Онлайн газет



Қарашада шыққан «Құс үні»

Қ.Жалғасбайұлы,
«Ауыл жаңалығы».

Қасқырбай Нарбатырды дүйім жұрт біледі. Ел білетіні өнерге сіңірген еңбегі, өмірде жөн сілтер өлеңі бар. Ақын Қасқырбай аз де, көп де

үш кітап шығарды. Шығарсам деп дайындап отырғаны тағы бар. Басылымдарда да, сахналарда да жырлары оқылып жүр. Сазгер Қасқырбай қырықтан аса ән шығарды. Сазды да назды әндері тек аудан, облыста ғана емес, республикалық сахналарда да шырқалып жүр. Кезінде республикалық патриоттық әндер байқауында жүлде де алған. Қазақ радиосын ашып қалсаң Қасқырбайдың әндерін естіп қалуың ғажап емес. Өйткені ол радио арқылы жиі эфирге шығып жатады. Бір өзгешелігі оның өзге ақындардың өлеңіне ән шығарған кезі аз. Дерлік барлық әнінің сазды әуені де, сөзі де өзінің төлтуындысы. Сондықтан оның мұндай туындылары біртұтас, толымды да болымды дүние болып келеді. Сазы бір жақта, сөзі екінші жақта жүрмейді. Толымды дүние тыңдарманын жалықтырмайды, жан дүниесін жадыратады. Ал, жырларына келсек сезімді тербетер ерекше отты,  жалынды. Оны оқырман қауым баспасөз бетінен де, кітаптарынан да оқып жүр.
Оның журналистік шеберлігі де бір төбе. Біраз уақыт аудандық «Ауыл жаңалығы» газетінде қызмет істегені бар. Қазір де оқтын –оқтын өміршең өткір мақалалар жазып, бір елең еткізіп қояды. Өзі бүгінде аудандық мәдениет бөлімінде қызмет етеді. Қай жағынан алсаң да оқ бойы озық келе жатқан өнер тарланы халқына айрықша құрметті. Сол өнердегі өзіндік қолтаңбасының, өрелі ісінің арқасында Қ.Нарбатыр Байзақ ауданың Құрметті азаматы атағын алған.
Дара дарын Қасқырбайдың жалпы жұрт жыры мен әнін тыңдап,  өнеріне қанық болғанымен оның қай айда туғанын екінің бірі біле бермесі белгілі. Ол осы қараша айында дүниеге келген. Биылғы қараша ақын үшін айрықша болып отыр. Ол осы айда елу бес жасқа толды. Қарашада «Құс үні» деген жаңа кітабын Алматыдағы «Өнер» баспасынан шығарып келді. «Көзіммен көргенім», «Көңілге түйгенім» деп аталатын әдемі безендірілген көрікті кітап көңіл тербетер жырларға толы. Өлеңдері – туған елге, өскен жерге, Отанға,  халқына, адамдарға деген асыл сезімнен туған жүрек тебіреністері. «Біздің жақтың ұлдары» деген жырмен басталатын сырлы да нұрлы жыр шумақтары бірінен кейін бірі өзіне тарта түседі. Оқисың, сүйсінесің, еріксіз риза боласың. Оқырман қауым кітаптың бағасын өзі бере жатар, біздің айтпағымыз басқада, жаңа кітаптың тұсаукесері жайлы болмақ.
Кітап шығарған Қасқырбай Нарбатыр жаңа ән де шығарған. Жаңа ән биыл есігін ашқан білім ордасы «Сарыкемер» мектебінің әнұраны болды. Сондықтан «Құс үні» кітабының да, жаңа әннің де тұсаукесері осы «Сарыкемер» мектебінде өтті.
«Құс үні» кітабының тұсаукесеріне арналған шығармашылық кеш ақынның жырларын мектеп оқушыларының жатқа оқуымен басталды. Олар кітапқа енген «Құс үні», «Біздің жақтың ұлдары», «Астана-арман қала» өлеңдерін жатқа оқыды. Содан кейін сөзі мен әнін Қ.Нарбатыр жазған «Сарыкемер» мектебінің әнұранын мектеп оқушыларының хоры шебер орындады.
Ақынды алғашқы болып аудан әкімі М.Шүкеев құттықтады. Сазгер-ақынның шығармашылық жолына шынайы баға берген аудан басшысы оған табыстар тіледі.
Ақын – сазгердің «Байзақ жері», «Сарыкемерім», «Тағзым» әндері орындалды. Оларды Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткерлері, республикалық «Елім менің» патриоттық ән байқауының жүлдегерлері А.Исабаев пен Ө.Нұрбаев шырқады.
Сахнаға Қ.Нарбатырдың өзі шақырылды. Ең алдымен осы тұсаукесерді өткізіп жатқан «Сарыкемер» мектебіне бір топ кітап тапсырды. Содан кейін жырларын оқыды. «Ауылмен сырласу», «Немерелерге», «Ауылдағы ақындар», «Сырласайық», тағы басқа өлеңдері оқырмандарын ризашылыққа бөледі.
Тұсаукесер кешінде ақынға игі тілегін білдірушілер аз болған жоқ. Аға буын атынан   аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Р.Шәметов, Сарыкемер ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы К.Бесбаев, ардагерлер, Байзақ ауданының Құрметті азаматтары Т.Әбдіреев, Ж.Қожамқұлова, Н.Рақышова, тағы басқа да кісілер құттықтап, шын көңілден шығармашылық табыс тіледі. Қатар жүрген қаламдас аға-інілерінің тілек білдіруі өз алдына бір төбе. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Ауыл жаңалығы» газетінің жауапты хатшысы Қ.Шотбасов,  аудан әкімдігі білім бөлімінің бас маманы Ж.Тұрғынбаев ақынға арнаған жырларын оқыды.
Ақын-сазгерге аудан әкімі М.Шүкеев шапан жауып, ат мінгізсе, ардагерлер шапан жапты. Жуалы ауданының әкімі Б.Құлекеевтің жіберген ел қорғаны болған бабалардың бірі Батырбек датқаның портреті табыс етілді.
Кеш бойына және жайылған дастархан басында да сазгер-ақынның өз әндері ғана орындалды. Оларды аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары, «Байзақ» триосы шырқады. Тамаша өнерлерімен Таразды тамсандырып жүрген ақынның ұлы Камал мен келіні  Ақерке ән салды.
*            *           *
Ақынның туған күні 9 қарашада керемет бір кешті ауданның орталығындағы №3 «Байзақ» колледжі ұйымдастырды. Қашаннан да өткізген іс-шараларын ыждағаттылықпен ұйымдастыратын колледж ұжымы бұл жолы да өзіндік өрнегімен ерекшеленіп тұрды. Білім ордасының ғимаратына кіреберістен бастап екінші қабаттағы акт залына барғанша қабырғалар ақынның жыр шумақтарымен өрнектелген, оның өмір кезеңдерінен дерек беретін фотостендтер жасап ілінген. Оны айтасыз сазгер – ақынның сан қырлы кезеңдерін көрсететін арнайы бейнебаян да әзірленіпті.
Кешті №3 «Байзақ» колледжінің директоры Ж.Молдашбаев ашты. Ол Қасқырбайдың ұрпақ тәрбиелеп жатқан ұжымның бір мүшесіндей болып кеткеніне, білім ордасының әнұранына айналып кеткен ән жазғанына, тәрбиелік шараларға белсене атсалысатынына тоқтала отырып, шығармашылық табыстар тіледі.
Ақын сахнаға шақырылды. Оның елу бес жасқа толғанын білдіріп, арқасына «55» деп жазылған орындыққа отырғызды.
Кеш төрт бөлімге бөлініп, жобаланған. Олар «Балдәурен -  жастық шақ», «Қайран жиырма бес», «Ән жырым менің-тағдырым» және «Қ.Нарбатыр колледжбен бірге» деп аталады. Әр бөлімге арнаулы бейнебаян жасалып, көрсетілді және сол кезеңге шолу жасалды. Сосын ақын сол бір кездер туралы естеліктерін айтады. Содан кейін барып жыр оқылады, ән айтылады. Мұның өзі ақын-сазгердің шығармашылық кешін өткізуге колледж ұжымының өзге қырынан шығармашылық ізденіспен келгенін көрсетеді.
Бірінші  «Балдәурен – жастық  шақ» бөлімінде жастық шақтан экранда көрініс көрсетіліп, Қ.Нарбатырдың өзі естеліктер айтты. Туған елге, өскен жерге, достарға, махаббатқа арналған жырларын оқыды. Одан әрі «Байзақ жері» деген әнімен басталып, бірінен кейін бірі оның әндері орындалды. Осылай бөлімдер бірінен біріне жалғасып кете барды. Оның әндерін аудандық мәдениет үйінің әншілері, «Байзақ» триосы  шырқады, ұлы мен келіні ән салды.
Төртінші бөлім «Қ.Нарбатыр колледжбен бірге» деп аталғандықтан мұнда білім ордасының өнерпаздары өнер көрсетті. Ұстаздар З.Молдабаев, Н.Әбдібекова, Б.Балағұсова, А.Молдабаевтар және колледж оқушылары сазгер-ақынның әндерін орындады. А.Жамбулова би билесе, З.Молдабаев «Ақын ағам» деген арнау өлеңін оқыды. Бір сөзбен айтқанда олар Қ.Нарбатырмен терең шығармашылық байланыста екендіктерін көрсете білді.
Кеш соңында №3 «Байзақ» колледжінің директоры Ж.Молдашбаев қорытынды сөз сөйлеп, Қ.Нарбатырға Құттықтау хат табыс етті.
Колледжде өткен кездесу де  елең еткізіп, есте қалардай ерекше өнегелі кеш болды.



 

Обновлено 15.11.2012 18:04
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін124
mod_vvisit_counterКеше2161
mod_vvisit_counterОсы аптада2285
mod_vvisit_counterӨткен аптада8989
mod_vvisit_counterОсы айда18915
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2270584

Серіктестер