Онлайн газет



Ғасыр жасаған аналар ардақталуда

Г. Әбдіқұлова.
“Ауыл жаңалығы”.

Әйел-қай заманда да отбасы, ошақ қасының ұйытқысы, ырыс пен ынтымақтың асыл қазығы, алтын діңгегі болған. Азамат – үйдің иесі болса, әйелдер – үйдің киесі.  Дүниеге сәби келтіріп мәпелейтін, ұрпағын тәрбиелейтін, халқының береке-бірлігін сақтайтын да - әйелдер. «Әкеден - өсиет, анадан - қасиет» демекші, ақылымен елді аузына қаратқан, тәрбиелі, үлгілі ұрпақ таратқан, есімі аңызға айналған қасиетті аналарымыз ұлын ұлағатты, қызын парасатты етіп тәрбиелеген. Осындай  аналарымыздың  арасында ғасырды бағындырғандар 4-еу. Олардың үшеуі-жүзде, біреуі-104-те.

Ұлыстың ұлы күні қарсаңында  аудандық іскер әйелдер қауымдастығының  төрайымы Тазакүл Кадимова бастаған кәсіпкер әйелдер қауымы  Дихан,  Түймекент және Суханбаев ауылдық округтерінде  ғасыр жасаған кейуаналардың отбасында болып, ұлық мерекемен құттықтады.
Қазыналы қарияларымыздың бірі- Дихан ауылдық округіне қарасты Аймантөбе ауылында тұратын  Күләш  Нұртаева   2 жасында анасынан  жетім қалған. Оның жастық шағы  ұжымдастыру,  аштық, қуғын-сүргін, Ұлы Отан соғысы, соғыстан кейінгі қиыншылықтармен тұспа-тұс келіпті. Сушы, қызылшашы болып еңбек еткен ол  Ленин атындағы ұжымшардың өсіп-өркендеуіне  елеулі үлес қосқан.  Қазіргі таңда  22  немере, 52 шөбере, 11 шөпшектің ортасында бақытты ғұмыр кешкен  анаға деген  жүрекжарды лебізін кәсіпкер Л. Жабатаева  білдіріп,   іскер әйелдер атынан  бағалы сыйлықты тарту етті. Ал Күләш әжей барша ұрпаққа тек бақыт пен жақсылық тілеп, батасын берді.
Түймекент ауылының тұрғыны  Гүлжан Қуанқызы 104-ші көктемін қарсы алып отыр.  Қос ғасырдың куәсі-Гүлжан әжей 1911 жылы  Өзбекстан Республикасына қарасты Қарақалпақстанның “Ерлікқала”  ауылында дүниеге келіпті. Балалық шағы елдің басына түскен ауыр кезеңдермен қатар келіп,  бұғанасы қатпай жатып, қара жұмысқа жегіледі. Сол замандағы ақтардың дүрбелеңі, қазақ төңкерісі, ұжымдастыру,   аштық нәубеті, 1937 жылғы репрессия, 1941-45 жылдардағы Отан соғысындағы еңсе езер ауыртпалықтарды бастан өткерген  Гүлжан Құтманова: “жалғыз ұлым Молдабек пен төрт қызымнан  тараған  25 немере, 20 шөбере, 5 шөпшектің ортасында отырғанымды Алланың маған берген  сыйы деп білемін. Елімізде әрдайым тыныштық, әр шаңырақтан береке  кетпесін. Тәуелсіз еліміздің мәртебесі биік, Елбасымыз,  халқымыз аман болсын. Бәріңе мендей ғұмырлы жас берсін” деп батасын берді.   Мақта егіп,  канал қазған, түйе бағып, “атақты түйеші”  болған  әжеміздің отбасы 1997 жылы ата  мекенге қоныс аударған екен. Ал  ғасыр жасаған суханбайлық  Райхан Шомаеваның қимылы өте ширақ. Ешкімнің көмегінсіз өзі жүріп тұратын, әлемдегі бар жаңалықтардан хабары бар  анамыз  өткен ғасырдың бар ауыртпалығын қайыспай көтерген. Жас кезінен колхоз шаруасына белсене араласқан. Егін орып, шөп жинаған, астық бастырған, өгіз арбамен зауытқа қант қызылшасын  тасыған,   сушы, егінші, қызылшашы да болған. Ел басына күн туған шақта  соғысқа аттанған  қосағы-Нәметқұлдан (“қаралы қағазды” алмағандықтан)  бүгінгі күнге дейін күдерін үзбеген Райхан  анамыз жастық ғұмырын да, алдан көрер қызығы мен үмітін де  жалғыз ұлы Нұрлыбектің жолына бағыштаған аналардың бірегейі.
Өз дәуірінде ерке қыз, иманды әйел,  бүгінде шуақты әже атанған  Райхан Әлібекқызы  адам бойынан тек жақсылықты көреді.  Елдің бірлік, ынтымағын ойлаған абыз ананы торқалы тойымен аудандық іскер әйелдер қауымдастығының  басшысы Тазакүл Кадимқызы бастаған  іскер әйелдер қауымы құттықтап,  қолына күміс білезік салып, иығына  орамал жапты.
Өмірдің ащысын да, тұщысын да көрген әжеміз өзін құрметтеп келгендерге алғысын айтып, батасын берді.

Обновлено 27.03.2015 09:45
 

Халыққа жолдау

 

 

 

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1109
mod_vvisit_counterКеше1784
mod_vvisit_counterОсы аптада1109
mod_vvisit_counterӨткен аптада13521
mod_vvisit_counterОсы айда12856
mod_vvisit_counterӨткен айда64729
mod_vvisit_counterБәрі3990948

Серіктестер