Онлайн газет



Ақпараттық-насихаттық топтар іс жүзінде

Елбасының  үстіміздегі жылғы 11 қарашадағы  Қазақстан халқына арнаған “Нұрлы Жол- болашаққа  бастар жол” атты Жолдауын  ел арасына насихаттау мен түсіндіру мақсатында  сейсенбі күні, ауданымызға ат басын тіреген облыстық ақпараттық топ  аудан аумағындағы 18 ауылдық округтерде  болып, ел-жұртпен кездесті.

Ботамойнақ ауылдық округі

Облыстық ақпараттық-насихаттық топты ауыл тұрғындары ыстық ықыласпен қарсы алды. Жиынды ауылдық округ әкімі Е. Зәуірбеков ашып,  сын-қатерлі, дағдарысты кезеңдегі  ауыртпалықты алдын ала сезген Елбасымыздың уақыттан оза жұмыс істеп, дағдарыстан шығаратын жаңа экономикалық саясаты-”Нұрлы Жол”

бағдарламасын ұсынып отырғанын, оның ел өмірінде алатын маңызы туралы айта келіп, топтың мүшесі  Данияр Ыбраймен таныстырды.
Жамбыл облыстық “Жастар орталығының”  маманы Данияр Ыбрай  өз сөзінде Елбасының халыққа арнаған Жолдауындағы  басым бағыттарға жеке-жеке тоқталды.  Көліктік логистикалық инфрақұрылымды дамыту, орта және шағын кәсіпкерлікті ілгерілету, Ұлттық қор, “Мәңгілік Ел” идеясы,  сондай-ақ білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы саласына бағытталған бағдарламалар, тұрғын үй жайын сөз ете отырып,  2015 жыл ел тарихындағы даталы  жылдардың бірі екендігін,  яғни Қазақстан Республикасы Қазақ хандығының 550 жылдығын, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ата заңымыздың 20 жылдығын, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өтілетіндігін,  аталмыш шаралар ел жастарын  отаншылдыққа, патриотизмге тәрбиелейтіндігін,   биылғы  Жолдау егемен еліміздің  жасампаздық жолын жалғастырудың алдағы бағыт-бағдарын  тағы да белгілеп бергендігін айтты.
Ол сонымен  бірге “Мәңгілік Ел” идеясы  барша қазақстандықтарды  топтастыратын, алда тұрған ауқымды міндеттерді іске асыруға жетелейтін ұлы күш екендігін, осы тұрғыдан жастарға жүктеліп отырған міндеттерді тілге тиек етті.
Жиында   сөз алған Ботамойнақ ауылдық  ардагерлер алқасының төрағасы Р.Ысқақов Елбасының көрегенділікпен жүргізіп отырған саясатының арқасында қазақ елі әлемге танылғандығын,  алдағы қиындықтарды  еңбекпен жеңетіндігімізді Елбасы Жолдауын бірауыздан қолдайтындығын жеткізді.Шаруа қожалығының  жетекшісі К.Шартықбаев  Жолдаудағы басым бағыттарды іске асыру ел игілігі үшін әрбір азаматқа үлкен жауапкершілік жүктеп отырғанын, ауыл шаруашылығы саласына жеңілдетілген несиелердің бөленетіндігін айтса, С.Абланов атындағы мектептің директоры А. Есжанова  Жолдаудағы апатты және үш аусымды мектеп проблемасын шешудің өзі болашақ ұрпаққа деген қамқорлық екендігін,  әрі  ел бірлігі мен ұлтаралық келісімнің маңызын әңгімеледі.
Жиынды қорытқан  округ әкімі Е. Зәуірбеков  Елбасы Жолдауындағы басты  бағыттарды іске асыруға ауыл тұрғындары біркісідей    үлес қоса беретіндігіне уәде етті.
*     *     *     *     *
ҚЫЗЫЛ ЖҰЛДЫЗ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ

Елбасының халыққа арнаған кезекті Жолдауын түсіндіру мақсатында ауданға арнайы келген облыстық ақпараттық-насихаттық топ мүшелері Қызыл жұлдыз ауылдық округіне де табан тіреді.  Жолдауды талқылау жиыны әуелі Н.Ақшабаев атындағы орта мектебінде өткізілді. Ауылдық округке қарасты “Мәрзия апа”, “Дариға” балабақшалары мен дәрігерлік пункт ұжымы және білім ордасының ұстаздары қатысқан іс-шарада сөз сөйлеген Тараз Мемлекеттік университеті технология факультетінің деканы, экономика ғылымдарының докторы Әймен Әнуарбек Нұрлы жол - келешекке салар даңғыл жол екендігін ауызға алып, биылғы жылдың басты құжатында басымдық берілген мәселелерге тоқталды. Президентіміз Н.Ә.Назарбаев шағын және орта бизнесті, ірі кәсіпкерлікті жеңілдікпен несиелеу, банк секторын сауықтыру, жаңа инвестициялар тарту, ЭКСПО-2017 кешені құрылысын жалғастыру, бас қала - Астананың көлік инфроқұрылымын дамытуға ерекше мән беріп отырғандығын айтқан Ә.Талқаұлы, осы бойынша Үкіметке  тапсырмалар берілгендігін, оларды шешу жолында Ұлттық қордан қомақты қаражат бөлініп отырғандығын тілге тиек етті. Ақпарттық-насихат тобының мүшесі, “Нұрбала” қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ақбөпе Каленова Жолдауда әлеуметтік салалар, әсіресе апатты мектептер мен үш аусымды оқыту проблемаларын шешу жолдары қарастырылғандығын, бұл қарапайым халық үшін қуанышты хабар екендігін атап өтті. Жолдау жүктеген міндеттер, Елбасы саясаты негізінде ауданда атқарылып жатқан ауқымды шаралар төңірегінде аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы М.Махамбетов әңгіме қылса, Қызыл жұлдыз ауылдық округінің әкімі Ө.Нұрбаев елімізде қолға алынған бағдарламалар бойынша ауылда жүргізілген шаралар туралы баяндады. Жиында Қызыл жұлдыз ауылдық округі ақсақалдар алқасының төрағасы Әзімбек Досымбаев сөз сөйлеп, өз ойымен бөлісті. Қарыштап дамыған Қазақстан, ұрпақ қамы үшін жасалып жатқан қамқорлықтар жайында сөз еткен Әзімбек ақсақал, қызылжұлдыздықтардың Елбасының  “Нұрлы жол - болашаққа бастар жол” Жолдауын қолдап, қуаттайтындығын жеткізді.
Мұнан кейін қадірменді қонақтар ауылдық мәдениет үйіндегі жиынға қатысып, ұн өнімдерін өндіретін “Rolla-7” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұжымымен жүздесті. Мұнда да Жасампаз Жолдау, онда көтерілген көкейкесті мәселелер, шағын және орта кәсіпкерлікті өрістету жолында жасалып жатқан жаңа қадамдар жайы сөз болды. Өз кезегінде кәсіпорын қызметкерлері де 11 қарашада жарияланған Елбасы Жолдауымен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы танысып, оқып жатқандықтарын айтып, ондағы мақсат-міндеттерді жүзеге асыруда аянбай еңбек ететіндіктеріне сендірді.

 

Өз тілшіміз.

Обновлено 24.11.2014 15:51
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін947
mod_vvisit_counterКеше1971
mod_vvisit_counterОсы аптада11206
mod_vvisit_counterӨткен аптада8989
mod_vvisit_counterОсы айда27836
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2279505

Серіктестер