Онлайн газет



Елдік мақсаттар еңбекпен еселенген жыл

А.Шотбасова,
«Ауыл жаңалығы».

ҚР Президентінің 2013 жылғы 15 тамыздағы «Әкімдердің халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы» №615 Жарлығына сәйкес Байзақ ауданының әкімі М.Ж.Шүкеевтің 2014 жылы атқарылған жұмыстар жайындағы есебі аптаның сейсенбі күнінен бастау алды. Бұл күні сонымен қатар, орталықтағы Бәйтерек, Сарыкемер ауылдық округтері әкімдерінің де есепті кездесулері қоса ұйымдастырылды.

Алдымен таңғы сағат 10.00-де Сарыкемер орта мектебінде өткен жиында Бәйтерек ауылдық округінің әкімі М.Қилыбаев сөз сөйледі. Осы округте өткен жылы істелген өрелі шараларды тізбектеген Мұхтар Исақұлы мемлекеттік бағдараламалардың жемісі, білім ошақтарының жетістіктері,  жол жөндеу, газдандыру, көшелерді жарықтандыру, жалпы халық қамын жасау жолындағы барлық жағымды жаңалықтарды атап өтті.
Мұнан соң аудан әкімі М.Шүкеев ауданның 2014 жылғы әлеуметтік-экономикалық қорытындылары туралы есебін жасады. Мұратхан Жүнісәліұлы өз сөзін Елбасының «Нұрлы жол-болашаққа бастар жол» атты Жолдауында «Мен өзімнің тәжірибемнен алдын ала сезіп отырғанымдай, таяудағы жылдар жаһандық сынақтардың уақыты болады. Әлемнің бүкіл архетиктурасы өзгереді. Барлық елдер осы күрделі кезеңнен лайықты өте алмайды. Бұл шептен тек мықты мемлекеттер, жұдырықтай жұмылған халықтар ғана өтетін болады» деген мәлімдемесімен бастап, былтырғы жылдың қорытындысымен таныстырды. Ауданның өнеркәсіп кәсіпорындарымен өндірілген өнім көлемі, ауыл шаруашылығы саласындағы сапалы істер, оның ішінде «Сыбаға», Құлан», «Алтын асық» бағдарламаларының шапағаты, жылыжай салып, жұмысын жандандырып отырған шаруалар, тамшылатып суару технологиясының тиімділігі, ауданымызда шағын тауарлы сүт фермаларын салу бойынша қолға алынған бастамалар турасында егжей-тегжейлі айтып берді. Мысалы, есепте кезеңде ауданның өнеркәсіп кәсіпорындарымен 2 млрд. 430 млн. 050 мың теңгенің өнімі өндірілсе, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 14822,5 млн. теңгені құраған. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша аудандағы 6 шаруа қожалық жалпы сомасы 74,8 млн. теңге несие алып, 444 бас ірі қара малдары сатып алынған. Дәл осылай Мырзатайдағы «Жақсылық», Түймекенттегі «Достық-99» шаруа қожалықтары «Құлан», ал, Ботамойнақтағы «Шынасыл», «Серік», Жаңатұрмыстағы «Күдериев», «Қуат» шаруа қожалықтары «Алтын асық» бағдарламалары негізінде несие алып, жұмыс істеуге ниеттеніп отырған көрінеді. Алайда, аудан басшысы ауыл шаруашылығы саласында жұмыртқа өндіру жағынан анағұрлым аз көрсеткішке ие болып отырғанымызды да атай кетіп, алдағы күндері құс санын арттыру арқылы бұл олқылықтың да орны толтырылатынын сөз етті.
М.Шүкеев мұнымен қатар, шағын және орта кәсіпкерлік саласының мәртебесін арттырудағы мәнді тірліктер, «Бизнестің жол картасы -2020», «Жұмыспен қамту-2020», «Аумақтық даму», «Өңірлерді дамыту» бағдарламалары мен «Өрлеу» жобасының жүзеге асырылуы, аудан бюджетінің орындалуы, жиналған салық көлемі және денсаулық, спорт, білім, мәдениет салаларындағы жетістіктер мен кемшін тұстарды да тілге тиек етті.  Мысалы, өткен жылдың соңына таман ауданымыздың мәдениет саласында игілікті істер атқарылды. Яғни, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасына сәйкес елдімекеніміздегі бірнеше мәдени нысанға жөндеу жұмыстары жүргізіліп,  оған барлығы 12,0 млн. теңге қаражат жұмсалынған. Олардың ішінде, Түймекент, Қызыл жұлдыз, Байзақ, Ынтымақ ауылдық клубтары мен орталық кітапхана бар. Мәдениет ошақтарының материалдық-техникалық базаларын нығайту мақсатында Мырзатай, «Дихан-2» ауылдық клубтары мен Түймекент ауылдық мәдениет үйіне ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілсе, аудандағы әл-Фараби атындағы мәдениет ошағын қоршау үшін 4,5 млн. теңге жұмсалынған. Осылай деген өңір басшысы жер-жерлерде жаңадан бой көтеріп, халық қолданысына беріліп жатқан емдеу мекемелері, ондағы сапалы қызмет, ауруларға қарсы шаралар, туу көрсеткішінің артуы қуантарлық жәйт екенін жеткізді.
Мұратхан Жүнісәліұлы мәдениеттегі мақтанарлық жұмыстар мен денсаулық саласына ден қоюшылықтан бөлек, білім саласына жүктелер міндет жайлы да баса айтты. Әсіресе, ҰБТ-ге дайындық жұмысына басты назарда ұстап, біріге жұмыс жасауға шақырды. Қылмыспен күрес және оның алдын алу, тазалық айлығының нәтижесі, жастардың белсенділігі және қарияларға жасалып жатқан қамқорлықтар баяндама соңында толығымен айтылып өтілді.
Кезек тұрғындардың ұсыныс-пікірлері мен сұрақ-жауапқа келгенде, Сарыкемер орта мектебінің директоры М.Наметқұлов ортаға шығып, республика, облыс, аудан тарапынан білім саласына қолдау жасалып жатқанына ерекше ризашылығын білдіріп, оқушылардың біліктілігін арттыруда ұстаздармен бірге барлық күш-жігерлерін жұмсайтындықтарына уәде берді. Ал, еңбек ардагері Р.Рүстембеков ұсақ шаруа қожалықтарын ірілендірудің пайдасын айтып, өзі де осы іске қолдау көрсеткелі жатқанын жеткізді. Келелі кездесуде тұрғындар тарапынан  Сарыкемер орта мектебіне баратын  тас жолға шамдар орнату, Орынқұлов көшесімен Қосы батыр қиылысына өткел жол сызу, Базарбай ауылындағы мектеп пен медициналық пунктке газ кіргізу, Н.Киікбаев орта мектебінің жанындағы көпірді жөндеу т.б. көкейкесті мәселелерге көмек көрсетілсе деген сұраныстар білдірілді.
Түске таман есепті кездесу белгіленген кестеге сәйкес Қазақстанның 40 жылдығы орта мектебінің акт залында өткерілді. Мұнда Сарыкемер ауылдық округінің әкімі С.Тлеуқұлова ауыл тұрғындары алдында есепті баяндамасын  жасады. Аудан әкімі М.Шүкеев   ауданның 2014 жылғы әлеуметтік-экономикалық қорытындылары туралы айтып берді. Өз кезегінде  аудан, ауыл әкімдерінің баяндамаларына арқау болған барлық жұмыстар сахна төрінде  слайд арқылы көрсетіліп тұрды және тұрғындар үшін арнайы жәшік қойылды.
Негізінен жиын барысында сарыкемерліктер қант қызылшасын егуде көрсетілетін жеңілдіктер туралы сұрастырса, қаңғыбас иттерді аулау, қоқыс жинауды апта сайын ұйымдастыру кезек күттірмейтін мәселе екендігін алға тартты. Енді бір тұрғындар  орталыққа ауызсу қай уақытта беріледі деп жатса, “Ауыл береке”-”Сарыкемер” бағытындағы автобустардың уақытын ретке келтіру және  аудандық емханаға барар жолды халық ыңғайына қарай жөндеуге көңіл бөлінсе деген тілектерін жеткізді. Осы және өзге де сауалдарға аудан әкімі М.Шүкеев тиісінше жауап беріп,  сала басшыларына тапсырмалар жүктеді. Ал жиын соңында аудан әкімі Мұратхан Жүнісәліұлы 2014 жыл елдік мұраттар еңбекпен еселенген жыл болғандығын  атап өтіп, ауқымды шаралардың атқарылуында өзіндік қолтаңбалары бар үлкен-кішіге алғысын жеткізді. Алда болатын Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ата Заңымыздың 20 жылдығы, Ұлы Отан соғысының 70 жылдық торқалы тойына белсенді түрде атсалысуға шақырды. Елбасының “Нұрлы жол-болашаққа бастар жол” атты Жолдауындағы міндеттерді межелеуде ынтымақтаса жұмыс жасауға үндеді. Елге береке-бірлік тіледі.
Алқалы жиынға аудандық мәслихаттың хатшысы Н.Үкібаев, аудан әкімінің орынбасарлары, аудан әкімдігіне қарасты бөлім басшылары мен халық қалаулылары,  ақсақалдар және жастар қауымы қатысты.

Обновлено 22.01.2015 16:17
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін696
mod_vvisit_counterКеше1971
mod_vvisit_counterОсы аптада10955
mod_vvisit_counterӨткен аптада8989
mod_vvisit_counterОсы айда27585
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2279254

Серіктестер