Онлайн газет



“Маржан шашып жүректен...”

Белгілі қазақ ақыны Жақсылық Сәтібеков 1937 жылы маусым айында Байзақ ауданындағы «Теспе» (қазіргі Мәдімар) ауылында дүниеге келген. 1953 жылы аудандағы Новоивановка орта мектебін бітірген бойда, Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика бөліміне түсіп, осы жоғары оқуды 1958 жылы тамамдаған ол зейнетке шыққанға дейін облысымызда әр алуан қызметтер атқарды. ССРО Жазушылар Одағының, Қазақстан Жазушылар Одағының, Қазақстан журналистер Одағының мүшесі Жақсылық Сәтібеков әр жанрдағы 15 тен астам кітаптың авторы.
Қазақстан Журналистер Одағы силығының лауреаты, Жамбыл облысының және Байзақ ауданының Құрметті азаматы Ж.Сәтібеков 75 жасқа қараған шағында ұзаққа созылған науқас салдарынан 2011 жылы 22 қыркүйекте дүниеден озды.

ССРО Жазушылар Одағының, Қазақстан Жазушылар Одағының, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Жамбыл облысының және Байзақ ауданының Құрметті  азаматы, ақын жерлесіміз Жақсылық Сәтібековтың шығармашылығына  арналған аудандық тұңғыш көркемсөз оқу шеберлері байқауының

Е р е ж е с і

Байзақ ауданы әкімдігінің білім бөлімі мен аудандық әл-Фараби атындағы мәдениет үйінің бірлесе ұйымдастыруымен 2015 жылдың 28-ші қаңтарында Н.Киікбаев атындағы орта мектепте «Маржан шашып жүректен...» атты көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы өткізіледі.

Байқаудың мақсаты:
Жас ұрпақты өмірден өткен Ж.Сәтібековтың артында қалған мұраларымен кеңінен таныстыру және ақын шығармашылығын насихаттай отырып туған тіліміздің мерейін асқақтату. Шәкірттерді осы іс-шара арқылы әдебиетке бейімдеу, таланттарға қолдау көрсету.

Байқаудың шарттары мен талаптары:
Байқауға аудан аясындағы мектептердегі 7 сыныптан бастап 11 сынып аралығындағы оқушылар қатысады.
Үміткерлер ақын Ж.Сәтібековтың 15  өлеңін жатқа білуі тиіс. (Ол өлеңдер осы ережемен бірге газетке басылып отыр.) Әр қатысушы осының ішінен 2 өлеңді жатқа оқиды, қай өлеңдер екені үстел үстіндегі жабық билеттер арқылы белгілі болмақ.
Дайын фонограмманы пайдалануға тиым салынады.
Қазылар алқасы үміткерлердің:
–Мәнерлеп оқу шеберлігіне;
–Дауыс мәнері мен тіл тазалығына;
–Сахна мәдениетіне баса назар аударады.

Байқау жеңімпаздары қазылар алқасының ұйғарымымен арнайы Дипломдар және бағалы сыйлықтармен марапатталады.
Шәкірттерін байқауға тиянақты даярлаған мұғалімдердің де еңбегі  ескеріледі.
Басталуы сағат 10:30-да, мектептің акт залы.
Байқауға қатысушы үміткерлердің сұраныс хаты аудан әкімдігі білім бөлімінің әдіскерлер кабинетінде 26 қаңтарға дейін тіркеуге алынады.
Барлық анықтаманы мына байланыс телефондары арқылы білуге болады: 8 705 711 36 74;     8 777 153 96 11, 8 705 161 64 68.

 

Атамекен

Жер артық па, дейсің досым, Көкшеден,
Білем, оған шығар еді ексе өлең...
Қанша мықты жырласа да Көкшені,
Оза қояр ма екен сірә, тек сенен?

Қалың елге қасиетті Қарқара
Алқа болып тағылғандай Арқаға.
Соны ғана сүйген жүрек болмаса.
Бөгде жүрек жырдың жүгін тарта ма?

Бар алашқа аялы ғой Баяны,
Бөтенсінбей алақанын жаяды.
Ару тауды тербей алмақ сөйтсе де,
Жолаушының қай өлеңі, қай әні?

Жатсынар кім оранған жарғақты...
Әлем кезіп, көрсе-дағы сан бақты.
Сыр ұлына сыр бойының шеңгелі,
Жасыл шырша, ақ қайыңнан ардақты.

Маған-дағы ыстық туған мекенім,
Бола қоймас бұған күдік-секемің.
Көрмеген жұрт білмейді ғой, не керек,
«Айырөткел» жер ұйығы екенін.


Көшеней сарыны

Майда нөсер сорып алды қыр шаңын,
Сонау белден көтерілді сұр сағым.
Көк жылғаның үкілі бас құрағын,
Тербетеді, әлдилейді бір сарын.

Көшенейдің сарыны бұл баяғы,
Көшенейдің сарыны бұл аялы.
Қарсы алады ұяң дала уылжып,
Қызыл гүлдер алақанын жаяды.

Сол бір сарын –кеште тағы тынбайды,
Тербетеді, әлдилейді түнгі айды.
Сол  сарынмен дала тегіс мүлгиді,
Мүлгіп жатып түні бойы тыңдайды.

Бөтен дыбыс естілмейді басы артық,
Белеңдермен, белестерден асар тік.
Бала жастан таныс болған сол сарын,
Көңілімді тастайды бір жасартып...

Жастық, жастық
(Соңы іздеймін аз енді)
Естілмейді Көшенейдің сазы енді.
Айдалада тұрам көзден жас төгіп,
Сағынып шын жастық шақты, әжемді.


Туған жер

Орап ап сәлде бұлтқа өткір басын,
Қарсы алды мені тағы Тектұрмасым.
Есіме түсті сол сәт өткен күндер,
Ауылым, бірге өскен көп құрдасым.
Тулаған тентек мінез бала сынды,
Қалайша ұмытамын Таласымды...
Жалт Етіп әр жерінен ерке шабақ,
Қылығын көрсетеді жарасымды.

Жерімнің самал желі құшты мені,
Тоғайда қуанысып құс күледі.
Тартады бәрі бірдей бауырына,
Туған жер мұнша неткен ыстық еді.


Жартас

Оқ жыланның бауырын қарыған тас от болып,
Тау  ешкінің тұяғын жаныған тас шот болып.
Бүркіттінің бойында жаралы төс жартас тұр.
Ғасырларды қасқайып келе жатқан өткеріп.

Болушы еді тас жұмыр, болушы еді тас шымыр
Анықтап бір қарайын көлбеңдемей қашшы, іңір.
Жаралы төс жарлы тас, жабықпашы бір мезет,
Сырларыңды сезейін, кеудеңді кең ашшы бір.

Балаларды бағзыда кеткенде айдап жат мекен,
Шор боп біткен бұл жара жазып кеткен хат па екен?
Солай, солай болар-ау, мүжіле ме тас бекер.
Қаратауды қажытқан қайғы тастан қатты екен.


Аналар

Сүңгіп кетем мамық бір сезімге мен,
Жалғыз ауыз сөзі үшін «қозым» деген.
Ақ бесікті күзетіп көз ілмеген,
Ақ тілеумен сырласқан кезін көрем.

Елжіремей шыдарсың қалай ғана,
Құшақ жайса ақ ана, арайлы ана
Сол бір сәтте сыздайды саумал –бұлақ,
Ақ төсіне құла да, ал аймала.

Ана алдында өзіңді «басқара» біл,
Жазық болсын, жаз болсын қас –қабағың,
Жабық болсаң, түнерген бұлт болсан,
Ана жанын жасытып, жасқағаның.

Ана алдында борышың күле білген,
Кеудесіне шын күлкің-гүл егілген.
Сен жат болсаң, ол да жат, өйткені сен,
Жаралғансың ананың  жүрегінен.


Мықтылық

Бала едім кеше табанын қырда тас тілген,
Тастақты жолмен жылжыдым, алға астым мен.
Көбелек қуып ойнайтын балғын күндерім,
Алысып өтті жоқшылық деген қасқырмен.

Арайлы таңды қарсы алу үшін нық тұрып,
Жауымды жықтым, мен емес оны жықты үміт.
Көбелек қуып жүрмедім, бәлкім содан ба,
Келеді маған серік боп төзім, мықтылық.
Жетімді сол бір кезімде менің қаршадай   
Мойныма мінді, бүгінде әппақ қар самай.
Мықтылық деген осыдан сірә асар ма,
Келемін әлі көтеріп оны шаршамай.


Тасжарған

Қызығамыз таудың биік шыңына,
Қызығамыз қырдың мөлдір шығына,
Бірақ біздер елемейміз көбіне.
Үңілмейміз тасжарғанның сырына.

Көкіректен будақтамай ақ жалын,
Мүмкін емес, мүмкін емес бақ жану.
Нәзік шөптің ерлігіне таң қалам,
Оңай боп па қара тасты қақ жару.

Кімдер ғана қызықпаған қас жалған,
Кім қумаған ақ маралдай қашса арман?
Қара тасты жарып шыққан шөп емес,
Өмірге ынтық тіршілік қой тас жарған!


Алтайға

Кеуде қақпа, басыңды и де төмен,
Дос-жаранға өзіңді сыйлы ете гөр.
«Алтеке» дейін мен-ақ, артық көрме,
Сыйлы сөзге құлақты үйрете бер.

Арсыз аран, асылық ас таңдатар,
(Ұмытпа, ұлым, қарғыс сөз тастан қатал)
Биік деп біл жерден сен бетегені,
Асқынғанға көрінер аспан да тар.

Ұлым, сенің заманың тамашалы,
Заманыңа еркелік жарасады.
Еркелік тек арқадан түспеу емес,
Тірліктің де талады қара саны.

Кірме болмай кесепат-кер қылыққа,
Тірлікте атқа салар ерді мықта.
Қанша жерден жүрсең де ат үстінде,
Қайырлып қайта түсер жерді ұмытпа.


Борыш

Іргені  сипап ашып таң келеді,
Ызыңдап құлағыма ән келеді.
Бір  күнім шынымен-ақ өтіпті ғой.
Ұмытып кетпедім бе әлде нені...

Тағы да талай жұмыс қалды бітпей,
Мән бермей өте шықтым сал жігіттей.
Баланын тыным табар күні бар ма,
Даланың ажарына қан жүгіртпей.

Сол үшін келер таңға асығамын,
Жатады көкірегімде тасып ағын,
Келешек күн керуенін қабылдайтын,
Бейне бір нар қақпадай ашыламын.
Күнде атып тұрса таным ала-көлең,
Мен оны қарсы алуға бара берем,
Білсем мен бітерімді, келер таңды
Тапсырып кетер едім балама мен.


Ана
(Әні бар)

Есіңде түнде тұрып тербеткенің,
Есіңде қай сағатта еңбектедім.
Білемін елжірейсің сәби көріп,
Кетпейді құлағыңнан жөргектегі үн.

Бір өзің мені әлпештеп құндақтаған,
О, ана, кім бар сенен қымбат маған.
Ойласам ақ сүтіңнің ақталуын.
Түнде ай, күндіз бейне күн батпаған.

Қыраулап самайыңа қыс келіпті,
Жүзіңе әжім мәңгі түстеніпті.
Көрсе  де жазы өткенін өміріңің,
Құлының  уайымын тек іште бүкті.


Таңсәріде
(Әні бар)

Самал желпіп, тербеледі қарағай,
Көк төсінде еркін жүзіп барады ай.
Алтын айдай ақ сәулешім жанымда,
Жүріп келем өзен бойын жағалай.

Таң келеді көк жиектен арайлап,
Нұр жамылды, жыр жамылды бар аймақ.
Гүл жайнайды аяулымның ақ жүзі.
Күлімдеген күн жолына қарайлап.

Қырдың қызыл қызғалдағы қырмызы,
Жамыңдаған таңғы аспанның жұлдызы.
Сұлусыңдар таласпаймын, бірақта,
Ерекше ғой еркетайдың нұр жүзі.
* * *
Көктемде көркем көгілдер таудың баурайы,
Шебер қыз қолдан тоқыған кілем – аумайды.
Ертесін келіп маралдың мойнақ лағы,
Қарақат көзі мөлдіреп гүлге аунайды.

Көктемде көркем жазира таудың баурайы,
Арудың әні, ғашықтың назы – аумайды.
Сайдағы бұлақ, қырдағы құрақ, бұлбұл құс
Қосылып бәрі жырлайды ұзақ тау жайлы.

Кешкісін таудың төскейі жұлдыз – қаулайды,
Махаббат от боп, махаббат от боп лаулайды.
Келсеңші қалқам, осынау думан төріне,
Қайтайық шарлап, қайтайық шарлап баурайды.


Қайратқа

Ұлымды жерге, жүректі.
Қайғыға, достар, тапсырдым,
Аз күнде мені жүдетті,
Қазасы кенет жақсы ұлдың.
Көкірегім бүгін азалы,
Зар өлең, бірақ шығарман...
Қатыгез сол бір қазаны,
Жеңбей ме қалған шын арман.

Туған ол елді қуантып,
Гүл болып туған ол бастан.
Біздерге жалғыз мұң артып,
Гүл күйі кетті солмастан.


Сына мені

Араладым жыр таңы атпай бақты,
Әуейі бақ жырымды қақпайлапты.
Кешір дала, кешігіп жырласам мен
Түздің көркі – айыр жон ақ тайлақты.

Ақ сақалы атамның-ақ селеуің,
Арналмапты оған да жақсы өлеңім.
Боз жусанды жырыңа қоспадың деп,
Кіналасаң айтатын жоқ себебім.

Шыққан жоқ қой ұлыңнын тілі бүгін,
Оны да сен кешірдің, ұлылығың.
Түсіре алсам есіңе жарар аді,
Кісінеген қырдағы құлын үнін.

Таласым жоқ, кең далам, аласыңа,
Оң көзіңмен сен маған қара, сына.
Ана десе кететін ақтарылып,
Ұқсаймын ба даланың баласына.


Төрлетіңдер, жолдастар

Есік ашық, жолдастар,
Үйге еніндер.
Үйге еніңдер,
Дәм-тұз бар-сый көріңдер. –
-    Қане, Әзеке.
Жай бәрін жігіттерге,
Не қалайды,
Тартынба, сүйгенін бер.

Асықпаңдар,
Уақыт бар парадқа әлі.
Сендерді күтудеміз таң атқалы.
Балалар кетті әлгінде көршілерге,
Құттықтауын бұл үйдің таратқалы.
Дейік:
-Ортақ бұл күнді туған күн де,
Құттықтай бер,
Қысылма бұған мүлде.
Сексендегі шешейді,
Қарашы ұлым,
Киіп жатыр киімнің бар асылын.

Бізді оятқан сол кісі таңсәрде,
Дейсіндер ғой, сондағы аңсары не.
-Жараспайды керіліп жатқан бүгін,
Көргің, -дейді, - бақыттың атқан күнін.

Обновлено 08.01.2015 09:44
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін33
mod_vvisit_counterКеше1583
mod_vvisit_counterОсы аптада10638
mod_vvisit_counterӨткен аптада10587
mod_vvisit_counterОсы айда6545
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2258214

Серіктестер