Онлайн газет



ЖЫЛҚЫ ЖЫЛЫ НЕСІМЕН ЕРЕКШЕЛЕНДІ?

М.Манекеев,
«Ауыл жаңалығы».

Өтіп бара жатқан жылқы жылы халқымыз үшін несімен ерекшеленді? Әрбір жаңа жылдан жақсылық күтетін елміз ғой. Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, 2014 жылы еліміз үшін сәтті болғаны сөзсіз. Енді бәрін рет-ретімен баяндайық.
2014 жылдың қаңтар айында Елбасы Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауын жария етті. Жолдау: «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» деп аталды. «Қазақстан – 2050» – Мәңгілік Елге бастайтын ең абыройлы, ең мәртебелі жол» деп Елбасы атап өткендей, Жолдаудың ел өміріндегі маңыздылығын бір сөзбен айтып жеткізу қиын. Өйткені, онда мемлекетіміздің баянды болашағы, ел тәуелсіздігінің нығаюы, халықтың әлеуметтік жағдайы, республикалық дәрежедегі стратегиялық мәселелер жан-жақты қамтылды. Мемлекет басшысының осы жылдарға дейін жарияланған Жолдауында тілге тиек етілген мәселелер бүгінде елімізді әлемнің дамыған 50 елдің қатарына қосып, ендігі меже – 30 елдің бірі болу. Бұл баршамыз үшін зор мақсат екені сөзсіз.
Қазақстанды бүкіл әлем бейбіт ел, ұлтаралық достық салтанат құрған мемлекет ретінде танитыны белгілі. Келесі жылы әлемде бірегей болып саналатын Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық мерейтойы кең көлемде атап өтілмек. Ал биыл Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Елбасының қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясы өтті. Мұны да 2014 жылдың маңызды оқиғаларына жатқызуымызға болады. Өйткені халқымыздың ынтымағы мен бірлігін көздің қарашығындай сақтау мемлекетіміз үшін биік белестерді, асқар асуларды бағындыруға мүмкіндік берері сөзсіз.
Әлемдік саясаттың сахнасына қарайтын болсақ, береке-бірліктің, ауызбіршіліктің жоқтығынан зардап шегіп отырған елдер аз ба? Алысқа бармай-ақ Украинадағы толқуларды атап өтсек те жеткілікті болар. Қаншама қан төгілді, қаншама халық зардап шекті. Бұл елдегі жағдай әлі күнге дейін оңала алмай келе жатыр. Украинадан кейінгі жағдайдан өрбіген АҚШ пен Ресейдің текетіресі екі ел арасындағы экономикалық санкцияларды үдетті. Бұл санкциялар қазіргі таңда Ресейдің экономикалық тұрақтылығын шайқады. Жалпы алғанда, әлемнің бірқатар елдері саяси кикілжіңдерден, мүдделердің қақтығысынан көз ашар емес.
Өз елімізге оралатын болсақ, Елбасының сындарлы саясатының арқасында мемлекетіміз экономикалық дамудың көрсеткіштерін сақтап қана қоймай, ілгерілету, дамыту мәселелеріне назар аударып келеді. Индустриялық-инновациялық саясат сәтімен жүзеге асырылуда. Елбасы күні кеше ғана «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына арнаған жаңа Жолдауын жария етті. Әлемдегі экономикалық жағдайды ескере отырып, соған байланысты пайда болу мүмкіндігі жоғары дағдарыстардың алдын алу мақсатында қабылданған Жолдау экономикамыздың іргесін беріктендіруге, халықтың әл-ауқатын төмендетпеуге бағытталды.
2014 жылдың еліміз үшін тағы бір маңызды әрі елеулі оқиғасы бұл, сөзсіз, Елбасының Ұлытау төріндегі сұхбаты деп бағалауымызға болады. Неге? Өйткені, Елбасының сұхбаты қазақ тілінде берілді. Ұлттық тіліміз ұлықталған сұхбатта айтылған ойлар да халықтың жүрегінен орын алды. Бұл сұхбат «қазақтарда мемлекет болмаған» деген жөнсіз пікірді түбегейлі жоққа шығарды. Елбасы біздің өркениетіміз сонау ғұндардан басталатынын қадап айтты. Мемлекеттік тілдің мәселесіне ерекше назар аударып, Қазақстанда қазақ тілінің болашағы зор екенін атап өтті.
Әрбір жаңа жылда біз «Жаңа жылда жақсылық болғай» деп жақсы тілек айтамыз. 2014 жылдың барлық жақсы оқиғаларын айтып шығу мүмкін болмас. Ал келер Қой жылы еліміз үшін дәл осындай табысты жыл болсын деп тілейік!

 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1458
mod_vvisit_counterКеше1609
mod_vvisit_counterОсы аптада10480
mod_vvisit_counterӨткен аптада10587
mod_vvisit_counterОсы айда6387
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2258056

Серіктестер