Онлайн газет



Өмірі өнегелі азамат

Н. Шаухаров,
еңбек ардагері.
Қызыл жұлдыз ауылы.

Адамның басты байлығы – денсаулық десек, әлемдегі ең қадірлі мамандықтың бірі-дәрігер. Мемлекеттің басты капиталы-адам денсаулығына жауапты кәсіптің иесі, еңбегімен ел құрметіне бөленген  облысымызға танымал хирург Айтбай Шоқанұлы Ибақты білмеймін жан кемде-кем шығар, сірә!
Айтбай Шоқанұлы 1942 жылдың 28-тамыз күні Жамбыл облысы Байзақ ауданына қарасты  Түймекент ауылында дүниеге келген. Әкесі  мен шешесі қарапайым, еңбекпен есейген жандар болатын.  Сегізінші сыныпты бітіргеннен кейін Тараздағы бір жылдық  бухгалтерлер дайындайтын оқу орнын бітіріп шыққан ол «Трудовой пахарь» колхозында бухгалтер болып істейді.Еңбек ете жүріп, кешкі Ақжар орта мектебін бітіреді.  Әкесінің туған ағасы Ізтілеудің  тәрбиесінде  14 жасқа дейін болған Айтбай   басы ауырып, балтыры сыздағандарды көрген сайын дәрігер болуға бел байлайды.
«Тұқымында емшілік бар, аталарың емшілікпен айналысқан. Емдік қасиетті бар шөптерден дәрі-дәрмек жасап, науқастарды емдеген. Тіпті басқа облыстардан келіп, емделген сан ұлт өкілдерін көргеніміз  бар” деген  үлкен кісілердің әңгімесі мені аталмыш мамандыққа деген ынтамды күшейте түсті дейді бізбен әңгімесінде білікті оташы.
Атасы Тәти, Жәмила әпкесі  ата жолын қуған емшілер екен. Оташы болуды мақсат еткен Айтбай 1962 жылы Ақтөбе мемлекеттік медициналық институтына  түсіп, 1968 жылы емдеу факультетін жақсы бітірісімен   өзінің туған жері-Байзақ ауданының  ауруханасына бет алады. Мұнда бас дәрігер, Ұлы Отан  соғысының ардагері Қ. Құлымбаевтың қабылдауында болады.
«Мен сені түсіндім,  хирург болу таудай арманың екен. Келешекте сенен жақсы оташы шығатынына күмән жоқ. Осы ауданның  тумасы екенсің, қалада  басқа мамандық бойынша жұмыс ұсынса да көнбей туған жеріңе қызмет етуді ұйғарыпсың. Дәл қазір Георгий Михайлович Степанов пен Юрий Васильевич Пьянов хирург болып, қызмет етуде. Әзірше терапевт болып істе, келешекте хирургиялық мамандықты жетілдіруге барасың” деген  бас дәрігердің ақылын алып, терапевт болып  жұмысын бастайды.
Терапия бөлімінің меңгерушісі Вера Александровна Дутова  талап қоя білетін  дәрігер  болып шығады. Түске дейін ауруханада, түстен кейін емханада  науқастардың ортасында жүріп, Айтбай  тәжірибе жинай бастайды. Сегіз ай терапевт болып  істеген  ол,  Жамбыл қалалық    ауруханасында БСМП-да  төрт ай оқып,  білімін жетілдіреді. БСМП-ның бас дәрігері Ж. Аппасова, хирургия бөлімінің меңгерушісі В. Мун, облыстық балалар травматологы А. Правда, жандандыру бөлімінің меңгерушісі, П. Ли, дәрігерлер  Л. Ли, Ш.Ахметов, Н.Азимовтерден   көп үйреніп,  алғаш рет операция жасау мүмкіндігіне ие болады.
1969 жылдың  қыркүйегінен бері  оташы болып талай науқасқа өмір сыйлаған Айтбай Шоқанұлы Байзақ аудандық ауруханасының 33 төсектік хирургия бөлімшесінде   оташы әрі  осы бөлімнің меңгерушісі, бас дәрігердің емдеу жөніндегі орынбасары қызметтерін жемісті атқарады. 1976 жылы Байзақ ауданында  жаңа типтегі 400 төсектік аурухана ашылып, ондағы    хирургия бөлімшесінде небір күрделі операцияларды жасай жүріп, Алматы, Москва, Ленинград  қалаларында білімін жетілдіреді. 1985 жылы Жамбыл облыстық ауруханасының  хирургия бөлімшесіне  хирург-ординатор ретінде ауыстырылады. 2010 жылдан бастап, қазіргі күнге дейін, Жамбыл облыстық ауруханасының статистика және информатика бөлімінде сарапшы-хирург болып  жұмыс істей жүріп, науқастарға көрсетілетін диагностикалық және емдік көмектің сапасын жақсартуға өз үлесін қосып келеді.
Жоғары санатты  сарапшы-хирург Айтбай Ибақ  1978 жылы Алматы қаласында тұңғыш рет өткен бастапқы медициналық-санитарлық көмек бойынша Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының халықаралық конференциясына,  республикалық хирургтер съездеріне делегат болып қатысқан. Денсаулық сақтау саласындағы көп жылғы еңбегі  үшін 1973 жылы “Социалистік жарыстың жеңімпазы” белгісімен, 1978 жылы “Қажырлы еңбегі үшін” медалімен,  ҚР “Денсаулық сақтау үздігі» төсбелгісімен,  Жамбыл облыстық мәслихаттың Құрмет грамотасымен, Жамбыл облысы әкімінің  Алғыс хатымен,   облыс Дәрігерлері және провизорлары ассоциациясының  Құрмет грамотасымен марапатталған.
Бар өмірін медицина саласына арнаған   азаматтың құнды еңбектері әлі де  маңызын  жоймай келеді. Мыңдаған адамның алғысына бөленген Айтбай Шоқанұлы  зайыбы  Сапура екеуі  төрт ұл тәрбиелеп өсірген өнегелі отбасы.  Үлкен ұлы Қанат-ауыл шаруашылығында қызмет етсе, Марат- кәсіпкер, Самат-травматолог, Талғаты - дәрігер. Келіндерінің бірі-дәрігер, енді бірі-  ұстаз. Немересі  Назира атасының жолын қуған, бүгінде  медициналық академияның білімгері.
Өзінің адал еңбегімен, кісілік келбетімен  мамандығына берілген адалдығымен дараланатын, жаны шуақты Айтбай Шоқанұлы  ата дінімізді қастер тұтатын, бес уақыт намазын қаза етпейтін, Меккеге барып, қажылық амалын орындап қайтқан-ды.
«Адамның ұлы болмағы да қарапайымдылығынан» дегендей,  қарапайымдылық пен парасаттылықты бойына сіңіре білген, алдына ем іздеп келген сырқатқа емін дұрыс қойып, науқасты сырқатынан құлан таза айықтыра алатын Айтбай Шоқанұлының өмірі кейінгі жастарға үлгі етуге лайық деп білеміз.

Обновлено 10.11.2014 11:50
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін90
mod_vvisit_counterКеше1583
mod_vvisit_counterОсы аптада10695
mod_vvisit_counterӨткен аптада10587
mod_vvisit_counterОсы айда6602
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2258271

Серіктестер