|
Ә. Бештаев, еңбек ардагері, Сарыкемер ауылы.
Өмірлерін еңбекпен өрнектеп, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған аға буынның өкілімін. Халқымыз талай тауқыметті тартса да, діні мен ата дәстүрінен жаңылмады, ата дініміздің асыл қасиеттерін ұрпақ бойына сіңіре білді, елдік сауапты істердің бел ортасында болып, өнегелік іс танытты. Өмірімізбен біте қайнасқан дін мен дәстүрін бекем ұстаған халқымыздың перзенттері жомарттығы мен мәрттігіне кір түсірген емес. Өткен жылы аудандық “Ауыл жаңалығы” газетінде “Байзақ баба” мешітінің шатырына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге үлес қосу туралы аудан ардагерлерінің Үндеуі жарияланған болатын. Аталмыш Үндеуге аудан басшысы Мұратхан Жүнісәліұлы Шүкеев
бірінші болып үлес қосып қана қоймай, ауданның ілкімді де кәсіпкер, зиялы азаматтарын жұмылдыра білді. Осының арқасында имандылық үйінің шатыры күрделі жөндеуден өтіп, намаз оқитын ішкі бөлмелерге жылу жүйесі тартылды. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) бір хадисінде: “Кім жер бетінде Алланың үйін салуға атсалысса, Алла тағала ол кісіге жұмақтан орын тағайындайды” деген. Олай болса, сауапты істердің қатарына жататын: мешіт, медресе, мектеп салу, емхана, балабақша тұрғызу, көпір салу, құдық қаздырып су шығару, жол салу, әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларына көмек берумен қатар көпшілік пайдаланатын нысандарға көмек қолын созудың өзі қайырлы іске жатады екен. Міне осындай сауапты істің басы-қасында болған аудан басшысы мен ауданның жомарт азаматтарына аудан жұртшылығы атынан алғысымызды айтамыз. Ылайым әрдайым жүрегі кең, жомарттық пен мәрттіктің қайнарынан сусындаған өрелі жайсаңдарымыз көп болсын деп тілейміз.
|
|
Обновлено 17.02.2015 12:41 |