Онлайн газет



Байзақ елі – байтағым


ҚАЙЫПНАЗАР  ШОТБАСОВ,
ақын, Байзақ ауданының Құрметті азаматы.

Байзақ елі – байтағым

(әні бар)

Кезіккенмен қилы заман кезіне,
Мойымаған тағдырының тезіне.
Байзақ елі – байтақ жатқан бай өлке,
Тарихы да таңқаларлық шежіре.


Қайырмасы:
Алатау мен Қаратаудың етегі,
Өзен бойлай мекендеп ел кетеді.
Мәмбет батыр, Қосы батыр қонысы,
Сеңкібай мен Мәдімарлар мекені.

Дархан дала, Алла құтын шашқан жер,
Төскейінен Жібек жолы асқан жер.
Қобыландылар шыққан сәтте жорыққа,
Тайбурылдың табаны да басқан жер.

Қайырмасы:
Алатау мен Қаратаудың етегі,
Өзен бойлай мекендеп ел кетеді.
Мәмбет батыр, Қосы батыр қонысы,
Сеңкібай мен Мәдімарлар мекені.

Барша қазақ батырым деп бас иер,
Туған мұнда Ақәділдей жасын ер.
Сарыкемерде ізі Байзақ бабамның,
Сайрап жатқан ата қоныс,  асыл ел.


ҚАСҚЫРБАЙ НАРБАТЫР,
ақын-сазгер.
Аяулы мекен

Өлкем  жайлы сөз естімей бөтен бір,
Жүргеніме шүкіршілік етем кіл.
Байзақ жері Талас бойын жайлаған,
Қойнауы құт, тым аяулы мекен бұл.

Жатқан түгел жазық дала, қыр-алап,
Сүйсінтеді көз қадасаң тұра қап.
Байзақ жері сулы-нулы, шұрайлы,
Төскейінен табу қиын кінарат.

Терін төгіп, еңбегімен бақ тауып,
Бірі-бірін бауыр көрген шат халық.
Тасқа басқан тарихы бар нақты анық,
Біздің аймақ осы дейміз мақтанып,

Бір-бірінің жақсысынан үлгі алып,
Нәсібесінен қоймаған еш құр қалып,
Шежіресі жатқан бүгін жырланып,
Байзақ елі осы-дейміз нұрланып.


Байзақ батыр

Аңсаған елінің ақ таңын,
Самсаған соңынан қол ерткен.
Ерлігі ер Байзақ датқаның,
Аңыз боп шертілер дерекпен.

Халқына арнаған күллі ісін,
Тәнті етпей қояр ма тектілік.
Кең жайып парасат үлгісін.
Биікте арды ұстап өтті нық.

Басының күйттемей саулығын,
Бақытқа бастаған байрақты ер.
Тура айтып шешкен ғой дауды мың,
Заманы шыңдаған қайраткер.

Батырды  тоспаған қайда сын,
Қай өрге баспаған ақылы?
Елі үшін көтеріп найзасын,
Елі үшін мерт болды ақыры.

*             *             *
Белге қылыш, белдеуге ат байлаған,
Елін, жерін қорғаған жатпай бабам.
Оған куә бел-белес, асқар таулар,
Оған куә-кең жазық тақтай далам.

Қайран батыр қарайып от қанына,
Дақ түсірмей пәниден  өтті арына.
Қорғасынмен денесін қопарды жау,
Байлап-матап зеңбірек оқпанына.

Кер заманның еді зор кемеңгері,
Қанша жылдар өтпеді одан бері?
Байзақ атын баршаға әйгілейді,
Өзі бас боп қаздырған тоған, келі.

Өткен күнге жетелер көшкен елес,
Сыр шертеді маң дала, төсте белес.
Ұлан ғайыр ұрпағы тұрғанында,
Өнегесі батырдың өшпек емес!!!


ЖАНАТ Тұрғынбаев,
ақын.
Байзақтың жері

Байзақтың жері – Қазақтың жері,
Құдайдан сұрар таза ақ тілегі –
Бас аман болсын. Бейбіт күн тұрса,
Өркендер өрге азаттық елі.
Сағатпен бірге соғады солай,
Азаматтарының ғажап жүрегі.

Бойына құтын мың бөлеп келген,
Бұл жерді басып кімдер өтпеген.
Талай да талай талапай көрген,
Тағдырын Тәңір шын жебеп келген,
Ғасырлар бойғы тарихы –тәлім,
Толысқан талай тың деректермен.

Ай, жұлдыз, айтар сыр түніменен,
Шуақты Байзақ нұр күніменен.
Ақын, сал-сері, батыры сансыз,
Тектісі түпкі түркіден өрген.
Жайсаңын айтып тауыса алмаймын,
Жағалай мақтап жыр тіліменен.

Алатауымнан табатын төрін,
Сылаңдап «Талас» ағады-керім.
Байзақтың жерін аралап барып,
Ақ жал құмында алатын демін.
Тал-дарақ, тоғай, тамылжыр. Қуан,
Байзақ болса егер баратын жерің.

Тағы бір таңын қарсы алды әні,
Құстарға әсем ән салдырады.
Жатсынбай құшақ жайған өлкеде,
Жаңарсың, жансын баршаның бағы.
Азаматтары аман тұрғанда,
Байзағым талай тамсандырады.

 

Обновлено 20.11.2014 10:32
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін728
mod_vvisit_counterКеше2102
mod_vvisit_counterОсы аптада2830
mod_vvisit_counterӨткен аптада11443
mod_vvisit_counterОсы айда12622
mod_vvisit_counterӨткен айда55843
mod_vvisit_counterБәрі2506289

Серіктестер