|
Г. Әбдіқұлова, “Ауыл жаңалығы”.
Ұлттық құндылығымызды дәріптей отырып, жастардың шығармашылығын дамыту, олардың бойында өнегелік қасиеттерді қалыптастыру және өнерге баулу мақсатында аудан орталығындағы Сарыкемер мектебінде
« Жастар орталығының» ұйымдастыруымен аудандық «Күз ханшайымы мен ханзадасы» байқауы өтті. Оған 9 ауылдық округке қарасты мектептерден: Ғ.Мұратбаев мектеп гимназиясы атынан А.Жақсығұлова мен Ж.Нұрмаханұлы, Ынтымақ ауылдық округінен М.Үсәлі мен Ж.Илан, Н.Киікбаев атындағы орта мектептен А.Романов пен М.Қияшова, Түймекент ауылдық округінен Ж.Байтұрсынов пен Э.Мансур, Ю.Гагарин атындағы мектептен М.Муринов пен Г.Юлдаш, Қызыл жұлдыз ауылдық округінен Д.Канадилов пен С.Қырымбаева, Сарыкемер орта мектебінен Ж.Бурамбаев пен К.Суюнова, Бурыл ауылдық округінен М.Манкеева мен Д.Алғабас, Қазақстанның 40 жылдығы орта мектебінен А.Туйжаргенова мен А.Күзекеев, жалпы 9 жұп қатысып, өнерлерін ортаға салды.  Аталмыш шараны аудан әкімінің орынбасары С.Кенжебаев ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. «Таныстыру», «Өнерлінің өрісі кең», «Сән үлгісі», «Егер сіз...?» аталымдары бойынша сайысқа түскендер алдымен өздерін таныстырудан бастады. Жұптардың бірі қара сөзбен, енді бірі өлеңдетіп, енді бірі ертегі қойылымы негізінде өздерін таныстырса, өнер көрсетуда Ынтымақ ауылдық округінен келген М.Үсәлі мен Ж.Иланның жұбы балауса жырларымен көрерменді елең еткізді. Қазақстанның 40 жылдығы атындағы мектеп атынан қатысқан А.Туйжаргенова мен А.Күзекеев жұбы африка халықтарының биін билеумен дараланды. «Сән үлгісі» номинациясында Ғ.Мұратбаев мектеп гимназиясы атынан түскен жұптың «Астана» үлгісі, Сарыкемер орта мектебінен Ж.Бурамбаев пен К.Суюнова жұбының киімдері қайталанбас үлгілерімен айшықталды. «Егер сіз...» аталымында Ғ.Мұратбаев мектеп гимназиясы, Н.Киікбаев атындағы мектептің және Түймекент ауылдық округінен келген жұптар ситуациялық сауалдардан мүдірмей өтіп, алға шықты. Сайыс қорытындысы бойынша Ғ.Мұратбаев мектеп гимназиясының намысын қорғаған А.Жақсығұлова мен Ж.Нұрмаханұлы бірінші орынды жеңіп алып, “Күз ханшайымы мен ханзадасы” атанды. Екінші орынды Қазақстанның 40 жылдығы орта мектебінен А.Туйжаргенова мен А.Күзекеев жұбы, үшінші орынды Түймекент ауылдық округінен келген Ж.Байтурсынов пен Э.Мансурдың жұбы иеленді. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтармен қатар Дипломдар табыс етілді. Әдемі сайыс ажарын талантты әншілер мен мың бұралған бишілер келтірді.
|