Онлайн газет



Жеңісті жақындатқандар

Ұлы Отан соғысындағы халқымыздың Ұлы Жеңісін биыл 70-ші рет мерекелеп отырмыз. Биік таулардың алыстаған сайын асқақтай беретіні сияқты, Жеңіс күні бізден неғұрлым алыстап, тарих қойнауына енген сайын оның мән-мағынасы артып келеді.
Ұлы Отан соғысы халқымызға төнген ең ауыр күндер болды. Төрт жыл, 1418 күн мен түн бойы өз жері мен Отаны үшін, келешек ұрпақтың бақыты үшін қолына қару алып, майданға аттанған ерлердің бірі-Жаңбырбай Өміралиев еді.
1910 жылы ауданымызға қарасты  Жаңатұрмыс  ауылында туған ол жастайынан білімге құштар болады. Етінің тірілігінің арқасында білім алып, ауыл  жастарының басын біріктіріп, арналы  істерге жұмылдыра білген ол  1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталған кезде майданға сұранып барады.  Сталинград түбінде қиян-кескі шайқасқа қатысып, ауыр жараланады. Омск, Томск қалаларында госпитальда емделе салысымен  майдан даласына қайта  жіберіледі. Пулеметші болып, талай жауды жер жастандырған ол туған жерге 1946 жылы   оралады. 
Соғыстан кейінгі шаруашылықты қалпына келтіру жолында күн, түн демей еңбек  етіп,  егіс бригадирі, кейіннен су мұрабы міндетін ұзақ жылдар бойы атқарған-ды.  Еңбек  майданында шыңдалған Жаңбырбай ағамыз 1967-1968 жылдары Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктер көрмесіне екі рет қатысып, «Еңбек  Қызыл Ту »  орденімен марапатталды. Ұлы Отан соғысының 10,20,30,40 жылдық, СССР-дің 60 жылдық медальдарымен, сондай-ақ, бірнеше Құрмет грамотасымен,  “Еңбек ардагері” медалімен наградталған  Жаңбырбай Өміралиев облыстық кеңестің депутаты болып сайланған.
Ерлік ешқашан ұмытылмайды. Ердің еңбегін қастерлеген ауылдастары Жаңатұрмыс ауылындағы орталық көшені Жаңбырбай Өміралиев есімімен атап, оның әруағына құрмет көрсетті.
Соғыс ардагерінің зайыбы Жұмакүл де тылда  аянбай тер төгіп, Жеңісті жақындатуға үлес қосқандардың бірі. 1938 жылы Шымкент қаласындағы ауылдық кеңес қызметкерлерін дайындайтын бір жылдық арнаулы курсты бітіреді. 1941 жылы  колхозшылар оны  бірауыздан колхозға бастық етіп сайлап алады. Ауыл әйелдерінің ішінен шыққан  өте сауатты,  оқыған Жұмакүл 1943 жылы  Жаңатұрмыс ауылдық кеңесінің бірінші төрайымы болып тағайындалады. Соғыстың алғашқы екі жылында ауылда қалған балалар мен әйелдер, қарттарды  «Бәрі де майдан үшін» - деген ұранмен еңбек етуге жұмылдыра білген ол  соғыс жылдары елін жаудан қорғаудан қашып жүрген қашқындарды құрықтау тобындағы бес адамнан құрылған шағын топтың құрамында болған жалғыз әйел ретінде тарихта қалды. Көзсіз ерлігі үшін Жұмакүл  ана  арнайы медальмен наградталған. 1954 жылдан колхоз партия ұйымының хатшысы, кейіннен ферма меңгерушісі міндеттерін  жемісті атқарған ол Қазақ СССР Советінің депутаты болып сайланған да.
Ең қызығы, соғыс жылдарында  Жұмакүл апаның бастамашылдығымен жаңатұрмыстықтар Мәншүк Мәметова атындағы танк жасауға 25000 сом қаражат жинап, генерал полковник Рыбалконың әскеріне жіберуін сұранып майданға хат жіберген. 1945 жылы 19 қаңтарда майданнан генерал майор Липолневтің атынан шаруашылық басшыларына олар жіберген қаражаттың жауға оқ болып атылғаны туралы хабар келген.
“Еңбек ардагері” және басқа да  медальдармен  сондай-ақ , Құрмет грамотасымен, бірнеше Алғыс хатпен  марапатталған Жұмакүл  Өміралиева зейнетке шыққаннан кейін де қоғамдық жұмыстардың көшбасында жүрді. Бірнеше жыл бойы халық қалаулысы болған абыз ана 1999 жылы өмірден қайтқанымен ел есінде нағыз еңбектің майталманы ретінде  қалған еді.
От кешіп, қан жұтқан сол бір жылдар барған сайын алыстап барады. Майдан мен тылдың аты аңызға айналған ерлері арамызда  болмағанымен олар жасаған Ұлы ерлікті ешуақытта тот баспайтындығын уақыттың өзі көрсетіп отыр.
Жылдар жылжып өтуде. Ұрпақ алмасуда. Алайда соғыс және еңбек ардагерлері  Жаңбырбай ақсақал мен Жұмакүл апа өмірден өтсе де олардың  туған ауылын көркейту жолындағы еңбектері ешуақытта ұмытылмайды. Ауылдастарының құрметіне бөленген ардақты қос қарияның ұрпақтары өсіп, өнуде. Ұлы Нұрбай, келіні Бақыт, немересі Нұржан, келіні Гүлбану бүгінде жас өскіндердің бойына білім нәрін сеуіп жүр. Осылайша   асыл жандардың   екінші өмірі жалғасын табуда.

Өз тілшіміз.

Обновлено 08.05.2015 10:58
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін69
mod_vvisit_counterКеше2058
mod_vvisit_counterОсы аптада4162
mod_vvisit_counterӨткен аптада10587
mod_vvisit_counterОсы айда69
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2251738

Серіктестер