|
«Тәрбие тал бесіктен» дейді бабаларымыз. Осы нақыл сөздердің өзінен-ақ, баланың азамат болып қалыптасуы жаста берген тәрбиеден, отбасындағы ұлттық салт-дәстүрлерді сақтаудан тамырланатынын аңғартады. Байзақ ауданының Құрметті азаматы Тілеуқұл аға мен Зауреш Сейдуалықызының тәрбиелеп өсірген ұлдары бүгінде әр салада жемісті еңбек етуде. Отбасының тұңғышы Ғазиз
білікті дәрігер болса, Асқар, Асхат, Ренат - банк саласы мен мемлекеттік қызметте жүрген азаматтар. Сырқат сырына терең үңіліп, жан-жақты әрі талмай ізденуінің арқасында біраз жетістіктерге жеткен Ғазиздың алған асуы бүгінде аз емес. Аудан орталығындағы Ғ.Мұратбаев атындағы мектепті үздік бітірген ол, С.Асфендияров атындағы Қазақстан Ұлттық медицина университетін тамамдаған соң, интернатурадан өтеді. Алғашқы еңбек жолын Тараз қаласындағы қазіргі №2 емханада, дәрігер болып бастайды. Ұстазы Ю.Кученевтің медициналық орталығында да дәрігер бола жүріп, кәсібінің қыр-сырын терең меңгереді, емдеудің ерекше әдістерін қолдану арқылы біраз тәжірибе жинақтайды.1999 жылы елімізде тұңғыш рет эндоскопиялық ринохирургиялық операция жасап, өзінің білікті дәрігер екендігін танытады. 2000 жылдан бастап Ю.Кученев медициналық емдеу орталығында бас дәрігердің орынбасары міндетін атқара жүріп, Қазан медициналық академиясында, Санкт-Петербург қаласындағы ғылыми зерттеу институтында, Новосібір, Ярославль қалаларындағы клиникалық орталықтарда және басқа да шет елдерде білімін жетілдіреді. Ғылыми -практикалық конференцияларға қатысып отыратын ол, 2011 жылы Тараз қаласында құлақ, мұрын, тамақты емдеу мәселелері бойынша халықаралық конференция өткізеді. Осы саладағы қол жеткізген жетістіктері үшін “әл-Фараби” атындағы медальмен марапатталған. “ҚР Денсаулық сақтау саласының үздігі”, медицина ғылымдарының кандидаты Ғазиз Тілеуқұлұлы 1999 жылы құлақ пен мұрынның эндоскопиялық хирургиясын Қазақстан бойынша бірінші болып жасаған дәрігер. Үстіміздегі жылғы қазан айында Тараз қаласындағы темір жол ауруханасы ішінен Ғазиз жеке медициналық орталық ашқан болатын. Орталықта 14 науқасқа арналған палата бар. Науқастарға интенсивті терапия, ота бөлімінде радиотолқынды термоиндукциялық когуляция әдісімен жұмыс істейтін «Олимпус» аппаратымен, өзге де жаңа құрылғылармен ем жасалады. Сурдолог, лор дәрігер Гүлмира Кемелбекқызы бастаған жоғары білікті медицина өкілдері талай науқастың құлан таза айығып кету жолында қажырлы қызмет етуде. Құлақ, мұрын, тамақты емдеудің білгір маманы басшылық ететін орталық соңғы үлгідегі медициналық техника, аппараттармен толықтырылу үстінде. Мәселен, бір ғана «Олимпус» аппараты арқылы мұрындағы, тамақтағы өскен артық еттерді кеспей, күйдіріп емдеудің нәтижесінде қан шықпай тез жазылатын көрінеді. Құлақтың микрохирургиясы облыс бойынша тек осы орталықта жасалатын болғандықтан дертіне шипа іздеп келіп жатқан науқастар қарасы қалың. Мұнымен қатар есту қабілетін арттыратын тимпонопластика оталары да оңтүстік аймақ бойынша дәрігер Абдуалиевтің медициналық орталығында ғана жасалатындығы бізді қуантты. Ендеше, адам денсаулығына араша түсіп, болашағынан үлкен үміт күттіріп жүрген Ғазиз бауырымыздың жаңа бастамаларына сәттілік тілейміз.
Өз тілшіміз. |