Онлайн газет



Теорияны тәжірибеге ұластыратын

агробиологиялық ғылыми-зерттеу институты ашылды

Елбасымыздың үстіміздегі жылғы “Қазақстан  жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” атты Қазақстан халқына Жолдауында жоғары оқу орындарында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, теорияны тәжірибеге ұластыру жайы айтылған болатын. Жолдау жүктеген міндетті іске асыруды қолға алған  оқу орындарының бірі -Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті. Өткен бейсенбі күні  аталмыш оқу орны  жанынан Агробиологиялық ғылыми-зерттеу институты ашылды.  Жобалық құны 100 миллион теңге тұратын институт 1800 шаршы метр аумаққа орналасқан. Мұнда 2 ғимарат, 8 аудитория, 2 жылыжай бар.
Жаңа мекеме лентасын облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев пен университет ректоры Ерболат Саурықов қиды. Одан кейін білім ордасының басшысы институттың ашылу мақсатын түсіндіріп, кешенді кеңінен таныстырды. Гранттық жұмыстар, су айдындары көрмелерін тамашалап, аудиториялар мен лабораторияларды, жылыжайларды аралап көрген Кәрім Нәсбекұлы Құрметті қонақтар кітабына жүрекжарды лебізін жазып,  қолтаңбасын қалдырды.
Ғылыми тәжірибелік мекеменің ашылу салтанатында облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев  сөз сөйледі. Облыс басшысы  ТИГУ-дегі ғылымды тәжірибеге ұластырудағы  ізденістерін жоғары бағалап,  жастарды бәсекелестікке қабілетті маман етіп тәрбиелеудегі осы бастама жақсы нәтиже беретіндігін әрі ел экономикасының дамуына лайықты үлес қосу үшін осындай ізденістер қажеттігін айтып өтті.
Университетте студенттердің теориялық білімдерін тәжірибе түрінде жүзеге асыруға мүмкіндік мол. Оған қажетті құралдар және көрнекіліктермен жабдықталған лабораториялар, интерактивті тақта қойылған аудиторияда сабақты   жан-жақты өткізуге жағдай жасалған.
-Бізде дуальді оқытуға  барынша жағдай туғызылып отыр.  Білімгерлер  3 күн университетте, 3 күн ғылыми-зерттеу институтында алған білімдерін тәжірибемен ұштастырып отыратын болады. Оларды тасымалдау мәселесі де оңды шешілді. Білімгерлердің  өсімдіктер мен жан-жануарлар дүниесіне ғылыми-лабораториялық зерттеулер жүргізуіне мүмкіндігінше  жағдай жасалған. Мұнда облыстың ауа райы, жеріне бейім дақыл түрлерін анықтауға болады. Оқу орны осыдан бес жыл бұрын облыс аумағындағы 105 су айдындары гранттарын ұтып алған. Олардың суының ащы, тұщылығын, балықтар мен жәндіктердің қандай түрін өсіруге қолайлылығын, оларға құятын су көздерін зерттеу білімгерлердің  қызығушылығын тудырып отыр. Бұл жұмыстар болашақта ғылымның өрістеуіне, ел экономикасының дамуына  үлес қосады деп сенемін,- деді университет ректоры Ерболат Саурықов бізбен әңгімесінде.
Оқу орнында биолог, ихтиолог мамандықтарына бағыт ұсталып қана қоймай, болашақта  ветеринария мамандығын  ашу жоспарлануда екен.  Ол үшін ауданнан тағы да 50 гектар жер алу көзделінген. Онда тауарлы-сүт фермасын ашуды көздеп отыр. Ерболат Байзақұлы бұл ретте жер бөліп берген Байзақ ауданы басшылығына деген алғысын да жасырмады.
Агробиологиялық ғылыми-зерттеу институтының ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов, аудан  әкімі Мұратхан Шүкеев, облыс, аудан әкімдігінің басқарма, бөлім басшылары, ғалымдар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Өз тілшіміз.

Обновлено 06.11.2014 11:23
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1071
mod_vvisit_counterКеше1762
mod_vvisit_counterОсы аптада8484
mod_vvisit_counterӨткен аптада10587
mod_vvisit_counterОсы айда4391
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2256060

Серіктестер