ӨТКЕН КҮНДЕ БЕЛГІ БАР |
Қ.Шотбасов, «Ауыл жаңалығы».
Аңғара бермейтініміз болмаса арамызда жүрген ардагерлердің барлығы қилы кезеңдерді бастан кешіп, өмірдің ауыр өткелектерінен өткен абзал жандар. Әркім шама-шарқына қарай бүгінгі ұрпақтың осындай берекелі өмір сүруіне өздерінше үлес қосқан. Олардың артында сайрап із жатыр. Өздері еңбек еткен салада абырой да, атақ та тегін келген емес. Терең білім, ерен еңбекпен қол жеткізген. Қиын өмірдің қилы кезеңдерінен өтіп, медицина саласында ел өміріне арашашы болып, абырой биігіне көтерілген Аят аға Тынәлиев сондай асыл азаматтардың бірі.
Ол сонау ашаршылықтың араны талайды жалмап кеткен 1932 жылдың қоңыр күзінде қазіргі Т.Рысқұлов (бұрынғы Луговой) ауданының Сұлутөр Көктөбе-Бірлес ауылында дүниеге келді. Әкесі Тынәлі алты ағайынды болатын. Сол аштықта алты ағайындыдан аман қалған Тынәлі мен жалғыз ұлы Аят болды. Ал, Аяттың анасы Ұлбосын оның сол сәби күнінде 21 жасында бала үстінен қайтыс болып кеткен. Сөйтіп жетімдіктің салмағын бала күнінен-ақ көріп өсті. Бір жақсысы кейінгі анасы Дәмелі мейірбан, ақылды адам болып келді. Ол кісі кішкене Аятты өгейсіткен де емес, өзгенің көзтүрткісіне де бермеді. Сауатты, іскер әйел еді. Он жылдай Сұлутөр ауылдық Кеңесін басқарды. Еліне де, отбасына да қамқорлығы күшті адам болатын. Соның арқасында аса жетімдік көрмей өсті. Оның үстіне ол кездегі ағайын-туыс, айналадағы ауылдастар да бір-біріне мейірбан еді ғой. Солардың қамқорлығын қалай ұмытар? Балалық шақтың бар қиындығын жеткізіп айту да жеңіл емес. Жамаулы киім, жыртық шоқай киіп, ашқұрсақ жүретін заман болатын. Бидай талқан мен күніне екі мезгіл үзім нан жесең тоқ санап, мәз болып жүретінсің. Керосин шамы бар үй жарқыраған жарық болып тұратын. Оған қолы жетпегендер де бар. Балалар сол кезде білте шамның жарығында сабақ оқып, білімге ұмтылатын. Ауыр болған сайын адам ілгері ұмтыла ма, оқушылар кітап оқуға, көп білуге құштар еді. Бүгінгі балалардың оқуға ынтасы төмендігін көргенде сол кездер еске түседі. Ол кездегі балдырғандар еңбекке ерте араласты. Ес білгеннен ата-анаға жәрдем беріп, қолқабыс тигізуге құштар еді. Мал бағып, егіске араласып кете баратын. Берірек келген соң әкесі еккен қауын-қарбыз бітік шыққан жылдары ауылынан өгіз арбаға жүктеп алып, Ақыртөбеге әкеліп, теміржол стансасында жолаушыларға сататын. Ауыр кезең ғой, ұры-қары да болып тұратын. Баласынып солардың шетінен ұрлап кеткендері де көз алдында. Қалай дегенде де сол қауын-қарбыздың ақшасы да отбасына қолдау болған. 1950 жылы Ақыртөбе ауылында оныншы сыныпты жақсы бағамен бітірді. Енді не істеймін деп ойлана бастағанда жоғарғы оқу орнында білім алуға шешім қабылдады. Бұған үйдегілер де қарсы болмады. Қиналса да білім ал деп бастасын берген. Содан Алматы қаласына жол алып кете барды. Ойы медициналық оқуға түсу. Жолы болып сол жолы Аспандияров атындағы медициналық институттың студенті атанды. Сөйтіп білім мұқитына сүңгіп кете барған. Соғыстан кейінгі жылдар, оның үстіне ата-анасы да жасы ұлғайып қалған жандар болғандықтан артынан келетін жәрдем мардымды емес. Сондықтан оқи жүріп еңбек етіп, табыс табуға тура келді. Бірінші курста білім ала жүріп-ақ санитар-дезинфектор болып жұмыс істеп, сабақтан тыс кезде қаржы табатын болды. Ал, үшінші курстан бастап қаладағы жөндеу зауытының медпунктінде кешкі кезекте кіші медициналық қызметкер болып қызмет істей бастады. Бұл 1952 жыл болатын. Содан 1956 жылға дейін кешкілік қызмет атқарып жүрді. Міне, оның ел денсаулығын күзетудегі еңбек жолы осылай басталып еді. Ол кезде ауылда медицина қызметкерлері жетісе бермейтін. Содан 1954 жылдан бастап Байзақ (ол кезде Свердлов) ауданының Суханбай колхозында үш ай жазғы каникулда кіші медициналық қызметкер болып істеп жүрді. Алып келіп жүрген сол кезде осында аудандық атқару комитетінің төрағасы болған, ағайыны Арыстан Өтеулин еді. Осылай ол екі жақтың да мәселесін шешкен. Ауылға медициналық қызмет көрсететін маман керек. Студентке азды-көпті қаржы мәселесін шешуі қажет. Сөйтіп істей жүріп, соңғы курста терепевттің орнына дәрігер ретінде науқастарды қабылдағаны да бар. 1956 жылы Алматыдағы медициналық институтты тамамдады. Тағы да таңдау жасайтын кез туды. Қайда бару керек? Ол Свердлов ауданын таңдаған. Сондағысы ойланатын несі бар, азды-көпті үйреніскен жер, халқы да жақсы деп түйіндеген. Сөйтіп Свердлов аудандық ауруханасына дәрігер болып орналасты. Орталығы бүгінгідей Сарыкемер емес, Михайловка деп аталады. Ал, аурухананың жағдайы мәз емес. Небәрі 4 дәрігер. Соның бірі - институтты жаңа бітіріп келген Аят Тынәлиев. Ескі ғимарат. Дәрі-дәрмек барлы-жоқты. Емдегенде негізгі қолданатындары сульфанол, стрептоцид, пеницилин, стрептомицин сияқты дәрілер. Оның өзі жетіп жарытпайды. Ал, ел ішінде туберкулез, шошқа тифі, брюшной тиф, дифтерия, бруцеллез, малярия, тағы басқа аурулар көп. Халық аса тоқ кезі емес, жағдайы жақсы деп айту қиын. Ауырғандарды алып келетін, бүгінгідей «жедел жәрдем» машинасы қайда? Үш ат бар, тачанка арба, қыста шанамен әкеледі. Оның үстіне халықтың менталитеті белгілі, ауру әбден асқынғанда хабарласады. Ал, ауруханада небәрі 25 орын ғана. 10-ы терапия, 4-і ота, 6-ы жұқпалы ауру, 5-і перзентхана бөлімдері. Сондықтан науқастарға орын да жете бермейді. Науқастың түрін анықтайтын құрал-жабдықтар атымен жоқ десе болар. Солай болған соң дәрігердің білімі мен тәжірибесі ғана ауруды анықтап, ем-дом қолдануға жәрдем беретін. Аят аға дәрігерлік жолын осылай бастады. Оған бірден-ақ терапевтпен қоса жұқпалы аурулар бөлімінің меңгерушілігі жүктелген. Бұл-ауыр бөлім. Келетін науқастар да көп, оған қоса дәрі-дәрмегі күшті болмаған соң жазылып кетуі қиын. Соған қарамастан келіп түскен аурулардың ажалына араша тұрып, абыройға бөленді. Ол кезде ауылдарға барып, науқас адамдарға кеңес беру де жеңіл емес. Атқа мініп, ауыл аралайтын. Ақыл-кеңес беріп, аурудың алдын алу шараларын насихаттайтын. Осы бөлімді аттай жиырма жыл басқарыпты. Осында жүріп тәжірибе де жинақтады. Сонымен қатар осы салада ізденісін де жалғастырды. 1966 жылы «Жамбыл облысында жұмысшылар мен қызметшілер арасында кездесетін мүгедектіктің себептері» деген тақырыпта кандидаттық минимум тапсырды. Оны 1971 жылы Фрунзе қаласында табысты қорғап шықты. Медицина ғылымының кандидаты деген ғылыми атақ алды. 1976 жылдан 1986 дейін аттай он жыл Жамбыл гидромелиоративтік институтының профилакторийінде бас дәрігер болып істеді. Жас студенттерді емдеу-сауықтыру жұмыстарын жүргізді. Сөйте жүріп физиотерапия саласына маманданды. Кейін 1992 жылы зейнеткерлікке шығуына қарамастан 2001 жылға дейін Байзақ аудандық орталық ауруханасында физиотерапевт, инемен емдеуші дәрігер болып істеді. Өз саласын жетік білетін маман болуы оны абыройға жеткізіп, құрметке бөледі. Кезінде Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Кеудесінде 4 медаль жарқырайды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы, басқа да тиісті органдардың Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары баршылық. Ол ұзақ жылдар еткен табысты еңбегі еленіп, Байзақ ауданының Құрметті азаматы атағын алуға ерісті. Алла оған жарды да өзі істейтін саладан берді. Бұлар отау тіккенде құдай қосқан қосағы Нұржамал Бабатаева медициналық училищенің акушерлік факультетін бітіріп келген жас қыз еді. Аят аға болса медициналық институтты бітіріп келген кезі. Бұл сонау 1956 жыл болатын. Екеуі бір салада қызмет етті. Нұржамал апа да істей жүріп 2000-ға тарта баланың кіндік шешесі болыпты. Сөйте жүріп дүниеге 10 перзент әкелді. «Алтын алқа» таққан асыл ана атанды. Екеуі өмірдің бар ащы-тұщысын бірге татып келеді. Бірі сексен жасқа, екіншісі жетпіс бес жасқа толған қос қария бүгінде 21 нөмере, 7 шөберенің ата-әжесі атанып отыр. Өмірдің қызығы да, бақыты да осы емес пе? Жуықта 56 жыл тату-тәтті бірге өмір сүріп келе жатқан қос ардагерді аудан әкімінің міндетін атқарушы Ә.Қилыбаев аудан белсенділерінің алдында мерейлі жастарымен құттықтап, аудан әкімінің Алғыс хатын тапсырды. Денсаулық, ұзақ өмір, отбасына бақыт, береке тіледі. Иықтарына шапан, камзол жапты. Сондай-ақ аудандық орталық аурухана әкімшілігі мен сала кәсіподағы аудандық комитеті де сый-құрметін көрсетті. Басшылардың ақ тілегін есітіп, сый-құрметін көрген ардагер ата-әже шын пейілден риза болып, алғыстарын білдірді. |
Обновлено 27.10.2012 16:03 |
Халыққа жолдау
ЖАРНАМА








![]() | Бүгін | 138 |
![]() | Кеше | 1640 |
![]() | Осы аптада | 3292 |
![]() | Өткен аптада | 10582 |
![]() | Осы айда | 33432 |
![]() | Өткен айда | 45108 |
![]() | Бәрі | 2824638 |