Сайлаубек НАУРЫЗБАЕВ, Байзақ ауданының Құрметті азаматы. Байзақ ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры.
Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы Жарлығымен бұрынғы Свердлов атауындағы ауданымыз Байзақ атын
иемденгені баршаға мәлім. Өз заманының ерен күрескері, қол бастаған батыр, халықшыл қайраткері Байзақ Мәмбетұлының игі істері ұрпақ жадында сақтау мақсатында жұмыла атқарылып жатқан жұмыстар баршылық. Батыр бабамыздың есімі Тараз, Алматы қалаларындағы, аудан орталығы мен ауылдардағы көшелерге, аудандағы бір ауылдық округке тағы да басқа көпшілік араласатын орталықтарға берілген. 1998 жылы аудан орталығы Сарыкемер ауылының Тараз жақтан кірер тұсына қойылған Байзақ батыр ескерткіші аса көрнектілігімен, мығымдылығымен көңілді қанаттандырады. Ел аузындағы айтулы азамат Қожахан Жабағиев ауданымыздың әкімі болып қызмет атқарып жүрген 2000-шы жылы Байзақ сөрісінде баба зиратына келісті кесене салдырып, асын өткергені ел есінде. Содан бері он жылдан астам уақыт өтті. Кесененің кей жерлері кертіліп, шатырының ескіруі себебінен қар, жаңбыр суы ішкері құйылып біршама залалданғаны айтпаса да түсінікті. Мінекей, осы кесенеге күрделі жөндеу жұмыстарын бабаның 225 жылдық ас-тойы қарсаңында бітіріп отырмыз. Байзақ сөрісіне апаратын жолды жаңарту, кесененің шатырынан бастап, табанына дейінгі жұмыстар баба ұрпақтарының жиған қаражаты, тағы да ел азаматтарының демеушілігі арқасында атқарылғанын тілге тиек етіп, баршасына алғыс айту парызым деп білемін. «Бірлігі жақсының – тірлігі жақсы» - дегендей, ел екендігіміздің елеулі сипаты-салтымызды сақтап, сапамызды нықтап өмір көшінде өрелі істерге беттеп бара жатқан Байзақ ауданы халқына амандық пен ырыс, құт тілеймін. |
Обновлено 20.11.2014 10:30 |