|
М.Манекеев, “Ауыл жаңалығы”.
Жалпы, асық ойыны — қазақ халқының дәстүрлі ойыны. Асық ойыны күндіз де, түнде де ойналады. Күндізгісі – мергендікке, түнгісі – ептілікке баулиды. Иіргенде түскен қалпына қарай асық – алшы, тәйке, бүк, шік деп, ал атуға арнап арнайы қорғасын құйылып жасалғаны – сақа, жақсылары – оңқай аталады. Асық ойынының мынадай түрлері бар: құмар, тәйке, омпы, алшы, хан (хан ату), қақпақыл және тағы басқа. Үстіміздегі жылы Қазақ хандығына 550 жыл толғалы отыр. Аталмыш мерейтойды кең көлемде атап өту іс-шаралары басталып та кетті. Осыған орай, жуырда Сарыкемер ауылындағы
Гагарин орта мектебінің спорт залында тұңғыш рет асық атудан 2003 жылы және одан төмен туылған жасөспірімдер арасында аудан біріншілігі ұйымдастырылды. «Нұр Отан» партиясы Байзақ аудандық филиалы мен аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің біріге ұйытқы болуымен ресми түрде өткізілген біріншілікке 28 орта мектептен 56 ойыншы-оқушы қатысты. Тартысты өткен жарыс нәтижесінде оның жеңімпаздары мен жүлдегерлері анықталды. Бірінші орынды Абай орта мектебі, екінші орынды Ленин атындағы орта мектебі иеленсе, жүлделі үшінші және төртінші орындарды М.Әуезов пен Ш.Уәлиханов орта мектептерінің командалары өзара бөлісті. Ойынның үздік ойыншылары Айбек Жұмаділов (Ленин орта мектебі) пен Бекзат Құлиев (Әуезов орта мектебі) аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің Кубоктары және Алғыс хаттарымен марапатталды. Жарыстың бас төрешісі Қ.Юсупов пен бас хатшы Ғ.Сұлтанбековтердің айтуынша осы жарысқа қатысуға ауданның бірнеше білім ордалары тарапынан тілек білдірулері оқушылар арасында асық ойынына деген қызығушылықтың артып келе жатқандығының дәлелі. Қалай десек те осындай жарыстарды жиі-жиі ұйымдастыру арқылы ұлттық мұрамызды кейінгі ұрпаққа жеткізе аламыз.
|
|
Обновлено 19.02.2015 16:18 |