Онлайн газет



90 жастағы майдангер

Ә. Садуақасов,
Үлгілі ауылдық округі ардагерлер бастауыш ұйымының төрағасы.

Адамзат тарихын таусылмас соғыстардың тізбегі десе де болады.  Солардың ауқымы, қамтылған елдері мен құрбандары, орны толмас зардаптары жағынан ең зоры  - 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы. Оның алдында және одан кейін КСРО Финландиямен, Шығыста Жапониямен шайқасты. Соғысқа Қазақстаннан деректерге сүйенсек  1,5 миллион адам қатысып, жартысынан астамы майдан  даласында мерт болды.
Еліміздің батыс аймақтарында 1710 қала, 70 мың  ауыл мен деревнялар жермен-жексен болып, зауыттар мен фабрикалар қирады. Фашистік Германия барлық соғыс техникасын КСРО мемлекетін жаулап алуға жіберіп, тұтқиылдан шабуыл жасап, Отанымызға қауіп  төндірді.
Осы сәтте туған жеріміз бен Отанды қорғау үшін жаппай әскер, қолына қару алуға жарайтын ер-азаматтар шақырылып, майданға аттанып жатты. Олардың қатарында Базарбай Қалдыбаев та болды.
Ол 1925 жылы 30 қыркүйекте ауданымызға қарасты «Ванцетти» колхозында шаруа  отбасы Қалдыбай атаның жанұясында дүниеге келді. Жиырмасыншы  жылдардың  соңы  ұжымдастыру, отызыншы жылдардың басындағы ашаршылық еліміз үшін өте қиын кезең болды. Ұжымдастыру кезінде қолдағы малды тартып алса, оның артынан қолдан жасалған ашаршылық халықты қатты күйзелтті. Ел қолға ілінгенді қаужалап тамақ жасады. Әкесі Қалдыбай  мен анасы Жарқылдық тапқандарын балаларының аузына салып аман алып қалды.
Жастайынан зерек болып өскен Базарбай  Политотдел мектебінің 7-сыныбын табысты аяқтап, әке-шешесіне қолғабыс жасау үшін еңбекке ерте араласты. Колхоздың егіс даласында астық жинау, шөп дайындау жұмыстарына араласып, ерте шыңдалды. Балалық балғын шақ ойын емес, еңбекпен өтеді. Шаруашылықтың “Қызыл қайнар” учаскесінде жұмыс істеп жүргенде колхоз басшысы жастарға әскери мамандық  алу туралы ақыл-кеңесін береді. Әскери мамандық алу әрбір жастың басты арманы ғой. Сонымен ауылдан Сейтқасым Даулетьяров деген жолдасы екеуі Түркменстанның Мары қаласына барып, 1943 жылдың жаз айында офицерлік училищеге оқуға түседі. Сол жерде екеуі екі бөлімге оқуға түсіп, жолдары екіге айырылады.
-Құмды өңірдің аптаған ыстығы, кейде температурасы 60-70 градусқа жететін. Оған шыдас беру өте қиын. Денең қап-қара болып терің сыпырылып түседі,-деп еске алады өткенді майдангер.
Әскери мамандықты біраз игерген соң бір топ курсант-жігіттер өздері сұранып майданға аттанады. Бұл 1943 жылдың тамыз айы болатын. Жас курсант Базарбай бұл кезде небәрі 17 жаста ғана.
Бірнеше эшалонмен келген жігіттер жан-жаққа бөлініп, бірден соғысқа кіріп кетеді. Осы сәт соғыстың қайнап тұрған кезі болатын. -Мені Украинаның Харьков қаласы №201 жаяу әскерилер полкіне жіберді,-дейді ардагер бір сөзінде.-Бір күні полк командирі мені шақырып алып, “Сен училищеде біраз оқығаның бар, топографияны түсінетін шығарсың. Саған жауапты жұмыс тапсырмақшымын. Мына картаға немістердің іс-қимылын бақылауға алып, түсіріп келе аласың ба?”,-деді. - Әрине тапсырманы  орындау әр жауынгердің басты парызы ғой. Қасыма үш жігіт қосып алып төртеуміз немістер жағына талай жол жүрдік,- дейді майдангер.
Немістердің позициясына барып, олардың соғыс техникасының қайда бағытталғанын, адам санын, жергілікті жердің ой-шұқырын, орманын, көлін, картаға түсірудің арқасында жауға талай соққы берілді. 
Базарбай қызмет еткен бөлімше немістердің талай  құпия нүктелерін талқандап, жеңіске жетіп отырған.
Командирдің кезекті тапсырмасымен үш күн фашистердің ізіне түсіп, аңдып, қажетті мәліметтерді қағаз бетіне түсіріп, қайтар жолда жау көзіне ілігеді де, екі жақты атыс басталып кетеді.  Жолдастары қатты жарақат алып, өз шептеріне әрең қосылады. Сол жерде өзі де қатты жарақат алып, қаруластары бірін-бірі сүйрей отырып, бөлімшеге әрең жетіп, тапсырманы орындап, картаны командирге табыс етеді.
Осы бір сұрапыл шайқаста  Базарбай бір жамбасы  мен жағынан қатты жараланып, Воронеж маңындағы Алексеевка госпиталіне, сонан соң Саратов қаласындағы госпитальға емделуге жіберіледі. Госпитальда ауыр жарақат алған қаруластарын көріп, жауға деген ыза-кегі арта  түседі. Біраз емделгеннен  кейін 1944 жылы ұрысқа қайта жіберіледі.
Беларуссияның қалаларын, Литва территориясын, Шығыс Пруссия жерлерін, Балтық теңізі жағалауларын, Кенинсберг (қазіргі Калининград) қаласын жаудан азат етуде қайсарлық  көрсеткен. 
-Жеңісті Берлинге 20-30 шақырым қалғанда қарсы алдық. 1418 күн мен  түн аңсаған Жеңіс күні келді. Бұл  хабарды естігенде қуанышымызда шек болған жоқ,-дейді  Базарбай қария әңгімесін жалғастыра отырып.
Жеңіс күнінен кейін біраз жауынгерлер елге оралды, ал біраз әскери бөлімдер еліміздің Қиыр Шығысындағы Жапонияға қарсы соғысқа аттанып кетеді.
Майдангер Базарбай соғыс дүрбелеңі басылғанша Армия қатарында болып, 1950 жылы, яғни  7 жылдан соң елге оралады.
Отанын, елін, жерін жаудан азат етуде көрсеткен  ерліктері лайықты бағаланып, І дәрежелі “Отан соғысы” ордені, “Кенинсбергті алғаны үшін”, “Германияны  жеңгені үшін”сонымен бірге,  Ұлы Жеңістің торқалы мерекелік медальдарымен марапатталған.
Базарбай ақсақал елге келген соң білімін жетілдіру мақсатында Жамбыл педагогикалық училищесін, содан кейін Қазақтың мемлекеттік Абай атындағы педагогикалық институтының биология факультетін тәмамдап, биолог мамандығын алады.  Қайда жүрсе де еңбектің алдыңғы сапында жүретін  ол, Жамбыл аудандық ішкі істер бөлімінде құқық қорғаушы, ауылдағы Үлгілі мектебінде ұстаздық етті.   Ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында Байзақ (бұрынғы Свердлов) ауданы бірінші хатшысының көмекшісі, кейін осы ауданның мәдениет бөліміне жетекшілік етеді.
Сексенінші жылдары зейнетке шықса да сол кездегі одаққа белгілі химия алыптарының бірі-”Химпром” зауытында  еңбектенген Базарбай Қалдыбаев өзінің зайыбы Нағима Даусариевамен алпыс жылдан астам отау  құрып, 10 ұл мен қызды тәрбиелеп өсірді. “Батыр ана” иегері Нағима көп жылдары шаруашылықтың бас экономисі болып қызмет жасаған-ды.
Ардақты қарияның кіндігінен тараған ұрпақтары жоғары  білімді. Үлкен ұлы Шаяхмет-Астана қаласында мемлекеттік қызметте, Гүлнұры-облыстық аурухананың терапия бөлімінің меңгерушісі. Нұржаханы-банк саласында қызмет етсе, Гүлжаны-ұстаз, Гүлнарасы-Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында оқытушы. Ұлдары Дінмұхамед пен Нұрмұхамеді  түрлі саланың мамандары. Ұлы-қыздарынан 10-нан аса немере-шөбере көріп отырған ардагер өзін сергек сезініп, үйдегі бау-бақшаны күтумен айналысады.
Бұл күндері қазыналы қария Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай  Астана қаласында  9 мамыр күні өтетін Жеңіс парадына қатысуға дайындалуда.
Ардагердің майдан даласындағы қан кешіп өткен жолдарын, қар жамылып, мұз жастанған күндері мен түндерін, бейбіт еңбектегі төккен жерін, ұрпақ өсірудегі аяулы алақанын еске түсіре отырып,  Абай ақынның: “Сүйер ұлың болса, сен сүй, Сүйсінерге тұрар ол” - деп айтқан сөзі ойға оралады.

Обновлено 23.04.2015 10:43
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін359
mod_vvisit_counterКеше1189
mod_vvisit_counterОсы аптада1548
mod_vvisit_counterӨткен аптада10971
mod_vvisit_counterОсы айда40549
mod_vvisit_counterӨткен айда34753
mod_vvisit_counterБәрі2247935

Серіктестер