Онлайн газет



Сауапты іс- мұсылман парызы

Г. Әбдіқұлова,
«Ауыл жаңалығы».

Мешіт-Алланың жердегі үйі. Имандылық ордасына көбі бес уақыт намазын жамағатпен оқу үшін келсе, кейбіреулер туылған нәресте құлағына азан шақыртуға, бірі некесін қидыруға, бірі қайғысын бөлісуге, тағы бірі сауат ашуға, бірі дін Ислам туралы сұрап-білуге, дәрет, намаз үйренуге, бірі дұға оқытуға келсе, ал біреулер садақа беріп қайырымдылық жасау ниетімен де келеді. Жалпы мұсылман үшін мешіттен мәртебелі мекен жоқ шығар, сірә.
Алланың үйін көркейту, қамқорлық жасау-абыройлы іс саналады.  Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір сөзінде: «Расында, мүмін-мұсылман мешітке келсе, Алла тағала айтады: «Пендем Мені зиярат етіп келіпті, оның сый-сияпаты менің мойнымда, мешітке келген адамға жәннаттан басқа сыйлыққа еш риза емеспін», – деген.Демек  мешітке шамамыз келгенше  көмек ету –адами борышымыз саналады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) кезінде мешітке қол ұшын беріп, қамқорлық танытқандарға ілтипатпен қарап,  үмбетке ғибрат болсын, үлгі алсын депті.
Шынайы көңілден қайырымдылық жасай білу -адамның асыл қасиеттерінің бірі. Әсіресе міндет етпей, сөз қылмай жасаған жақсылықтың сауабы  шексіз болатындығы Құран Кәрімде жазылған.
Аудан орталығындағы   “Байзақ баба” мешітінің пайдалануға берілген кезден бастап, күні бүгінге дейін   нысан шатырына   күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеді. Құрылыс  материалдары тозғандықтан, төбеден аққан жаңбыр мен қардың суы қабырғаларды бүлдіріп тастаған.  Кей жерлерінің сылақтары түскен. Жалпы   нысан шатырына күрделі жөндеу жұмысын жүргізуге 7 миллион теңге қажет болып отыр.  Осыған  орай ардагерлер  аудан халқына Үндеу  жариялаған болатын. Үндеуді қолдап, өздерінің үлестерін қосқан аудан басшысынан бастап, зиялы қауым өкілдері, кәсіпкерлер, мәслихат депутаттары, жалпы жекелеген азаматтардан бүгінгі күнге дейін “Сенім “ қайырымдылық қорына 4 миллион  теңге түсті. Сауапты іске еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін үлестерін қосуда. Ұжымдар бір күндік жалақысын аударса, кейбіреулер  қолма-қол қаражатын ұсынуда.  “Мешітке аударған ақша неге жетпейді?, “Қайырымдылық қорына түскен қаражат қайда кетіп жатыр? деген   секілді  алып-қашпа әңгімелер де  туындауда. 
Жалпы адам баласы Алланың берген сансыз нығметіне алғысын айтып, садақа беруге келгенде сараңдық жасайтындығы бар.
Ислам тұжырымы бойынша, мұсылман садақа беріп, мұсылман бауырының қажетін шығарса, Алла тағала оның бұл амалына көп сауап жазумен қатар, осы дүниеде мезгілсіз қазадан сақтайды екен. Сондай-ақ, мұсылманның берген садақасы оның ғұмырының ұзақ болуына себепші болады және жасаған садақалары оны барлық жаман аурулардан қорғайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл туралы өз хадисінде: «Мұсылманның садақасы оның ғұмырын ұзартады. Оны мезгілсіз өлімнен сақтайды. Күпірлік пен мақтаншақтықты бойынан аластатады»,- деген. Тағы бір хадис-шәріпте: «Әр күні екі періште жерге түсіп, бірі: «Жаратқан Ием, қолы ашыққа, бүгін садақа берген адамға береке бер, қолы қаттыға шығын бер,- деп тілейді» (Мүслим),- делінген.
Садақа – ол жомарттық, ал, жомарттық – Алланың ең ұлы қасиеті. Сондықтан да садақа беру жетпіс түрлі пәледен құтқарады. Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыз: «Бізге садақа беруге асығуымызды бұйырды, себебі, садақаны бақытсыздық аттап өте алмайды», «Қайырымдылық істерді және оны жасаушыларды сүйіңдер, Алланың атымен ант етемін, ақиқатында ізгілік пен молшылық соларда», депті.
Сауапты іс-мұсылман парызы. «Сүйген нәрселеріңді Алла жолына жұмсамайынша әсте жақсылыққа жете алмайсыңдар. Не берсеңдер де Алла тағала оны толық біледі», – дейді («Әли Ғымран» сүресінің, 92-аятында).  Сондықтан   әрбір адам берген садақасы мен жасаған қайырымдылығын есепке алмай,  сөз етпей, керісінше игі де сауапты істердің бел ортасында жүрсе, оған Алла тағала разы болады, жаннатты нәсіп етеді. Олай болса, имандылық ордасына қолымыздан келгенше көмегімізді беріп, өзгелерге өнеге көрсетейік, ағайын!

 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін769
mod_vvisit_counterКеше1583
mod_vvisit_counterОсы аптада769
mod_vvisit_counterӨткен аптада11794
mod_vvisit_counterОсы айда7281
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2258950

Серіктестер