Онлайн газет



Ақын ауылдастарымен кездесті

Тірлігі ұйқаса, ұйтқылы ел болып, олжасын түгендеген облысымыз  байтақ қазақ жерінің қазыналы бір ордасына айналғаны мақтаныш сезіміңді шалқытпай қоймайды. «Туған жер-тұғырым» - демекші, бәрімізге ортақ ардақ тұтар атамекеніміз Жамбыл облысы биыл 75-жасқа толып отыр. Осы айтулы елдік оқиғаға байланысты облыс көлемінде көптеген ізгі жұмыстар жүзеге асырылуда.
Өткен аптада жұрт қуанышын еселеген осы мерейлі мәселе аясында Мырзатай ауылдық әкімшілігі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен ақын-сазгер Қасқырбай Нарбатырмен ауыл тұрғындарының кездесуі өтті. Әдеби-сазды кештің жүргізушісі, Дихан орта мектебінің мұғалімі, өнерлі азамат Нұржан Алимбаевтың кездесу кіріспесін ақын Қ.Нарбатырдың өлеңдерінен шумақтар келтіре отырып шеберлікпен ашуы жиылған көпшіліктің көңілін бірден көтеріп әкетті. Ақын-сазгер шығармашылығына қолдау білдіре келген аудандық әл-Фараби атындағы мәдениет үйінің  директоры К.Арынұлы бастаған өнерпаздардың шырқауындағы автордың «Байзақ жері», «Сарыкемерім», «Тағзым», «Шіркін жастық», «Ырғайлы» сынды әндері тыңдарман  қауымды жағымды  әсерге бөлегендігі сол, ризалық белгісін білдірген қызу қол соғулардан кейін Қ.Нарбатыр сахнаға көтерілді. Өзінің бұрынырақта және кейінде жазған бірсыпыра өлеңдерін елге тыңдатқан ақын кешті жүзеге асырудағы ауыл әкімшілігінің еңбегіне көңілі толғандығын қанағат сезіммен айта келе, ауыл жұртшылығына алғысын білдірді. Әрине, оқырманмен кездесуді тиянақты жоғары деңгейде ұйымдастырған ауыл әкімі Н.Абдуалиевтің іскерлігі, ауылдық клуб меңгерушісі Ұ.Сейдуалиеваның белсенділігі сонымен қатар клуб ішінің әдеби кешке лайықталып түрлі суреттер мен кітап көрмесімен безендірілуі де автор сөзінен тыс қалған жоқ.
Қасқырбай   ақынның сөзінен кейін ән-жыр қайта  жалғасты. Әсіресе, ақынның өлеңдерін оқуға мұқият дайындалып келген Дихан орта мектебінің оқушылары көрермен көпшілікті көркемсөз оқу шеберліктерімен тәнті етті. Бұл шын мәнінде аталмыш оқу ордасындағы мұғалімдердің сапаға сай қызмет атқарып отырғанының көрінісі десек артық емес.
Өзіндік сипаты мән-мазмұны жөнінен басқадай мәдени іс-шаралардан бөлек кеш көрермендері Байзақ  үштігінің орындауындағы Қ.Нарбатырдың «Құрбыңнан хат жолдадым» А.Исабаевтың шабытпен әулеткен «Жастық тангосы», «Бәрі өтпелі» М.Жанбаеваның сызылта шырқауындағы «Аялайын сені», Ө.Нұрбаев пен Ж.Сәлімбаева қосыла бебеулеткен «Шіркін жастық» әндерін ыстық ықыласпен қабылдағанында дау жоқ. Кеш барысында тамылжыта ән салған аудан әртістері К.Арынұлының, А.Исабаев пен Ө.Нұрбаевтың Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері деген жоғары дәрежелі атақ иелері екендігінен қарапайым көпшілік хабардар болып, бұған да өз таңданыстарын білдірісіп жатты. Ән мен жыр кезектесе бағын құлпыртқан кеш мәресіне жеткенде мінберге шыққан ауыл әкімі Нұрахан Бегаділұлы: « Бүгін біз ақын- сазгер Нарбатыр Қасқырбай шығармашылығынан біршама мағлұмат алдық, жақсы шаруаның көңілге біраз ой салғаны шындық. Осы кешке бірсыпыра  азаматтар демеушілік жасап  ауыл жұртшылығының көңілді демалуына ықпал етті, бұл да ауызбірлік арқасы, түсінісудің жемісі. Оқушы ұл-қыздарымыздың Қасқырбай ағамыздың шығармашылығына деген таза ниеттері, құлшыныстары бізді қуантып отыр. Өз ортамыздан шыққан дарындарымызды осылайша бір қанаттандырып отырмасақ біздің елдігіміз қайсы? – деп ішкі ой-пікірін жұртпен бөлісе келе, ел атынан Қасқырбай ақынға деген бағалы сыйлығын ұсынды.
Айта кетерлігі, Қ.Нарбатыр ауданымызға қарасты «Шахан» аулының тумасы болғанымен, 1979 жылдан бермен қарай осы Мырзатай аулының тұрғыны. Сондықтан бұл мәдени жиынды ақын Қасқырбайдың ауылдастары алдында берген есебі деуге де болды. Қ.Нарбатырдың өзі тұратын көше тұрғындары атынан Гүлбахира Орданова және сыйлас ағасы Т.Исабековтың отбасы, кәсіпкерлер М.Сейдуалиев, О.Дәрібаев, А.Нұрманалиевалар ауылдас ақынға сыйлықтарын салтанатты жағдайда табыс етті.
Ал, ақын Қасқырбай Дәрібайұлының өлеңдерін жатқа оқыған оқушы ұл-қыздардың барлығы Диплом және Алғыс хаттармен марапатталды.
Кеш шымылдығын автордың «Мақтанышым-Отаным» деп аталатын патриоттық әнін қос дауыста жігерлене шырқап А.Исабаев пен Ө.Нұрбаев жапты.

Өз тілшіміз.

Обновлено 11.11.2014 09:39
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1039
mod_vvisit_counterКеше1583
mod_vvisit_counterОсы аптада1039
mod_vvisit_counterӨткен аптада11794
mod_vvisit_counterОсы айда7551
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2259220

Серіктестер