Онлайн газет



Үш майданның ардагері полковник Сауытбек Рыспаевтың өмірі өнегеге толы

С.Алимкулов,
Байзақ АІІБ-нің еңбек ардагері.

Совет жазушысы И.Эренбургтың 1942 жылы жазған «Қазақтар» деген мақаласында: «Бір фриц маған: «Біз жойқын күші бар қаһарман солдаттармен беттестік, оларды алған бетінен тіпті ешқандай оқ та, өрт те тоқтата алмады. Олар тура бізге қарай дауылдай дүркіреп жүгіріп келе жатты. Мен бұлардың қазақ деген халық екенін естідім. Бұрын мұндай халық бар екенін естімеп едім...» деген сөздерінен қазақ халқының перзенттерінің қаһармандық бейнесін көруге болады.
От кешіп, қан жұтқан сол бір жылдар барған сайын бізден алыстауда. Майдан мен тылдың аты аңызға айналған ерлердің бірі-сарыкемерлік Сауытбек Рыспаев.
Кешегі жастық шағын Отан соғысының майданына берген, бүгінде қартайғанымен қажыры қайтпай, қоғам өмірінен кенже қалмай, әлем тынысын, қоғам ахуалын тамыршыдай тап басатын, ақылы дариядай көнекөз қария атанған Сауытбек Рыспаевтың балалық шағы 1932 жылы ашаршылық, одан қала берді 1937 жылғы саяси қуғын-сүргін кезеңіне тап келген-ді. 
1925 жылы 1 мамыр күні дүниенің есігін ашқан Сауытбек Рыспаев жоқшылықтың зардабын көрудей-ақ көрді. Соған қарамастан ер мінез-ауыл баласы ертерек есейіп, мектепке де барды, әке-шешесіне жәрдемдесіп, масақ терді, отбасына жәрдем етті. Тегістік ауылындағы мектептің 7 сыныбын бітіреді. 17 жастағы бозбала ауылда қалған кәрі шал-кемпір,  әйелдермен арба айдап, қызылша тасыды. Келесі жылы әскер қатарына шақырылып, сол кездегі Свердлов ауданы Михайловка ауылында әскери дайындықтан өтті. Бір айдан  соң  Жамбыл қаласының әскери комиссариатында әскери даярлыққа алынды. Сөйтіп, 1941 жылдың қарашасында көптің бірі болып, эшалонға отырып, майданға аттанды.
-Апталап жол жүрдік. Эшалонды неміс авиациясы бомбалап, әзер дегенде Липецк қаласына жеттік,- дейді майдангер өткен күндерді еске алып.-Сол жерде взвод-взвод болып бөлініп, алғаш рет соғысқа кірдік.  Ржев қаласына да жетіп, кескілескен ұрыста  немістердің бетін қайтардық. Ржев, Липецк қалаларын жаудан тазарту ұрыстарына қатысқан Сауытбек аға Орлов-Курск доғасындағы шайқастың бел ортасында болғандардың бірі.Тарихта үлкен орын алатын осы айқаста жау әскерін жеңіп шығуға үлес қосты. Одан кейін Ровно, Киев,  Львов, Кенигсберг қалаларын азат ету жолындағы айқастардың ішінде болған ол  №157, 175, 505, 627 және 10 механикаландырылған полктың құрамында соғысқан.
-Соғыстың аты соғыс қой. Кей кездерде окоптан бас көтере алмаймыз, сәл көтерілсек жау оғы қағып түсіреді. Барлаушылар егжей-тегжейлі біліп, жоспар құрғаннан кейін ғана шабуылға шығамыз. 250-300 солдат уралап алға ұмытылып, жауды талқандап, келгенде 20-30 адам ғана тірі келеді. Келесі күні қайтадан қатарды толықтырып, ұрысқа дайындаламыз. Бір күні-командиріміз «Сендерге жаңалық айтамын ертең Катя келеді» дейді. Біз оған таңдана қарап, ол не деп ойладық. Сөйтсек атақты Катюша екен.
Мен 1944 жылы Германияның Бреслау қаласы үшін болған кескілескен шайқаста басымнан жараланып, контузия алдым. Есімді жисам госпитальда жатыр екенмін. Ол жерде 15 күндей емделіп, соғысқа қайта кірдік.
Біздерді Қиыр шығысқа  алып келді. Ворошилов қаласында окоп  қазып жатқан кезде жаудың тізе бүккендігін,   соғыстың аяқталғандығын естіп,  қатты қуандық. Мұнда жапон милитаристеріне қарсы соғысқа қатысып, кореяның Юкке, Юшань, Ранан, Хедзио, Пхеньян қалаларын азат еттік. Корея жері қалың орманды, жері тастақ болады екен. Сол орманда жапон самурайлары бекініп алған. Соларды жоюға да қатыстық, - дейді Сауытбек аға  ағынан жарылып.
1941 жылы батысқа аттанып, туған жерге 1949 жылы, яғни сегіз жылдан кейін ғана оралған Сауытбек аға ерліктері үшін  ІІ-дәрежелі «Отан соғысы» орденімен және 30 медальмен марапатталыпты. Ардақты ағамыздың жанқиярлық ерліктері үшін Бас қолбасшы И.В.Сталиннің Алғыс хатын, Украина жерін азат етуге қатысып, ерлік көрсеткені үшін Украина елінің  Президенті Л. Кучмадан Құттықтау хат алып, омырауына медаль тақты. Сонымен қатар  Орлов-Курск доғасындағы жанқиярлық ерлігіне бас иген генерал- майор Шиловтың телеграммасы да оның ерлігін әспеттегендей.
1949 жылы  елге оралған Сауытбек аға қазіргі Байзақ аудандық ішкі істер бөлімінің конвой бөлімшесінде қызметін бастайды. Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің мектебін бітірісімен ішкі істер басқармасындағы бандитизммен күрес бөлімінде аға тергеуші, бұдан соң Байзақ аудандық ішкі істер бөліміне қарасты төлқұжат столының  бастығы, Байзақ және Талас аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы қызметтерін мінсіз атқарған. Қатардағы милиция қызметінен бастаған ардақты аға 40 жыл бойы ішкі істер бөлімінде  жемісті қызмет етіп, милиция полковнигі шенінде  1984 жылдың 1 наурызында зейнетке шықты.
Құқық қорғау саласындағы жемісті еңбегі үшін бірнеше медальдармен, Грамоталармен марапатталған  қазыналы қария зейнетке шыққаннан кейін де қарап отырған жоқ. Жамбыл кірпіш зауытыныда заңгер болып біраз жыл қызмет етті.
Өз мүддесінен гөрі халықтың мұң-мұқтажын биік қоятын майдангер  2006 жылы  республикалық басылым бетінен “Ньютон-1,2,3” атты мақаланы  оқиды.  Мақалада Сарыкемер ауылындағы геолог-барлау мекемесінің қоймасында ашық жатқан қауіпті радиактивті заттардың жатқандығына көзі жеткен соң  аудан, облыс әкімдерінің алдына барып, сол кездегі  Мәжіліс депутаты Н.Қалқабаевқа хатпен кіріп шығады. Көп ұзамай өте қауіпті радиактивті заттар ауданымыздан  басқа жерге көшіріледі. Осылайша қарт майдангер үлкен азаматтық істі тындырады.
Бүгінде 90 жастың төріне шыққан Сауытбек аға құдай қосқан қосағы Райбүбі  жеңгеміз екеуі 5 перзент тәрбиелеп, өсірді. Бүгінде олардан өсіп, өнген  немере-шөберелерінің қызығына тоймай, бақытты ғұмыр кешіп отырған  абыз  қария әрбір атқан таңға шүкіршілік етеді. 
Ел-жұртының құрметіне бөленген қарт майдангер  аудан мектептерінде білім алып жатқан жас жеткіншектермен  жиі кездесіп отырады. Майдан жолдарынан естелік айтып, ел бірлігі мен ынтымағын,  халықтар достығын, аға ұрпақтың ерлігін қастерлеудің маңызын айтудан жалықпайды.

Обновлено 05.05.2015 14:58
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1659
mod_vvisit_counterКеше2035
mod_vvisit_counterОсы аптада3694
mod_vvisit_counterӨткен аптада10587
mod_vvisit_counterОсы айда43884
mod_vvisit_counterӨткен айда34753
mod_vvisit_counterБәрі2251270

Серіктестер