Онлайн газет



ҚҰРБАН АЙТ - ҰЛЫҚ МЕРЕКЕ

Мейірімді, рақымды Аллаһтың атымен бастаймын!

Көптен күткен, халқымыз үшін ұлық мереке – Құрбан айт та келіп жетті ортамызға. Бұл күні бүкіл мұсылман бауырларымыз үстіне таза әрі әдемі киімдерін киініп, хош иісті әтір себініп, Алла үйі – мешітке

қарай бет алады. Ел-жұрт бұл күні ерекше көңіл-күймен бірін-бірі мерейлі мерекемен құттықтап жатады. Халқымызда қалыптасқан дәстүр бойынша әрбір үйдің дастарханына тәтті тағамдар қойылып, көршілер, көптен көріспеген туған-туыстар, құда-жекжаттар құшақтасып амандық-саулығын біліседі. Сонымен қатар, ұлық мейрамда атқарылатын айтулы уәжіп бұл - құрбандық шалу болып табылады.

 

Құрбан (араб тілінде) – «жақындау, Аллаһқа жақындауға себеп болған нәрсе» деген мағынаны білдіреді. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы –«Ғибадат ниетімен белгілі шарттары бар малды бауыздау» деп түсіндіріледі. Құрбан айт күндерінде (алғашқы үш күнінде) Аллаһ Тағаланың ризашылығын алу ниетімен шалынатын құрбанға «уһийе» делінеді.

Аллаһ Тағаланың әмірлерін қалтықсыз орындау пендені Жаратушының ризашылығына бөлеп, ақыретте сый-сияпатқа кенелтеді. Құрбан шалу да – Аллаһ Тағаланың арнайы бұйрығы. Сол себепті бұл бұйрықты шын ықыласпен атқарушы Раббысының ризашылығын алып, ақыретте жүзі жарқын болады, мол сауап иеленеді. Пайғамбарымыз өз Хадисінде мұны былай деп түсіндіреді: «Адам баласы Құрбан айт күні құрбан шалып, қан ағызудан да сүйікті басқа іспен Аллаһ Тағалаға жақындаған емес. Қаны ағызылған мал қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай жатып, Аллаһ Тағаланың құзырында үлкен мақамға жетеді. Сондықтан құрбандарыңды көңіл ризашылығымен шалыңдар» делінген.

Сонымен қатар пайғамбарымыз (с.а.у.) басқа хадистерінде Аллаһ ризашылығы үшін шалынған құрбанның әрбір қылшығы үшін сауап бар екенін былай деп сүйіншілеген: «Сахабалар Расулімізге (с.а.у.):

-Уа, Аллаһтың Елшісі, құрбандық деген не? – деп сұрақ қойды.

-Құрбандық – сендердің Ибраһим (а.с.) бабаларыңның сүннеті, - деді.

-Одан бізге қандай сауап бар?

-Әрбір тал қылшығы үшін сауап аласыңдар.

-Қойдың жүнінен ше?

-Қойдың жүнінің әрбір тал қылшығына да сауап жазылады» - деп жауап қатады ол.

Иә, шындығында да Аллаһ разылығы үшін риясыз көңілмен сойылған құрбандық мал ақыретте қылдай жіңішке, қылыштай өткір қылкөпірден өтерде иесіне көп көмектеседі. Пайғамбарымыз бұл жайында өз хадисінде былай дейді: «Құрбандықққа малдың ең жақсысын, көзге жұғымдысын таңдаңдар, өйткені ол – қылкөпірден өтердегі өз көліктерің».

Адам баласы Құрбан айтта құрбан шалу арқылы Ұлы Жаратушысының өзіне берген сансыз нығметтерінің шүкірін өтеп, күнәларына кешірім тілейді. Табиғатында өзімшілдік, сараңдық, дүниеқоңыздық секілді жағымсыз қасиеттері бар адам құрбан айтта тек қана Аллаһ Тағаланың ризашылығын ойлайды. Ол бұл күні бір малын қиып, кедей және мұқтаж бауырларына жәрдем беру арқылы өз қылықтарын бауырмалдық, жомарттық, кішіпейілдік секілді жақсы қасиеттермен алмастырады.

Құрбандыққа тек қой, ешкі, сиыр және түйе малдарын ғана шалуға болады. Оларды сонымен қатар, тек бір адам құрбан ретінде шала алады. Ал сиыр немесе түйені яғни, ірі қараны бір кісінің жалғыз өзі үшін шалуына болатын сияқты жеті кісіге дейін бірігіп, ортақ шалуларына болады.

Құрбан ретінде шалынатын малды қинамау үшін өткір пышақ қолдану керек. Малды сою үшін сол жағымен жерге жатқызғаннан кейін пышақты көз алдында жалақтатып қайрау – мәкруһ. Ал, қинамай сою –сүннет. Пайғамбарымыз бір хадисінде былай дейді: «Малды бауыздаған уақытта жақсылап бауыздаңдар. Кімде-кім мал сойса, пышағын жақсылап қайрасын және тезірек бауыздасын. Малдың жанын жай таптырсын» - делінген.

Құрбан ретінде шалынатын мал құбылаға қарата сол жағымен жатқызылып, дұға ретінде мына аят оқылады: «Инна салати уа нусуки уа махиаиа уа мәмәти лилләһи Раббил, аламина лә шәрика ләһ». «Күмәнсіз менің намазым және басқа ғибадаттарым, өмірім де, өлімім де бүкіл әлемдердің Раббы Аллаһ Тағала үшін. Оның еш серігі жоқ». Одан кейін: «Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар лә илаһа иллаллаһу, уАллаһу әкбар, Аллаһу әкбар уа лиллаһил-хамд» деп кімнің атынан сойылып жатқаны ниет етіледі. Артынша «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» деп тәкбір айтып оң қолмен бауыздайды.

Құрбан шалудың уақыты құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады.

Биыл Құрбан айт мерекесі қазан айының 26-да басталып, яғни қасиетті жұма күнімен қатарлас келіп тұр. Олай болса, иісі мұсылман халқымыз үшін екі мейрам қатар тойланбақшы. Айт намазы осы күні орталық «Байзақ баба» мешітінде сағат 8.30-да оқылады.

Аллаһ Тағала ізгі ниеттеріңізбен шалған құрбандықтарыңызды қабыл еткей! Еліміздің ынтымақ, бірлігі артып, Аллаһ Тағаланың мол нығметіне бөлене берсін, әмин!

Рахымбек Абиров,

орталық “Байзақ баба” мешіті бас имамының міндетін атқарушы.

Обновлено 27.10.2012 15:57
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін199
mod_vvisit_counterКеше1640
mod_vvisit_counterОсы аптада3353
mod_vvisit_counterӨткен аптада10582
mod_vvisit_counterОсы айда33493
mod_vvisit_counterӨткен айда45108
mod_vvisit_counterБәрі2824699

Серіктестер