Онлайн газет



Атқарылған шаруа аз емес, алдағы жоспарлар ауқымды

Аудан, ауылдық округ әкімдерінің жыл қорытындысына арналған жиындары жалғасуда. Бейсенбі күні белгіленген кесте бойынша Бурыл ауылдық округінің әкімі Е.Әліқұлов Бурыл орта мектебінде тұрғындар алдында есеп берді. Округтегі оңды шараларды атап өткен Ерік Елубайұлы ауылдықтардың әл-ауқатын жақсарту мақсатында істелінген ілкімді жұмыстармен таныстырды.

Мұнан кейін аудан әкімі Мұратхан Шүкеев ауданның 2014 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары туралы баяндап берді. Әкім сөзінен байқағанымыздай бізде өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, білім және мәдениет салалары бойынша біршама алға жылжу бар. Әсіресе, соңғы жылдары шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысушылардың саны арта түскен. Осы ретте, өткен жылы аудан орталығы Сарыкемер ауылында жеке кәсіпкер А.Жамишжановтың бастамасымен ашылған «Еңлік» балабақшасына ерекше тоқталып өткен Мұратхан Жүнісәліұлы, барша қауымды болашақта осы бағытта жұмыс жасауға шақырды. Елімізде Елбасының тікелей қолдауымен кәсіп ашып, нәсіп еткісі келгендерге қамқорлық жасалатындығы айтылып, бұл саланы дамыту – өмір сұранысы екендігін атап өтті. Сонымен қатар, қылмыспен күрес, дінаралық қатынастарды реттеу бойынша атқарылған жұмыс нәтижесін, спорттағы сан жетістіктерді тізбектеді. «Байзақ ауданы – спортшылар мекені. Кешегі грек-рим күресінен Мәскеу олимпиадасының чемпионы Ж.Үшкемпіровтен бастап, бүгінгі облыс, республиканы былай қойғанда әлем, Азия чемпиондары біздің мақтаныштарымыз. Бір ғана қазақтан шыққан алғашқы зілтемірші чемпион Жасұлан Қыдырбаевтың өзі не тұрады» деген аудан басшысы биылдан бастап өңірдегі төрт ауылдық округке жас спортшы-нұсқаушылар бекітілгелі жатқанын айтты. Олар сол елдімекеннің халқын спортқа баулумен қатар, бұқаралық спортты дамытуға өз үлестерін қосатын болады,- деді. Жағдайға қарай, спортшы-нұсқаушылардың саны алдағы күндері арта түсетінін мәлімдеді. Жас демекші, биылғы жылдың жағымды жаңалығы аудан орталығы Сарыкемерге кіреберістегі «Астананың 10 жылдығы» атындағы саябақ ішінен махаббаттың символы – Қозы Көрпеш пен Баян сұлу ескерткішінің бой көтеруі де ұл-қыздарымызға жасалып жатқан және бір қомақты қамқорлық деп түсіндірді. Сөзін қорыта келе, аудандағы ауқымды істердің ілгері жылжуында әрбір тұрғынның үлесі бар екендігін жеткізген аудан басшысы М.Шүкеев барша байзақтықтарға алғысын білдірді.
Әкімдердің есебінен кейін, мінбеге көтерілген Бурыл ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы С.Қуатбеков атқарылған шараларға өз бағасын берумен қатар, малдарға вакцинация уақытылы жүргізілсе екен деген тілегін білдірді. Ал, «Байназаров» шаруа қожалығының жетекшісі Х.Байназаров ауыл шаруашылығы саласын өркендету, егіс алқаптарында еркін жайылып жүретін малдарға тосқауыл қою секілді проблемалалық мәселелерді көтерді. Бұлар бойынша аудан әкімі нақты жауап қатқаннан кейін, ортаға шыққан «Казпошта» АҚ-ы басқарма төрағасының кеңесшісі Е.Асайнов пошта саласын дамыту, бұл ретте әрбір ауылдық округтердегі пошта торабы филиалдарының мәртебесін биіктету, ауыл халқымен бірлесе жұмыс істеу турасында әңгіме қозғады.  Есепті кездесуге сонымен қатар, «Казпошта» АҚ-ы Жамбыл облыстық филиалының директоры Б.Пірәлі де арнайы келіп қатысты.
Түске таман келесі кездесу Көктал ауылында ұйымдастырылды. Ауылдағы мәдениет ошағына жиылған тұрғындар алдында Көктал ауылының әкімі Б.Үкібаев, Байзақ ауданының әкімі М.Шүкеевтер ретімен баяндама жасады. Кездесу барысында көкталдықтар негізінен - ауылға жаңа мектеп салу, орталық көшелерге түнгі жарықтар орнату және «Саялы» массивіне инфраструктура тарту, жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету, қаңғыбас иттерді аулау, қаладан қатынайтын автобустың уақытылы жүрмеуі, тазалық мәселелеріне қатысты өтініш-тілектерін алға тартты. Ауыл ақсақалдары М.Ерманов, Ж.Рәпілбеков, Ш.Қалтаевтар сөз сөйлеп, аудан, ауыл көлемінде істелінген жұмыстарға көңілдері толатындықтарын жеткізді.
Ал, түстен кейін басталған Мырзатай ауылдық округіндегі есепті жиында  ауыл әкімі Н.Абдуалиев өткен жылдың өрелі істері жайында баяндама жасады.  Сондай-ақ аудан басшысы М.Шүкеев аудан көлемінде өткен жылы атқарылған ауқымды жұмыстар туралы кеңінен баяндады. Мырзатайлықтар тарапынан  ауыл көшелерінің біріне Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагер есімін беру, ауылда күндіз ем-дом алатын стационар бөлім ашу, Сеңкібай ауылына орта мектеп салу, ауылды жарықтандыру, майда шаруашылықтарды ірілендіру, көктемгі егін жұмысына дайындық және ағын судың тапшылығы сынды мәселелерге тиісінше жауаптар берілді.

Өз тілшіміз.

Обновлено 27.01.2015 15:00
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін811
mod_vvisit_counterКеше1971
mod_vvisit_counterОсы аптада11070
mod_vvisit_counterӨткен аптада8989
mod_vvisit_counterОсы айда27700
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2279369

Серіктестер