Онлайн газет



Батыр тойы - ел тойы

Батыр-халықтың  перзенті. Елі үшін туып, елі үшін жанын қиған батырларын халқы ешуақытта ұмытпайды, қайта ерлік  мәңгілік  жасай беретіндігін уақыт көрсетіп келеді.  Ұланғайыр даланың ұлы перзенттерінің бірі Байзақ Мәмбетұлының тарихтағы орны айрықша. Ат жалын тартып мінгеннен, өмірінің  соңына дейін “ауыздықпен алысып, толарсақтан қан кешіп” ел тәуелсіздігі үшін күрескен Байзақ бабамыз бір өлкенің ғана емес, ерлік пен ердің қадірін білетін исі қазақтың тұтастай тұлғасы. Өз дәуірінің қайталанбас  қайраткері болған Байзақ Мәмбетұлының 225 жылдық тойы таңғы сағат 9.00-де Байзақ батырдың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды.

Г.Әбдіқұлова,
“Ауыл жаңалығы”.

Батырын ұлықтаған   көпшілік алдымен   әл-Фараби атындағы мәдениет үйі фойесіне қойылған  №3 Байзақ колледж  білімгерлерінің қолынан шыққан  қолөнер бұйымдарын, аудандық кітапхана ұжымы ұйымдастырған ”Байзақ батыр-биік тұлға” атты кітап көрмесін, көркемсурет  мектебінің оқушылары қолынан шыққан туындылармен танысып, “Байзақ батыр-байрағым” атты фильмді тамашалады.
Батыр тойы ары қарай ғылыми-теориялық конференцияға ұласты. Алқалы жиынға облыс әкімінің орынбасары Е.Манжуов, облыстық мәслихаттың хатшысы Б.Қарашолақ, сондай-ақ қоғам және мәдениет қайраткерлері, белгілі тарихшы ғалымдар, аудан әкімдері, мәслихат депутаттары, батырдың ұрпақтары, үкіметтік емес ұйымдар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
“Байзақ датқа және Қоқан дәуірі”  атты ғылыми-практикалық  конференцияның шымылдығын аудан әкімі М.Шүкеев ашып,  алқалы жиынға келген қонақтар мен тарихшы, жазушы-ғалымдарды таныстырды. Облыс әкімінің орынбасары  Е.Манжуов үстіміздегі жылы Жамбыл жерінде  арқалы ақын Кенен Әзірбаевтың 130 жылдығы,  Балуан Шолақтың 150 жылдығы, қоғам қайраткері Т.Рысқұловтың 120 жылдығы аталып өтетіндігін,  еліне қорған болған-Байзақ датқаның 225 жылдығы-баршаға ортақ той екендігін,  ел тәуелсіздігі жолында жанын қиған даңқты ерлердің ерлік істері жастарды отаншылдыққа тәрбиелейтіндігін айтып, жиналған  қауымды  мерейтоймен құттықтады.
Бұдан соң “Байзақ  датқа” қоғамдық қорының төрағасы О.Есіркепов  “Байзақ датқа және ұрпақтар сабақтастығы”  тақырыбында  баяндама жасап, батырдың өткен өмірі, ерлік істері, және бүгінгі ұрпақтарының алған асуы мен ел игілігі жолында сіңірген  еңбектері туралы  айтып өтті.  әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың проректоры,  филология ғылымдарының докторы, профессор Ж.Дәдебаев “Байзақ датқа: өмірі және өнегесі”, М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің  оқытушысы,филология ғылымдарының докторы, профессор С.Құлбарақ “Байзақ датқаның әдебиеттегі  бейнесі”,  аталмыш  университеттің бірінші проректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор  А. Абудалы “ХІХ ғасырдың 20-60 жылдарындағы Әулиеата өңірінің қоғамдық-саяси жағдайы және Байзақ датқа” тақырыптарында баяндама жасап, ел азаттығы жолында аянбай күрескен Байзақ датқаның  тұлғасын, ұстанымын, көрегенділігі мен  жаужүректілігін, Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтерілісіне демеу беріп, қолдағанын,  Қоқан үстемдігі мен орыс отаршылдарына  қарсы күрестегі  өрелі істері жайында тың  деректерді алдыға тартты, қазіргі таңда  батырдың  өмірі мен қызметін жаңа тұрғыдан зерттеу-жас ұрпақты патриоттық тәрбиелеуде айрықша  рөл атқаратындығын  атап өтті.
Ғылыми-теориялық конференция аяқталған соң  марапаттауларға кезек берілді. Еңбек Ері М.Ибрагимова, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Р.Шәметов,  Байзақ Мәмбетұлының  шөбересі К. Саттаров, соғыс және еңбек ардагері  Б.Қалдыбаев және  тарихшы-ғалымдарға  қор атынан  Оңласын Қарабайұлы  Алғыс хат табыстап, иықтарына шапан жапты.
Салтанатты  рәсімнен соң “Шахан” халық театры әртістерінің күшімен  ақын-сазгер Қ. Нарбатырдың “Байзақтың бастамасы” атты   сахналық қойылымы көрсетілді.  Жамбыл облыстық филармониясының “Алатау” фольклорлық ансамблінің және аудандық әл-Фараби атындағы мәдениет үйінің күміс көмей  әншілері әуелетіп ән салып, күмбірлетіп күй тартты, мың бұралып биледі.
Байзақ батырдың 225 жылдық мерейтойына арналған шара Тараз қаласындағы “Бақ сарайы” мейрамханасында жайылған ақ дастархан басында жалғасты. Мұнда  алыстан ат арылтып келген қонақтарға  сый-сияпаттар табыс етіліп, бабамыздың әруағына арнап құран бағышталды.
Бұдан кейін Тараз қаласындағы Б. Момышұлы атындағы атшабарда  Байзақ және Жамбыл аудандарының  көкпаршылары күш сынасты. Көкпаршылар бәсекесі келесі күні Байзақ ауданы аумағында өз жалғасын табатын болады.

Обновлено 24.11.2014 15:57
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін841
mod_vvisit_counterКеше1971
mod_vvisit_counterОсы аптада11100
mod_vvisit_counterӨткен аптада8989
mod_vvisit_counterОсы айда27730
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2279399

Серіктестер