Өткеннің қадірін білу, бабалардан жалғасқан ізгілік, парасаттылықты, халқына сыйлы, еңбегін ел таныған тұлғаларды ұлықтай білу – бүгінгі ұрпақ мойнына жүктелген зор парыз. Әрбір адам баласы өзінің артына із қалдырары қақ. Адам баласы әрқашанда ұрпағымен сымбатты. Әдемі қартаюдың өзі - үлкен қасиет. Адамға қалауынсыз-ақ өзінің табиғи жолымен жетер бұл кәрілік кезең ел аузында: «Ат мініп, атан жетелеп келмейді, сірә, кәрілік. Күтпейді оны көпшілік, сағынып не тарығып» деп сипатталады. Бүгінгі мақаланың басты кейіпкері Байзақ батырдың ұрпағы Кемелхан Саттаров туралы болмақ. Саттаров Кемелхан Саттарұлы Байзақ бабамыздың шөбересі болып келеді. Ұлы жүздің Жаңабай руынан тарайтын ұрпақтары Байзақ, Жуалы аудандарын мекен еткен. Жуалы ауданында тұратын батыр ұрпақтарынан
Зауырбек, Иманбек, Қабылбек (Саттаровтар әулеті тарайды), Сүгірбек, Нүсірепбектер тараған. Кемелхан ақсақал 1929 жылдың мамыражай мамыр айында Жуалы ауданының Ақтоған (Марьяновка) ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Балалық шағын туған жерде өткізген Кемелхан Саттаров уақыт өте келе Отан алдындағы әскери борышын ойдағыдай аяқтап, ауылға оралады. Әскерден оралған жалындаған жас жігіт Фатима апамызбен шаңырақ құрады. Колхоздың бір отар қойын өз жауапкершілігіне алып, шопан атанады. Жас шопан болса да, өз жұмысын үлкен жауапкершілікпен атқара білген. Сонымен бірге өзі қызмет еткен жылдары бейнеті көп шопан еңбегін жан-тәнімен атқара отырып малды шығынға бермей, қажырлы еңбек етіп, зейнетке шыққан. Халқымыздың данышпан ұлы Қаныш Сәтбаев: «Үй қамын әйел, ел қамын еркек жейді. Ал, еркектің қоғам алдындағы ерен міндетін орындау - әйелдің қолында. Әйелі ауқымды ойлай білетін еркек бақытты. Ал ауқымсыз әйел – еркектің соры», - деген екен. Құдай қосқан қос ғашық өмірде талайларға өнеге бола аларлықтай із салды. Бір-біріне деген риясыз сүйіспеншілігі, құрметтей білуі қашанда маңайындағыларға үлгі еді. Ұрпақ жалғастырып, дүниеге әкелген тоғыз перзентіне лайықты тәрбие беріп, көпшіл болуға баулыды. Бұл күндері мәуелі бәйтерек іспеттес болған қария отыз алты немере, он бес шөбере сүйіп отыр. Әттең-ай дейтіні тағдырдың жазуымен 2013 жылы Фатима апамыз өмірден өтіп кетті. - Өмірдің мәні де, нәрі де еңбек деп түсінген Фатиманың жеке тұлғасы, отбасындағы болмысы туралы тарау-тарау әңгіме айтуға болады. Өйткені ол биік парасаттың, ақыл-ойдың иесі еді. Мен үшін жұрт тамсана, тебірене еске алатын, ризалық ой-пікірін білдіретін бір жан болса, ол – сөз жоқ, менің Фатимам, - дейді Кемелхан ақсақал сағынышпен еске алып. Ақсақалға ақыл айтып отырған жарасады. Тарихта аты қалар шешен болуы шарт емес, бірақ әр жеке тұлға өзінің өзгеге үлгі болар ісімен құрметке бөленгені дұрыс қой. Ұрпаққа үлгі болар игі іс жасап, әдемі қартаю да - бір ғанибет. Әке мен шеше тәлімін алып, ер жеткен ұлдары - Сүйіндік, Есенаман, Сағындық, Қалмахан, Қалижан, Батыр және қыздары - Дариға, Забира, Назиралар түрлі салаларда жемісті еңбек ете жүріп, еліміздің беделді азаматтары атанды. Міне, біз әңгіме еткен Саттаров Кемелхан да - ұлық жасын қадірлеуге тұрарлық тұлға. Салиқалы ой айтудан жалықпаған Кемелхан қария ұлы Қалижан мен келіні Райханның қолында ел өмірінің төрін иеленген қарттықпен өмір сүріп келеді. Ел үшін еткен еңбек елеусіз қалмайтыны белгілі. Қарттыққа мойынсынбай қоғамдық өмірдің үдемелі дамуына атсалысып, өмірлік мол тәжірибесін кейінгі толқынға үйретуден еш жалыққан емес. Ізгілік пен тәрбиеліліктің, жауапкершілік пен іскерліктің үлгісін ғұмыр бойы бойынан ажыратпаған абыз ақсақал өңірдегі игілікті бастамаларды көтеруде үнемі алғы шептен табылуда. Ғасыр жасаңыз, көкірегі қазынаға толы қария демекпіз.
Өз тілшіміз. |