Онлайн газет



ЖАСТАР АРАСЫНДА ДӘСТҮРЛІ ДІНИ ТАНЫМДЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУДАҒЫ ҮКІМЕТТІК ЕМЕС ҮЙЫМДАРДЫҢ РӨЛІ

Б. Алпысбаев,
«Жийде» қоғамдық қорының үйлестірушісі, дінтанушы.

Қазақ жастарына дұрыс рухани тәрбие беруіне, бағытты дұрыс таңдауына, сондай-ақ діннің тек сыртқы шарттарын ғана емес, рухани кемелдік қағидаларын, адамгершілік құндылықтарын меңгеруіне және оларға өзге діни ағымдардың зияндылығын түсіндіру жұмыстарына байланысты қоғам болып атсалысуымыз керек. Өйткені жастар-еліміздің болашақ тіректері.
Міне, биылғы жылы Елбасының діни саясатын жүзеге асыру, жастар арасында дәстүрлі діни сананы, танымды қалыптастыру мақсатында «Жийде» қоғамдық қоры көптеген игі шараларды атқаруда. Осы жобаны іске асыру барысында  Тараз қаласындағы оқу орындары студент жастарымен Байзақ, Т.Рысқұлов, Меркі, Жуалы, Шу, Мойынқұм және  Қордай аудандық әкімшілігі, газет редакциясы, орталық мешіттердің өкілдерімен кездесіп, ақпараттық-насихат жұмыстарын жүргізді.
Аталған кездесулерде қазақ жеріне ислам дінінің келіп орнығуы, дәстүрлі діни танымның қалыптасу тарихы мен оның таралу кезеңдері туралы кеңінен тоқталды. Осы дәстүрлі діни таным дегенде - бұл қазақ халқының ғасырлар бойы өзінің болмысына сай қалыптастырған рухани құндылық. Оның өзегінде Ислам діні жатыр. Өйткені дін халықтың мәдени, рухани болмысы мен әдет-ғұрып, салт-дәстүрін қалыптастыратын негізгі қайнары көзі. Сондықтан дін мен дәстүр бірлігі – өткеніміздің тарихы, болашағымыздың кепілі.
Жалпы дінге қатысты төрт мәселе бар: діни таным, діни сана бұларды қамтамасыз ететін діни сенім мен діни тәжірибе. Осы төртеуі де қазақта бар. Біздің діни танымымыз фиқһта Әбу Ханифа мәзһабына, діни сенімде Матуриди ақидасына және діни тәжірибеде Ясауи ілімінің қабаттарына негізделген. Осы негіз біздің ұлттық мәдениеттің мазмұнына айналған. Оның ерекшеліктерін ойлау жүйемізден, дүниетанымдық қабаттарымыздан, ділімізден, әдет-ғұрпымыздан, салт-дәстүрімізден көруге болады.
Елбасы Н.Ә. Назарбаев өз сөзіңде: «Қазақ даласында ислам дінін орнықтырғандардың бірі – данышпан бабамыз Ахмет Ясауи осы жағдайларды ескере отырып, түркі жұртындағы ислам дәстүрлерін қалыптастырды. Осы дәстүрмен, мінеки, ата-бабаларымыз ғасырлар бойы өздерінің ұлттық сана-сезімдерін қалыптастырып келеді» - дей келе, халықтың мәдениеті қай бағытта дамитынын айқындайтын – осы діни таным мен діни тәжірибесі. Егерде кез-келген халық өзінің дәстүрлі діни таным мен діни тәжірибе негіздерінен ажырайтын болса, онда ол халық өзінің рухани мәдени болмысынан ажырайды. Дін мен дәстүр үндескенде ғана дін дамиды, дәстүр байиды, ал ұлт діннің рухын сезініп, құндылық ретінде қабылдайды.
Қазақ халқының мұсылмандық діни түсінігі шешендік сөздері, діни-дастандары, мақал-мәтелдері, кешегі жыраулар поэзиясы мен би-шешендердің нақыл сөздерінің мазмұнына да көз жүгіртсек, әрине аят-хадистерге барып тірелетініне және де имани құндылықтарымен негізделуіне куә боламыз.
Қасиетті Құранның «Әһзаб» сүресі, 71-аятында: «Уа иман келтіргендер! Алланың бұйрықтарын орындап, тыйымдарынан тыйылу арқылы тақуалыққа ұмтылыңдар әрі айтар сөздеріңді түзеңдер! Сонда Алла да сендердің амалдарыңды дұрыстап, күнәларыңды кешіреді».  Осындай аяттарды негізге ала отырып, ХV-ХVІІІ ғасыр аралығында елдік, ерлік, өмір, дін, заман туралы толғаған ақын-жыраулардың бірі Қарасақал Ерімбет:
«...Әуелі сұра,тілім медет Хақтан.
Талайлар медет тілеп жәрдем тапқан
Сен кімге Хақтан өзге сиынасың,
Халық еткен бұл әлемді бар мен жоқтан...» - деп, ал пайғамбардың (с. ғ. с) «Құлдың жүрегі түзелмейінше, иманы түзелмек емес. Ал тілі түзелмейінше, жүрегі түзелмейді» өсиеттеріне сай, қазақ ақын-жыраулардың бойыңдағы мұсылманшылық парыздарын тілімен де, жүрегімен де насихаттағанын байқауға қиын емес. Қазақ ағартушылары, ақын-жыраулары елдің ақыл-ойын тәрбиелеу, нәпсіден арылып, имандылыққа баулу арқылы насихат өлеңдеріндегі ой өзегі діни-философиялық, моральдық-этикалық тұрғыдан ұлттық-рухани құндылықтарымызды айқындаған.
Осындай кездесулер көпшіліктің ойынан шығып, жастарымыздың жадында дәстүрлі діни түсінік пен ұлттық идеологияның қалыптасуына, діни таным мен ғылыми таным арасындағы үйлесімділік пен тепе-тендіктің болуына өз ықпалын тигізеді деген сенімдеміз.

 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1657
mod_vvisit_counterКеше1558
mod_vvisit_counterОсы аптада7308
mod_vvisit_counterӨткен аптада10587
mod_vvisit_counterОсы айда3215
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2254884

Серіктестер