Г. Әбдіқұлова, “Ауыл жаңалығы”.
Елдің үкілеген үміті-жастармен жүздесіп, оларды толғандырған мәселелерді өз құлағымен естіп, мұң-мұқтажын білу мақсатында аудан әкімі Мұратхан Жүнісәліұлы Шүкеев аудан орталығындағы Сарыкемер орта мектебінде ауданның белсенді жастарымен жүздесті.
Алдымен аудан басшысы Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен
ХVІІ жазғы Азия ойындарында каратэ-додан Азия чемпионы атанған жерлесіміз Гузалия Гафурованы жеңісімен құттықтап, сый-сияпатын табыс етті. Мұнан соң Мұратхан Жүнісәліұлы ауданның тыныс-тіршілігінен қысқаша мағлұмат бере келе, бүгінгі таңда ауданымызда 14-29 жас аралығындағы жастар саны 28645-і құрап отырғандығын, олардың 13733-і ұл, 14912-сі қыз балалар екендігін, елімізде -жастардың толыққанды білім алып шығуына барынша жағдай жасалғандығын, кеңес дәуірінде шет елдерде білім алу өте қиын болғандығын сөз етті. Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасында жастарымыз “Болашақ” бағдарламасы аясында шет елдерде білім алып, бүгінде мемлекеттік қызмет атқарып жүргендігін, аудан аумағына «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы негізінде 2009 жылдан бері 82 маман жұмысқа орналасқандығын, ең бастысы өмірде заңгер, прокурор емес, өз ісін білетін, қарапайым кәсіптің өзінен бақыт табуға болатындығын жасырмады. -18 округте жастар жетекшілері жастармен қоян -қолтық жұмыс жасап жатыр. Тепсе темір үзетін жастардың күшімен ауданымызда біраз тірліктер атқарылды. Бүгінгі таңда жоғары оқу орындарының білімгерлерінен жасақталған құрылыс жасақтары аудан аумағында еңбек етті,- дей отырып, аудан басшысы оқушылардың сауалдарына бүкпесіз жауап берді. Оқушылар тарапынан “Мықты тұлға болып өсуі үшін жастарға қандай кеңес бересіз? деген сауалға аудан басшысы: ”Ең бірінші біліммен қатар қайсар мінез қажет. Сонда ғана адам алдына қойған мақсатына жететін болады,-деді. “Ауданымыздың даңқын шығарған спортшылар, батырлар мен ақындарды құрметтеу арқылы аудан тарихын жетік білуге болады ма? Ана тіліміздің қоғамдағы орны қандай?” деген сауалдарға да жан-жақты жауап берілді. “Сіз үлгі тұтатын адам бар ма? деген сауалға Мұратхан Жүнісәліұлы: “Халқымыздың кемеңгер тұлғасы Д.Қонаевты үлгі тұтамын” дей келе, өзінің еңбек жолын 1983 жылы Жезқазған агроөнеркәсіптік бірлестігі «Бұрма» кеншарында бригадир болып бастағандығын, жас кезінде еркін күреспен айналысқанын, спортшылардың арасында Бақтияр Артаевтың қарапайымдылығына тәнті болғандығын, алаңсыз да қамсыз балалық шақтың қайтып айналып келмейтіндіктен оның әрбір күнін бағалау қажеттігін, жас кезінде “Зауыт директоры болуды арман еткендігін”, тәуелсіз еліміздің 2050 жылы дамыған 30 елдің қатарына енетіндігін, бос уақытта табиғат аясында серуендеп, атқа мінгенді, ауылдық округтерді аралап, ел-жұртпен жүздескенді жаны қалайтындығын, отбасының бақыты ұл-қызы мен немерелері екендігін де айтып өтті. Сондай-ақ Мұратхан Жүнісәліұлы ауданымызға білікті дәрігерлер, агрономдар мен мал дәрігерлері ауадай қажеттігін, әр жұмыстың өз қиындығы болатындығынан-мамандықты дұрыс таңдап, ел игілігі жолында адал қызмет етудің абыройлы іс, ал ел басқару-өте жауапты міндет саналатындығын, жолдас көп болғанымен нағыз дос бірлі-жарым екенін, бүгінгі қазақ қоғамына көңілі толғанымен, сыбайлас жемқорлықпен, жатыпішерлік, жалқаулықпен күресудің маңызын да жасырмады. Аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің “Жастар орталығы” КММ-нің ұйымдастыруымен өткен шараны аудан басшысы “Мен сендерге сенемін. Әрқашан бір болайық, Бірге болайық!” деген ағалық сөзімен түйіндеді. Аудан басшысымен болған ашық пікір алмасудан үлкен әсер алған белсенді жастар кездесуден көңілді тарқасты. |