Онлайн газет



Намысты биік ұстаған Ер еді

Дәметкүл Әсембаева,
зейнеткер.
Сарыкемер ауылы.

«…Жалпақ жұртыңды құрметтеу, алдымен, өзің тұрған өлкенің тарихын танудан, адамдарын ардақтаудан басталады»- деп Елбасымыз айтқандай,  туған жеріне өлшеусіз еңбек сіңірген, Ұлы Отан соғысында от пен оққа кеудесін тосқан соғыс ардагерлерінің бірі-Көделбай Бөгенбаев бүгінде арамызда болмаса да оның артында қалған өнегелі өмірін жас ұрпаққа тәрбиелеу өте маңызды.
1922 жылы Жамбыл ауданының Пионер ауылында  шаруа отбасында  дүниеге келген  Көделбай  алдымен Жамбыл қаласындағы мектепті үздік тамамдап,  Алматы қаласындағы Абай атындағы педагогикалық институтының математика факультетіне оқуға түседі. Жігерлі де білімге құштар  жас, топ ішінен көзге түсіп, жастардың жетекшісі болып сайланады.
Ұлы Отан соғысы басталған кезде 19 жастағы бозбала майданға өзі сұранып  барады. 1941 жыл қыркүйекте Алматыдағы жаяу әскер училищесінде оқып, майданға аттанады. Осы жылы Горький қаласындағы жасақталған барлау бригадасының құрамында болып, 1941 жылы 25 маусымда Мәскеу түбіне түседі. Көдекең 1-ші армияның құрамындағы 35-атқыштар бригасында барлаушы бола жүріп, 1941 жылдың 25 қарашасы мен 1942 жылдың 16 қаңтар аралығында талай “тіл” жеткізіп, өз әскерін алға жылжуға атсалысқан жаужүрек ер.
Жау тылына талай шығып, құнды деректер  әкелген ол 1943 жылы “тіл” алып келе жатқанда минаға түсіп, ауыр жарақат  алып, бір қол, бір аяқтан айырылып, туған  жерге оралады. Сұрапыл соғысқа көрсеткен ерліктері үшін Көделбай Бөгенбаев екінші дәрежелі “Отан соғысы” орденімен, “Германияны жеңгені үшін”  және басқа да көптеген медальдармен марапатталған.
1943 жылдан бастап зейнетке шыққанша, Жалғызтөбе ауылдық округіне қарасты Жамбыл  атындағы орта мектепте математикадан  дәріс берді. Теңдеулерге жан бітірген аудандағы ең бір “мықты математик” атанған ұстаздың  шәкірттері бүгінде елімізге ғана емес, шетелдерге де  кеңінен танымал.  О.Балабеков, Н.Жарошуев, Д.Абделиев, М. Тлебаев, А. Абдуалиев, Ә.Есенқұлов секілді академиктер, ақын Ж.Сәтібеков, даңқты спортшы Ж.Үшкемпіров пен Д.Тамбиев,  белгілі  ғалымдар Д.Охашев, Айғасқанов, Ш.Қошқарбаева,  облыс аудандарында жауапты қызмет атқарған Н.Рақышевалар  ардақты ағаның шәкірттері.
Қарт майдангер, соғыстан кейінгі саналы ғұмырының  45 жылын бала тәрбиесіне арнады. Көп жылғы еңбегі үшін  “Қазақ ССР халық ағарту ісінің үздігі” белгісімен, “Ерен еңбегі үшін”, “Еңбек ардагері” медальдарымен, аудандық облыстық, республикалық дәрежедегі Мақтау қағаздары оның еңбегінің жемісі іспетті. Қанды майданның бел ортасында болып,  Жеңіске өзіндік үлес қосқан Көделбай қария соғыс туралы көп айта бермейтін.  Соғыс зардабын, қатал майдан жолдарынан сыр шертіп, мақтанғанын көрген емеспіз.  Мінезі тік,  шындықты айтқанды жаны сүйетін,   адам деген атты биік ұстап 75 жасында өмірден өтті. Халқына адал қызмет атқарған, жүрген жерінде жақсы із қалдырған  биік тұлғалы  азамат Көделбай  зайыбы Түйімхан екеуі тоғыз бала тәрбиелеп, немере, шөберенің қызығын көрді.
Майданда да, бейбіт өмірде де  ар-намысын биік ұстап өткен ерді  Ұлы Жеңістің 70 жылдығында еске алудың маңызы зор деп білдік.

Обновлено 12.05.2015 18:51
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1004
mod_vvisit_counterКеше1583
mod_vvisit_counterОсы аптада1004
mod_vvisit_counterӨткен аптада11794
mod_vvisit_counterОсы айда7516
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2259185

Серіктестер