Досжан ӘМІРОВ, Байзақ ауданының Құрметті азаматы, Маңғыстау облыстық сотының төрағасы.
Ұланғайыр даланың ұлы перзенттерінің бірі Байзақ Мәмбетұлының тарихтағы орнына ешкім таласпақ емес. Ат жалын тартып мінгеннен, өмірінің аяғына дейін «ауыздықпен алысып, толарсақтан қан кешіп» ел тәуелсіздігі үшін аяусыз майдандасқан Байзақ бабамыз бір өлке, бір өңірдің ғана емес, ерлік пен ердің қадірін білетін исі қазақтың тұтастай тұлғасы. Қоқан билігінің отаршылдық озбырлығына қарсы ұлт-азаттық күресте ұйымдастырушылық кемеңгерлігі мен қабылан мінезді қайсарлығының арқасында елді аузына қаратқан, қолды соңына ерткен болмысы биік батыр баба өз заманында қазақтың соңғы ханы Кенесарының қандыкөйлек жорықтасы, мақсаттас достарының бірі
болғандығы халық шежіресінде шертілумен келеді. Ел-жұртты отырықшылыққа үндеумен арық-каналдар қаздырып жаңаша тірлікке бастамашы бола білген Байзақ баба халық тұрмысының әлеуметтік тұрғыдан өсуін мақсат етті. Осынау жанкешті еңбегінің нәтижесінде сулы-нулы жерге айналған дала төсіне егін егіліп, өмір өзгеше сипатқа енді. Арғы ғасырларда қазылған сол арық-тоғандар күні бүгінге дейін елдің қажетін ақтап отырғаны мәлім. Бұл Байзақ батырдың қарымды қайраткерлігінің айғағы, өшпес қолтаңбасы, ұрпағына қалдырған өнегелі ісі. Арғы-бергінің астарын аршып, ақиқатты айтып жүрген тарих саласының білгірлері, оқымыстылар Талас Омарбеков, Жанғара Дәдебаев, Асқар Әбдуәлиевтің Байзақ өміріне жасаған зерттеулері арқылы талай салмақты сырға қанықтық. Ұрпақ үшін қажетті құнды шаруаны атқарған осы аталған терең білімді ағаларымызға алғыс айту керек-ақ. Өзім қызмет бабымен шалғайда жүргеніммен көңілім ел жаққа алаңдаудан жаңылған емес. Туған жерден жақсы сөз, жағымды жаңалық естісем деймін. Кейде ауыл жаққа барғанымда елдік оңды оқиғалардың үстінен түсіп қалсам жұртпен арқа-жарқа араласып мерейім аспандап марқайып, мәз болам. Әрине, елдің ортақ қуанышынан артық қандай қуаныш бар?! Мінекей, туған елде байрақты батыр бабамыз Байзақтың 225 жылдығы аталып өткелі жатқанын естіп қуанып қалдым.Осы ауқымды іс-шараны ұйымдастырып, басы-қасында жүрген ағалар алқасына және інілерге, барша ірілерге алғыс сезімімді жолдаймын.”Өлі разы болмай, тірі байымайды” деген аталы сөзге сүйеніп, жөніне жығылумен қазақтың салт-жорылғысын жүзеге асырудағы жүректі азаматтардың ісіне Алла қуат берсін. Ер Байзақ есімімен аталатын аудан халқын осы қуаныштарымен шын жүректен құттықтап, әр отбасына тек жақсылықтар тілеймін. Байзақ елінің бақ, құты молайып бірлігі жасай берсін, той тойға ұлассын ағайын! |