Онлайн газет



Еңбекпен өрілген өмір

Саналы ғұмырының ұзақ жылдарын ауылшаруашылығы саласын өркендетуге арнаған ауданымыздың ардақты азаматы Тәуірбек Әшімұлы 9 қараша күні  70 жасқа толады. Ардақты азаматтың  өмірі қат-қабат ізденіс пен адал еңбекке толы.

1944 жылы өңірімізге қарасты Ақжар ауылында туылған Тәуірбек аға еңбекке ерте  араласады. Ол кезде бала болып, ойын ойнау қайда? Ес білгеннен бастап бір жағынан күнкөріс қамы үшін, екіншіден тар жол, тайғақ кешуді басынан өткізген елдің өсіп-өркендеуі жолында жұмыс істеуіне тура келеді. Колхоздағы қызу жұмыстар - шөп тасу, егіс алқаптарына көң-қи төгу, жемісті дер кезінде жинап, жеткізу сынды тірліктердің бел ортасында жүрген Т.Әшімұлы туған ауылындағы білім ордасының табалдырығын аттап, кейін Түймекенттегі

жеті жылдық мектепті тәмәмдап шығады.
Осылайша ерте есейген ер жігіт елдегі ахуалдың жақсара түсуі үшін қаймықпай қызмет етуді жалғастыра түседі. Ол үшін белгілі бір біліміңнің болғаны да жөн. 1960 жылы Түймекент ауылындағы №3 селолық кәсіптік училищеден кең профильді механизатор мамандығын алып шыққан ол  1963 жылға дейін «Трудовой пахарь» колхозында механизатор болып істейді. Еселі еңбек – ел көсегесін көгертер. Осы жылдар ішінде астықтан мол өнім жиналғаны да жасырын емес.
Тәуірбек Әшімұлы 1963-1966 жылдар аралығында азаматтық борышын  Германияның Ютербог қаласындағы әуе ұшқыштары бөлімшесінде өтейді. Ерік-жігері мықты бозбала мұнда да жауынгерлік тапсырмаларды ойдағыдай орындап шыққаны үшін арнайы Мақтау Грамоталарымен, тіпті Ұлы Отан соғысы  Жеңісінің 20 жылдығы медалімен марапатталады.
Отан алдындағы борышын адал атқарып келгеннен кейін де ол, туған ауылының ауылшаруашылығын дамыту үшін атсалысады. Алғашында жүргізуші болып, кейін еселі еңбегімен ел алғысын ала жүріп 1977 жылы Буденовка ауылдық Кеңесінде депутат, 1981 жылы №3 өндірістік бригадада бригадир, «Трудовой пахарь» колхозының басқарма мүшесі, Ақжар ауылындағы №3 өндірістік бригадасының жетекшісі ретінде абыройлы еңбек етеді. Қант қызылшасынан мол өнім жинау жолында тер төгеді. Істің басына білгір маман келсе, жұмыс өз жемісін беретіндігін ескерсек, сол уақытта егістіктің әр гектарынан 400-500 центнерден тәтті түбір жинап, еңбектің ерен үлгісін көрсетеді. Осы үшін ол қатарынан төрт рет Бүкілодақтық Социалистік жарыстың жеңімпазы атанады. Бұған дәлел 1980 жылы таққан төрт бірдей «Оныншы бесжылдықтың екпіндісі» медалі. Дәл сол жылы Тәуірбек Әшімовтың еңбегі ерекше бағаланып ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордені де табыс етіледі. Бұдан бөлек, ауылшаруашылығы саласының білікті маманының кеудесінде ІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордені, тағы да басқа көптеген жемісті жұмысы үшін берілген медальдар жарқырап тұр. Оларға еселі еңбегін ескеріп табысталған тағы бірнеше Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарды қосыңыз. Солардың ішінде Тәуірбек Әшімовке ерекше мақтаныш сыйлайтыны - 1990 жылы Қазақстан Коммунистік партиясының 70 жылдығына орай Нұрсұлтан Назарбаевтың жолдаған Құттықтау хаты және тұңғыш Президентіміздің егін шаруашылығы өнімдерін өндіруде жоғары жәтижеге қол жеткізгені үшін берген Құрмет грамотасы.
Иә, адал еңбек - абырой биігі. 50 жылға жуық уақыттан бері ауылшаруашылығының дамуына үлес қосып жүрген үлкен жүректі азамат қазір де қарап жатқан жоқ.  «Ендігі меже ел егемендігін еселете түсу» деген ер азаматтың қазіргі тірлігіне де ерекше тәнті болдық.  Кіші ұлы Рүстемнің атынан шаруа қожалығын құрып, соны басқарып отырған қазыналы қария өмірден білген-түйгендерін жастарға үйретіп, өнегелі ғұмыр кешуде. Ал, онымен бірге 40 жылдан астам демеу болған жары  Ботагөз апай жүр. Бүгінде олардан тараған үш ұлдың үлкені Шыңғыс – «КазТрансГазАймақ» АҚ Байзақ газ учаскесінің басшысы болса, қалған екеуі Жолдас пен Рүстем ата жолын жалғастырып, ауылшаруашылығының өркендеуіне атсалысып келеді. Ең қызығы, 10 немеренің атасы атанған Тәуірбек Әшімұлының жары Ботагөз апаймен отасқанына алдағы күндері 65 жыл толады екен. Бұл да бір қуаныш. Демек, қос тойды атағалы отырған абыз ақсақалға біз де игі тілегімізді білдіреміз.

 

Обновлено 11.11.2014 10:11
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін245
mod_vvisit_counterКеше1456
mod_vvisit_counterОсы аптада1701
mod_vvisit_counterӨткен аптада11734
mod_vvisit_counterОсы айда9342
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2261011

Серіктестер