Онлайн газет



ТӘУЕЛСІЗДІК ПЕН ЕЛДІКТІҢ ТОЙЫ

М.Манекеев,
«Ауыл жаңалығы».

«Керей мен Жәнібек 1465 жылы алғашқы хандықты құрды, қазақтың мемлекеттілігінің тарихы сол кезден бастау алады. Бәлкім ол бүгінгі шекарасындағы,  бүкіл әлемге осынша танымал әрі беделді, осы ұғымның қазіргі мағынасындағыдай мемлекет болмаған да шығар. Бірақ бұлай деп сол кезеңдегі басқа да барлық мемлекеттер туралы да айтуға болады. Ең маңыздысы, сол кезде оған негіз қаланды, біз –бабаларымыздың ұлы істерінің жалғастырушыларымыз. Бүгінде біздің еліміз барлық таяу мемлекеттермен көпғасырлық достық және тату көршілестік дәстүрлерін сақтап отыр. Осы қарым-қатынасты әрдайым сақтағанымыз жөн».                             
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев.

Бабаларымыз «Ошақтың бұты – үшеу, жағар оты – біреу» деген тәмсілді бекер айтпаған. Осы ұлағатты ұғым бізді береке-бірлікке үндеп, ұрпақтар сабақтастығының тұтастығына шақырды.
Бұл орайда Елбасы Н.Ә. Назарбаев әрдайым ұрпақтар сабақтастығына терең мән беріп келеді. Президент жуырда қасиетті Ұлытауда сан қатпарлы тарихымыздың түптамырын толғаған мағыналы сұхбатында Еуразия кеңістігіндегі мемлекеттік дәстүрдің үзілмей жалғасып келгендігін, ғұндардан бастау алған осы үдерістің көк түріктер, Алтын орда арқылы сабақтасып, Қазақ хандығына жеткендігін айтты.
Тарихшылардың саралауына қарағанда, Қазақ хандығы құрылғанға шейін Ертістен Еділге дейін созылған ұланғайыр далада үлкенді-кішілі саяси құрылымдар, ұлылы-кішілі мемлекеттер өмір сүрген. Мұның бәрі – Қазақ хандығына дейінгі ізашар буын-бунақтар, Қазақ елі деген алып бәйтеректің өзегіне нәр берген түптамырлар, қайнар бастаулар. Сол себептен де Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тарих толқыны» атты кітабында «Қазақ хандығы Орталық Азия аумағындағы алғашқы ұлттық сипаттағы мемлекет болды», – дейді.
Расында, ұлы далада Алтын Орда ыдырағаннан кейін көптеген хандықтар, мемлекеттер пайда болды, бірақ олар өздерінің атауын көбінде билеуші әулеттердің есімімен байланысты атаса, Қазақ хандығы отанымыздың негізін қалап отырған ұлағатты ұлтымыздың атымен аталды. Бұл дерек – Қазақ халқының ежелгі заманнан елдік санасы ерте оянып, бірегей дара кескін-келбеті сомдалып, тарих толқынында ұранды ұлысқа, ордалы жұртқа айналғанын, толысып қалыптасқандығын көрсетеді.
Осы орайда асқақ Астанада сәулетті ескерткіші бой түзеп, асыл әруағына Керей-Жәнібек көшесі беріліп, ұлықталған әзиз хандарымыздың Шу өзені бойындағы Қозыбасыда Қазақ хандығының  дербес шаңырағын көтергеніне, ел байрағын жербіреткеніне ағымдағы жылы 550 жыл толып отыр.
Елбасымыздың Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауында өркениетке қадам басқан Еліміздің төл мәдениетін насихаттауды баса айтқаны белгілі. Ал, ғасырлар бойы қалыптасқан мәдениетіміз – бай тарихымыздың көрсеткіші.
Сол арқылы біз бүгінгі қалыптасқан заман сұранысына лайық жаңа тұрпаттағы мемлекеттігімізді өз дәрежесінде көрсете аламыз. Яғни, бүгінгі Қазақстан Республикасы аталатын мемлекетіміз – ХV ғасырда өмірге келген Қазақ хандығының тарихи жалғасы. Кешегі Алаш зиялыларының өз өмірін арнаған асыл армандарының орындалғандығының көрінісі болмақ. Біздің төл тарихымызда жас ұрпақ санасында мақтаныш сезімін туғызатын өнегелі істер жетіп артылады. Оларды тек қоғам санасына сіңіре білсек болғаны.
Бұл ретте ресми билік «Қазақ хандығының 550 жылдығын» мерекелеу бойынша арнайы тұжырымдама бекітіп отыр. Ол әр алуан 100 іс-шарадан тұрады. 
Мемлекет басшысы Қазақстан мен барша қазақстандықтардың осы айтулы мерекені кең ауқымда атап өтуіне көңіл бөлуде. Сондықтан тұжырымдамадағы іс-шаралар республиканың барлық өңірлерін қамтығалы отыр. 
Жергілікті бұқаралық ақпарат құралы ретінде біздің басылым да айтулы мерейтойға арнап газет сандарында арнайы айдарлар ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Олай болса, қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толу мерейтойына байланысты алдағы нөмірлерде жалғастыратын боламыз.

 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін162
mod_vvisit_counterКеше1957
mod_vvisit_counterОсы аптада10519
mod_vvisit_counterӨткен аптада13911
mod_vvisit_counterОсы айда37659
mod_vvisit_counterӨткен айда37584
mod_vvisit_counterБәрі2476841

Серіктестер