Мереке Ержанұлы, журналист.
Өткен жұма күні облысымыздың 75 жылдығына орай облыстық мәдениет және мұрағаттар басқармасының ұйымдастыруымен ауданымызда Байзақ ауданының мәдениет және өнер күні болып өтті. Ауылы аралас, қойы қоралас жатқан көрші ауданның өнер майталмандары
құйқылжыта орындаған әсем ән мен тәтті күй Құланның көгінде қалықтады, шарықтады. «Жақсыны көрмекке» демекші, көрші аудан көркемөнерпаздарының өнерін көріп, тамашалау үшін аудандық М.Өзбеков атындағы мәдениет үйіне жас та, жасамыс та ағылды. Қасқырбай Нарбатырдың «Байзақтың бастамасы» сахналық қойылымын сахналаған «Шахан» халық театры біраз ойға жетеледі. Ең бастысы бізге де осындай театрдың керек екенін сезіндік. Біздегі «Бір кем дүние» осы екен... Өмір – таразы. Осы тұрғыдан алғанда өзіңдегі мен өзгенікін салыстыру - заңдылық. Әрине, Өнердің кені, Құланның елі тума таланттардан кенде емес. Оның ішінде елге танымал театр және кино актерлары да жетерлік. Солай бола тұра ауданымызда театр жоқ дегенге сенгің келмейді. Десек те, Асанқайғылыққа салынудың реті жоқ. Театр құру құландықтардың да қолынан келетін іс. Бастысы, құлшыныс болса болғаны. Байзақтық ақындар, облыстық, республикалық ақындар айтысының жеңімпаздары А.Қасымбекова, Е.Тазабеков, Ә.Дүйсебаевтар Құланға арнау өлеңдерін жолдаса, «Шолпан» халық ән-би ансамблі күй атасы Құрманғазының «Сарыарқа» күйімен құландықтардың көңілін бір серпілтіп тастады. Бұдан кейін де бірнеше халықтық шығармалар «Шолпан» халық ән-би ансамблінің сүйемелдеуімен орындалды. Шыны керек, эстрадалық жанрда ән шырқап, «еркелеп» жүрген әншілерді тыңдап үйренген халықтың тірі музыканы естіп, жанды дауыста шырқалған әндерді тыңдап, құлақтарының құрышы қанды. М.Өзбековтың «Құланда» әнімен мәреге жеткен концерттік бағдарлама соңында аудан әкімінің орынбасары Б.Әлпейісов пен Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Әзімхан Қилыбаев өз жылы лебіздерін білдіріп, қос ауданның атынан кәде сыйлар тарту етілді. Р.S. Қалай десек те бұл бастама көңілге қонымды болып тұр. Бірінің артықшылығын бірі көріп, бірінің кемшілігін бірі түзеткеннің түтіні түзу ұшады. Бүгін байзақтықтар келсе, күні ертең ауданымыздың өнерпаздары өзге аудандарға барып, өзіндегі барымен бөлісіп жатса, несі айып. Осынау барыс-келістен қазақ өнері өркендемесе, кенже қалмасы анық қой. Жұма күнгі мәдени шарадан көкейге түйген көп ойдың түйіні осы болды, ағайын. |