіру кезінде ауыр жараланып, ұрыс даласында ес-түссіз жатқан жауынгерді, біздің әскерлер тауып алып, госпитальге жібереді. Сонымен Ә.Сұлтанбеков 1944 жылы соғысты аяқтап, ІІ топтағы мүгедек болып елге оралады.
Соғыстан алған ауыр жарақаты толық жазыла қоймаса да жауынгер атамыз өзі сұранып, ауыл шаруашылық жұмысына белсене араласады, комсомол комитетінің сектор меңгерушісі, кейіннен бастауыш партия комитетінің хатшысы қызметіне  жоғарылатылады. Колхоздарды ірілендіру науқанына араласқан жас коммунист  1953 жылы Шымкенттегі мұғалімдер институтының тарих факультетіне оқуға түсіп, оны толық аяқтап шығады. 1955 жылдан бастап, Әбен ақсақалдың педагогикалық өмір жолы басталады.
Сұлтанбеков Әбен зейнетке шыққанға дейін ауданымыздың бірнеше орта мектебінде басшы қызметтерде жемісті еңбек етсе, соның ішінде, өз ауылында В.И.Ленин атындағы орта мектебінде 40 жылдан астам мектеп директоры болып жұмыс атқарды.
Ардақты атамыз бала тәрбиесіндегі жемісті еңбегі үшін  мемлекеттік наградаларға ие болды. Қазақстан халық ағарту ісінің және КСРО халық ағарту ісінің үздігі, Дихан ауылдық округі бойынша соғыс  және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы, Байзақ ауданының Құрметті азаматы атанды.
Әбен Сұлтанбеков «За отвагу» 16 жауынгерлік медальімен, І, ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысының ордені және республикалық соғыс және еңбек ардагерлер Кеңесінің Құрмет грамотасының иегері, сонымен бірге, аудан және облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Ол жұбайы Тұрғанкүл екеуі Зубайда, Айдос, Бақытжан, Майра, Дулат атты ұл-қыздарын тәрбиелеп, өсірді. Бүгінде түрлі салаларда жемісті еңбек етіп жүрген перзенттерінен 19 немере, 34 шөбере, 2 шөпшек өркен жаюда.
Ұлы Отан соғысы ардагерінің  өмірі бізге үлкен үлгі болмақ, қазіргі жарқын болашағымызбен оларға қарыздармыз...

Обновлено 12.05.2015 18:52
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін814
mod_vvisit_counterКеше1583
mod_vvisit_counterОсы аптада814
mod_vvisit_counterӨткен аптада11794
mod_vvisit_counterОсы айда7326
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2258995

Серіктестер