Қазақстан Жазушылар және Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Байзақ ауданының Құрметті азаматы, белгілі ақын Қайыпназар Шотбасов қаза болғанда ағайын-жұрттың қабырғасы қайысып, қалың қауым қара жамылған еді. Көзі тірісінде-ақ, елінің сүйіспеншілігіне бөленіп, ақындығымен қатар, журналистика саласының өсіп-өркендеуіне үлес қосқан Қ.Жалғасбайұлы
1947 жылы 16 маусымда туылған. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген ол, «Тамды шаруагері» газетінде ұзақ жылдар бойы редактор болып істеген. 1999 жылы тарихи Отаны Қазақстанға қоныс аударып, сол жылдан бастап Жамбыл облысы, Байзақ аудандық «Ауыл жаңалығы» газетінде жауапты хатшы қызметін абыроймен атқарады. Ақын, бірнеше мәрте республикалық жыр-мүшәйралардың жүлдегері, көптеген кітаптардың авторы Қайыпназар Шотбасовты сұм ажал 2013 жылдың 13 қарашасы күні 66 жасында арамыздан алып кетті.
Өткен аптаның жұмасы күні ақын Қайыпназар Шотбасовты еске алуға арналған іс-шара өтті. Алдымен орталық музейде осы мекемеде басшылық еткен А.Көшбаевтың ықпалымен ұйымдастырылған талантты тұлғаға арналған бұрыштың ашылу салтанаты өткізілді. Ақынның жары, ұл-қыздары мен достары, ағайын-туысы, жалпы аудан халқы қатысқан жиынды аудан әкімі Мұратхан Жүнісәліұлы ашып, өмірін өлеңмен өрнектеген өнер иесі Қ.Жалғасбайұлының ерекше дарыны, азаматтық тұлғасы туралы сөз етті. Аудан әкімі ақынның ұстап-тұтынған заттары мен кітаптары қойылған бұрыштың келер ұрпақ үшін тәрбиелік мәні зор екендігін жеткізсе, өз кезегінде Өзбекстан Республикасы, Навои облысы, Тамды ауданының қас жырауы Жалғас Жүсіпов сол елдімекен халқының ақын Қ.Шотбасовты еске алу сәлемдемесін оқып берді. Мұнан соң көпшілік қауым аудандық әл-Фараби атындағы мәдениет үйіне жиылды. Мұнда аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мұрындық болуымен «Әрбір өлең - өмірімнің бөлшегі» атты Шотбасов Қайыпназар Жалғасбайұлын еске алуға арналған әдеби-сазды кеш ұйымдастырылды. Оны жүргізіп отырған Байзақ ауданының Құрметті азаматы, ақын-сазгер Қасқырбай Нарбатыр қазақ поэзиясына өшпестей мұра қалдырып, өлшеусіз еңбегін сіңірген Қ.Шотбасовтың өнегелі өмір жолына шолу жасады. Сахна төріне көтерілген аудан әкімі М.Шүкеев өз лебізін білдіре отырып: “Елдің сөзін сөйлеп, ақиқатты айтуда іркілмей, ірілік үлгісін ұстана жүріп, билік пен халық арасын жалғастырудағы төре өнер иесі - ақынның рөлі ерекше. Осылай дегенде, күні кешеге дейін ауданымыздың абыройын асқақтатуда аянбай тер төгіп, қызмет еткен ағамыз Қайыпназар Шотбасовты өрелі талант, қабырғалы қаламгер болғанына ешкімнің күмәні жоқ деп ойлаймын. Былтырғы қара күзде дүниеден қайтқан осы асыл азаматтың жалпы болмысы жайлы ел ішінде жақсы сөз, жағымды пікір көп. Шынында да, аумалы-төкпелі адам ғұмырының ақиқатын айқындауда ақындық көрегендікке ие бола тұра, өзін мейлінше қарапайым ұстанған, кісілікті мінезіне кір түсірмеуді дағдысына айналдырған Қ.Шотбасовтың шоқтығы қай тұста да аласарып көрінген емес. Қарапайымдылық адамгершіліктің шыңы екенін қағидадай қабылдап, қалыптасқан Қайыпназар ағамыз өмірде де, өнерде де өз орнын тапқан, ел есінде жүруге тиісті тұлға. Мінекей, бүгін үлкен-кіші бас қосып, ұлтымыздың баласы бола білген ақынды еске алуымыз әлбетте жөн-жосыққа жығылатын елдігіміздің сипатын көрсетіп отыр - дей келе, тұғыры биік тұлғаның артында қалған мұрасы ел ішінде көп тарала беруі керектігін, жаны жайсаң азаматты еске алу басты парыз екендігін жеткізді. Ақынның жары Аманкүл апайға құрмет көрсетті. Өз кезегінде аудан әкіміне ақын ұрпақтары тарапынан Қ.Шотбасовтың баспадан жаңа шыққан “Таңдамалылар” жыр жинағының алғашқы данасы тарту етілді. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Р.Шәметов ақын Қ.Шотбасовпен сыйлас болған күндерінен естеліктер айтты. Рәш ақсақал елеулі азамат есімі ел жадында мәңгі сақталатындығын ауызға алып, өзінің туындысын ақынның ізбасар қызы А.Шотбасоваға тарту етті. Аудандық «Ауыл жаңалығы» -«Сельская новь» газеті редакциясының директор-бас редакторы С.Қалмұратов қызметтес ағасы болған Қ.Жалғасбайұлының елеулі еңбегін тілге тиек етті. Қайыпназар Шотбасовты еске алуға арналған әдеби-сазды кештің шымылдығы ақынның сөзіне жазылған Заман Молдабаевтың «Байзақ елі-байтағым» әнімен ашылды. Заман, Аман Молдабаевтардың орындауында әуелеген әдемі ән көрерменнің көңілінен орын тапты. Кеште сонымен қатар, жерлес сазгеріміз А.Тыныбаевтың ақынның сөзіне жазылған «Сұлу құмыра», «Мәртебелім», «Іңкәрім», «Шуақ» әндері өңіріміздің жезтаңдай әншілері А.Жылысбекова, Г.Әлімқұлова, А.Тілебалдиева, Ж.Салимбаевалардың және З.Молдабаевтың «Батыр Бауыржан» әні Тараздық әнші Р.Нұрақбаевтың, «Соғыстың ардагері» әні жас өнерпаз Е.Рысбаевтың, «Қазақтың келіндері» әні А.Тілеповтың орындауында шырқалды. Ақжар ауылындағы С.Сейфуллин орта мектебінің оқушылары ақын Қ.Шотбасовтың сөзіне жазылған мектеп гимнін хормен айтты. Ал, осыдан бір ай бұрын Сарыкемер орта мектебінде өткен «Қайыпназар қайырымдары» атты тұңғыш аудандық көркемсөз оқу шеберлері байқауының жеңімпаздары Ұ.Нұржаубаева, А.Кемелбекова, Н.Бегаділова, Г.Бейсембаева, Ұ.Сейдуллаева, Ш.Бегалиев, А.Қиялбектер ақынның «Білмеймін неге ақындар ерте өледі?», «Ана тіл», «Тәуелсіздік», «Мәңгүртке арнау», «Тіршілікке таңым бар», «Мұсылманмын» өлеңдерін нақышына келтіре оқып берді. Кеште алыстан ат терлетіп келген қонақтар да ақынды сағынышпен еске алысты. Тараздық әдебиетші Тоймұрат Қожамұратов, Түймекенттік ақын Күнтуған Ақназаров өз сағыныштарын арнау өлеңдерімен жеткізсе, қостанайлық сазгер Садуақас Байқадамов ағасы Қ.Шотбасов жайлы жылы пікірін білдіре келе, ақын сөзіне жазылған «Тіршілікке таңым бар» әнін баянның сүйемелдеуінде айтып берді. Ақын-сазгер Қ.Нарбатыр «Есті жырлар егесі» өлеңін мәнерімен оқыса, аудандық мәдениет үйінің белді әншілері Ә.Исабаев пен Ө.Нұрбаев «Мақтанышым-Отаным» деп ән салды. Еске алу шарасында ақын Қ.Шотбасов жайлы бейнекөрініс көпшілік назарына ұсынылып, оның шығармаларынан сыр шертетін арнайы кітап көрмесі аудандық орталық кітапхана қызметкерлерінің ұйытқы болуымен мәдениет үйінің фойесіне қойылды. Соңында ақынның жары Аманкүл Алдашова ортаға шығып, игі іс-шараның өтуіне ықпал жасаған азаматтарға алғысын білдірді. Түске жақын Сарыкемер ауылындағы «Бағлан» мейрамханасында марқұм Қ.Жалғасбайұлының жылдық асы таратылып, оның рухына арналып құран бағышталды. Мұнда да ағайын-жұрт, дос-жарандары мен Жуалы, Байзақ аудандарының әкімдері Б.Құлекеев, М.Шүкеев асыл азамат жайлы естеліктер айтты.
Өз тілшіміз. |