|
Д.Тасыбаев, Байзақ аудандық сотының төрағасы.
Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» заңының 4-бабында «Мемлекеттік тіл- мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі» делінген. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, құжаттарды қазақша сөйлетуде сот қызметкерлері барын салып жұмыс істегенімен, қарапайым
азаматтардан, кейбір мекемелерден ондай ынтаны байқамаймыз. Мәселен, банктерден түсетін талап арыздарға қатысты істерді алайық. Тәуелсіз елдің төл тілінде сөйлейтін банктер аз. Олар көбінесе орыс тілінде өз ойларын білдіріп, өз мүдделерін өзге тілде қорғауды жөн санайды. Мұндай кемшіліктерден кіріс басқармасы, Ішкі істер органдары да ада емес. Әсіресе, орыс тілді адвокаттардың өз қорғауындағы азаматтардың құқықтарын таптай отырып, арызды орысша жазатыны тыйылмай келеді. Адвокаттарға орыс тілінде іс жүргізу жеңіл болғанымен, олар өзінен қолдау күткен азаматтардың қай тілді жетік білгенін ескерген жөн. Алайда, тәжірибе көрсетіп отырғандай, сот отырысына қатысатын тараптардың адвокаттың көмегінсіз бір ауыз сөз айта алмауы, өз ойын жеткізе алмауы тіл мәселесіне назар аудармайтынын растайды. Өз басына қатысты қарапайым сұрақтардың өзіне қиналып, жауап бере алмай адвокатқа жалтақтайтындар өз құқығының бұзылғанын түсінбейтін секілді. Мұндай жағдайларды ескеріп, қорғаушылар қауымы ең әуелі өзінен көмек сұраған азаматтың қай тілді жетік меңгергенінен назар аударғаны дұрыс. Егер ол тілді өзі білмеген жағдайда қаламақының көлемі қаншалықты көп болсада, істен бас тартқаны жөн. Өйткені, мемлекеттік тіл оның бас пайдасының құрбанына айналмауы тиіс. Мұндай кемшіліктер ішкі істер органдарында да жиі байқалады. Іс есепке алынғаннан бастап, оны сотқа дейін жеткізу құзыреті берілген тергеушілер көбінесе өздеріне қолайлы тілде хаттама толтырады. Және олардың көпшілігі мұны хаттамалардың орысша үлгісінің қолайлы екендігімен түсіндіреді. Солай болған күннің өзінде, қазақ тіліне жаны ашитын, еліне деген сүйіспеншілігі жоғары маман хаттама толтырудағы қиындықтан қашпас еді. Әрі хаттаманы қазақша жазу тыңнан түрен салатындай күрделі жұмыс емес. Ең бастысы, әрбір қызметкерде мемлекеттік тілді аяқасты етпей, оның қолданылу аясын кеңейтсек деген құлшыныс болса болғаны. Өкініштісі, мұндай ұлттық құндылықтарға деген сүйіспеншілік, екінің бірінде кездесе бермейді. Қазақ тілінің көсегесін көгертпей отырған да осы. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Біздің міндетіміз – 2017 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтар санын 80%-ға дейін жеткізу. Ал, 2020 жылға қарай олар кемінде 95% құрауы тиіс», - деген болатын. Елбасының саясатын қолдап, Жолдауда айтылған нәтижеге қол жеткізу үшін сот жүйесіндегі қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтіп, қоғамдағы мемлекеттік тілге деген оң көзқарасты қалыптастыруға атсалысуымыз керек.Қазақстан Республикасы Жоғарғы соты төрағасының 2009 жылдың 27 ақпанындағы «іс қағаздарын мемлекеттік тілге көшіру туралы» өкімін басты назарға ұстай отырып, сот ұжымдары қазір өздерінің кіріс-шығыс құжаттарын толықтай қазақ тілінде рәсімдеуде. Өзге әріптестердің, қарапайым халықтың қазақ тілін кеңінен қолдануына барынша мүмкіндік жасалған. Сот ғимаратына келушілер кез келген азамат мемлекеттік тілде құжаттары және сауалдары бойынша жауап ала алады. |