Онлайн газет



Бір ғасыр жасаған ана

Г. Ермұратова,
“Ауыл жаңылығы”.

Құрмет көрсетілді

Көңілдегі ой сандығын көрікті ойлармен толтырып, өзіне берілген өмірін еңбекпен өрнектеген аймантөбелік   еңбек ардагері Күләш Нұртаева  бүгін  100 жасқа толды. 100 жылдығына бала-шағасы бірінен соң бірі келіп құттықтап жатқан кейуана осы күнге аман-есен жеткеніне, артынан ерген ұрпағына қарап шүкіршілік етеді.  Ғасыр жасаған қарияны мерейтойымен  Дихан ауылдық округінің әкімі О. Ақылбаев құттықтап, иығына орамал жауып,  зерделі камзол   кигізді.


Өмірін еңбекпен өрнектеген

Күләш Нұртайқызы 1915 жылдың 1 қаңтарында  Мырзатай ауылдық округіне қарасты  Дихан ауылында дүниеге келіпті. 2 жасында анасы  Рысбаладан   айырылып, тағдыр тауқыметін көрген   әжеміз   балалық шағы   сол тұстағы    азамат соғысымен тұспа тұс келген екен.  Жастық  дәурені  қуғын-сүргін, Ұлы Отан соғысы, соғыстан кейінгі жылдардағы  қиыншылықтарды бастан кешкен   бойжеткен  он алты жасында тұрмысқа шығады.  Дихан ауылдық округіне қарасты  Аймантөбе ауылында  сушы, қызылшашы болып зейнетке шыққанша еңбек етті. Жыл он екі ай келіп отыратын барлық жұмыстарға белсене араласқан алып ана   көп жылғы жемісті еңбегі үшін түрлі наградалармен марапатталды. Өмірде көрген қуанышы да, қайғысы да аз болмады. Әсіресе, құдай қосқан қосағы Айнақұлды,  жалғыз ұлы Бауыржанды қара жер қойнауына тапсыру оңайға соқпады. Жүрегі қан жылап, жер бауырлап жатып алған кезі де болды. Алайда Алланың сынағына мойымады,  сабырды серік етті, шөпшектерінің  тәтті қылықтары өмірге құлшындырды, бойына күш-қуат берді.
Құдай қосқан қосағы Айнақұл соғыс ардагері  болатын. Жаны таза, еңбекқор, кісілігі мен кішілігі тең түскен арда азаматтан бір ұл, үш қыз сүйді. Тұңғышы Зурасы мен  Мейрамкүл,  Ұлтуған атты қызы, ұлы Бауыржаннан (марқұм) тараған ұрпақтар көз алдында ержетіп келеді. Тағдырдың тауқыметін қасқая қарсы алған үлкен жүректі Күләш әжеміз бүгінде бір отбасының ғана емес, бүкіл туған-туыстың, қала берді бүкіл ауылдың ақылшысына айналған. Барға тасымаған, жоққа  жасымаған,  қара жұмыстың қазанында  шыңдалған  ғибрат иесі өзінің барлық ұрпақтарын еңбекке баулып, бәрінің де жоғары білім алуына жағдай жасаған екен.
- Рухы биік, еркін халықтың ұрпағымыз, бір шетінен екінші шетіне дейін қыран қанаты талатын, тұлпар тұяғы тозатын кең-байтақ қазақ елінің азаматымыз, кемеңгер елдің ұрпағымыз. Сондықтан әрбір адам  өз өмірінің қожасы болғандықтан  мына жалған  тіршілікте өкінбейтіндей етіп өмір сүргені абзал.  Жиған-тергенін  орынсыз шашпай, үнемдеп жұмсап,  адамдарды  туғанындай жақсы көрсін. Халықты қадірле, халық үшін еңбек етіп, ел-жұртқа қорған болып өмір сүрген адамның  ар-ожданы таза болады. Жандүниесі кірленбеген адам жан-жағына жақсылық нұрын шашып жүреді емес пе?
Өмірімде  ешкімнің ала жібін аттамадым,  қиянаттың ауылынан аулақ жүрдім, азға қанағат еттім, алақан жайып,  ешкімнің алдында телмірмедім. Алланың берген жасын өнегелі етіп  өткіздім. Өмірден түйгенім-ата-ананың  махаббаты мен сүйіспеншілігіне бөленген  баланың жүрегі  жұмсақ, бауырмал, мейірімді болатындығын немере-шөбере, шөпшектерімнен көріп жатырмын.
Қарақтарым менің.  Әрбір атқан таңды көргендеріңе  шүкіршілік етіңдер. Елбасымыздың   еліне жасап жатқан қамқорлықтарын  бағалаңдар, тәуелсіздікті тұғырлы ете біліңдер.  Азат елімнің ұландарына  менің жасымды берсін, бейнетімді бермесін,-деп батасын берді Күләш әже бізбен қоштасарда.

ұрпағымен өркен жайған

Жан-жағына сәулесін шашқан Күләш әжей  күйеу баласын ұлындай, келінін қызындай көреді екен. Күйеу балалары  Балпанқұл, Аманкелді, Жолдас: «Ортамызда алып таудай болып отырған әжеміз шаңырақтың   берекесі ғой.  Тұла бойы  шежіреге толы, көненің көзі болған анамыздан үйренеріміз  аз емес», – деп ағынан жарылды.
Бүгінде жан-жағына шуағын шашқан әжеміз үш қызы, бір ұлынан  22 немере, 52 шөбере, 11 шөпшек сүйіп отыр. Үлкен қызы Зура 75 жасқа келіп өзі де  әже атанып отырған жайы бар. Күләш апамыздың құлағы сәл ауырлағанымен, әлі де тың, қимылы ширақ, мал басын жетік білетіндігі, келген қонағын жылы қабақпен қарсы алып, барын алдына қоятын қасиетіне тәнті болдық.  Келіні Акулина,  немересі Қуаныштың  зайыбы Жаңыл, немересі Нұрғиса анамыздың қас-қабағына қарап, бар жағдайын жасап отырғаны бізді қуантты.
«Адам адамнан тек білімі мен ақыл-ойы арқылы ғана озады» деп хакім Абай атқандай, халқымыздың  сан ғасырлық салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрпын бойына жинаған, жаны әйел болғанымен, ер-азаматтың тірлігін атқарған ғазиз ананың шынайы  болмысына тәнті болдық.

Обновлено 08.01.2015 09:34
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1525
mod_vvisit_counterКеше1609
mod_vvisit_counterОсы аптада10547
mod_vvisit_counterӨткен аптада10587
mod_vvisit_counterОсы айда6454
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2258123

Серіктестер