|
А.Шотбасова, «Ауыл жаңалығы».
Бүгінде «Нұр Отан» ХДП Байзақ аудандық филиалы бастауыш партия ұйымдарының ел алдында
есеп беру жиындары өткізіліп жатыр. Жыл бойы жасаған жұмыстары туралы мағлұматтар беріп, алда атқарар істер жайында егжей-тегжейлі сөз ететін осындай жиын жуырда аудан әкімдігінің мәжілістер залында болып өтті. Бұл ретте бастауыш партия ұйымдары емес, жалындаған жастар жұрт алдында есеп берді. «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы Байзақ аудандық филиалы «Жас Отан» жастар қанатының кезекті VІ есеп беру-сайлау конференциясының күн тәртібінде бес бірдей мәселе қаралды. Жиынға «Нұр Отан» ХДП Байзақ аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Н.Тлепов, аудан әкімінің орынбасары М.Демесинов және «Тараз студенттер Альянсы» корпоративтік қорының атқарушы директоры, облыстық «Жас Отан» жастар қанаты кеңесінің мүшесі А.Келімбетова қатысып отырды. Конференцияны жүргізу үшін жұмысшы президиумы, хатшылығы мен мандат комиссиясы сайланып, күн тәртібіндегі алғашқы мәселе «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы Байзақ аудандық филиалы «Жас Отан» жастар қанатының 2011 жылдың қыркүйегі мен 2012 жылдың қазаны аралығында атқарған жұмысы туралы атқарушы хатшы Ә.Мырзабековтың есебі тыңдалды. Ол, осы мерзім ішінде жастардың қолымен жасалған жұмыстар, олардың ауданда атқарылған ауықымды істерге араласуы және болашаққа бағдарланған шаралар жөнінде әңгіме қозғады. Атқарушы хатшының ауызға алған басты мәселелері слайд-шоу арқылы қатысушылар назарына ұсынылды. Мұнан соң есепті баяндаманы талқылау үшін партия аудандық филиалы «Жас Отан» жастар қанатының «Түймекент» бастауыш бөлімшесінің атқарушы хатшысы Р.Жылысбаев, кеңес мүшелері Д.Азизовамен Р.Рәпілбекова жарыссөзге шығып, баяндалған жұмыстарға қанағаттанарлық деген баға берді. Тиісінше бірінші мәселе бойынша қаулы қабылданғаннан кейін, кезекті екінші мәселе бойынша «Тараз студенттер Альянсы» корпоративтік қорының атқарушы директоры, облыстық «Жас Отан» жастар қанаты кеңесінің мүшесі А.Келімбетова мінбеге көтеріліп, сөз сөйледі. А.Шайызханқызы Байзақ ауданында жастардың көмегімен жасалып жатқан іс-шараларға көңілі толатындығын білдіре келе, «Жас Отан» жастар қанатының 2020 жылға дейінгі стратегиялық жобасымен таныстырып өтті. Конференцияның келесі кезеңдерінде «Нұр Отан» ХДП Байзақ аудандық филиалы «Жас Отан» жастар қанаты кеңесінің құрамы, партияның облыстық филиалы «Жас Отан» жастар қанатының кезекті V есеп беру-сайлау конференциясына делегаттар, аудандық кеңестің атқарушы хатшысы сайланды. Делегаттар ұсынысы негізінде Ә.Мырзабеков хатшылық қызметке бір ауыздан қайта сайланды. Жиын соңында «Нұр Отан» ХДП Байзақ аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Н.Тлепов қорытынды сөз сөйлеп, жастардың қоғамдағы рөлі, олардың барынша білімді әрі белсенді болуы жайында өз ойларымен бөлісіп, келешекті кемелдендіру жолында ұл-қыздарды біріге іс жасауға шақырды. Конференциядан кейін партияның Байзақ аудандық филиалы «Жас Отан» жастар қанаты бастауыш бөлімшелердің атқарушы хатшыларымен “Жас Отан” жастар қанатының жұмысын жандандыру жолдары мен бағыт-бағдары” тақырыбында семинар болып өтті.
|