|
С.Қалмұратов, “Ауыл жаңалығы”.
Түймекент ауылдық округіне қарасты Түймекент орта мектебіне «Халық қаһарманы» Ғазиз Байтасовтың есімін
беру туралы мектеп ұжымының және аталмыш округ тұрғындарының ұсыныстары аудан әкімдігі жанындағы ономастикалық комиссияда талқыланып, аудандық мәслихаттың қарауына жолданған болатын. Өз кезегінде өзекті мәселе аудандық мәслихаттың 8 қыркүйекте өткен кезектен тыс мәжілісінің күн тәртібіне шығарылып, онда аталмыш құзырлы орындардың бірлескен оң шешімі қабылданған еді. («Ауыл жаңалығы»-«Сельская новь» №112 (7978) 10.10.2012жыл). Бекітілген тәртіпке (Ережеге) сәйкес осы мәтіндегі аудан әкімдігінің ұсынысы облыс әкімдігі жанындағы ономастикалық комиссияның үстіміздегі жылдың 25 қазанында өткен отырысында қаралды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары, облыс әкімдігі жанындағы ономастикалық комиссиясының төрағасы К.Көкірекбаевтың төрағалығымен өткен комиссия отырысының алдымен Жамбыл облысы бойынша объектілерге есімдер беру және қайта атау тақырыбындағы бөлігінде Түймекент ауылдық округіне қарасты Түймекент орта мектебіне Ғазиз Байтасовтың есімін және Тараз шекара жасағына қарасты Жуалы мен Меркі аудандарында ашылғалы отырған «Көксай» заставасына Бауыржан Момышұлының, «Жамбыл» заставасына Сәду Шәкіровтің есімдерін беру туралы мәселелер қаралды. Облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының бөлім бастығы, облыстық ономастикалық комиссиясының хатшысы Ә.Әзбергенованың дайындаған материалдарына негізделген және аталған азаматтардың Отан алдындағы жасаған ерліктері, ерен еңбектері арқылы есімдерінің елге танымалдықтарын ескерген комиссия мүшелері бірауыздан бірінші мәселе бойынша - Түймекент орта мектебіне Ғазиз Байтасовтың есімін беру туралы ұсынысы қабылдансын, ал екінші мәселе бойынша - Тараз шекара жасағына қарасты Жуалы мен Меркі аудандарында ашылғалы отырған «Көксай» заставасына Бауыржан Момышұлының және «Жамбыл» заставасына Сәду Шәкіровтің есімдерін беруге келісім берілсін деген шешімге келіп, мәселелерді қорытындылады. Аудан, қала аумағындағы елдімекендердің, көшелер мен білім ордаларының, даңғылдар мен алқаптар атаулары туралы жан-жақты сарапталып, жасалған Байзақ ауданы әкімінің орынбасары М.Демесинов пен Тараз қаласы әкімінің орынбасары К.Тоғызбаевалардың есепті баяндамаларын мұқият тыңдаған комиссия мүшелері оларға ұсыныс ретінде жасалған жаңа атаулардың жобаларына қатысты сұрақтар қоюмен қатар, құнды ұсыныстары мен ой-пікірлерін жеткізді. Мысалға, көшелерге, даңғылдарға атау бергенде қандай принцип ұстанасыздар немесе кейбір тарихи, интернационалдық маңызы бар атауларды өзгертудің қандай қажеттілігі туындап отыр деген орынды сұрақтар қойылды. Сонымен қатар аталмыш комиссияның белсенді мүшелері әдебиет, театр, журналистика, өнер салаларында, жалпы өркениеттің дамуына әр дәуірлерде елеулі үлестерін қосқан бірқатар әлемге белгілі тарихи тұлғалармен қатар күні кеше арамызда аянбай түрлі салаларда еңбек еткен аяулы азаматтардың есімдерінің ескерусіз қалып бара жатқандығын баса айтып, өз ұсыныстарын жеткізді. Талқыланып отырған мәселенің шын мәнінде де өте маңыздылығын, әрбір азаматқа үлкен жауапкершілікті жүктейтіндігін ескерген комиссия шешім қабылдауда асығыстық танытпай, бұл мәселеге алдағы уақытта қайта оралу қажет деп тауып, тиісті шешім қабылдады.
|