Қазақстанның сот жүйесі кейінгі жылдары үлкен өзгерістерге түсті, жалпы сот ісін жүргізу саласын реформалау мен сот органдарын жаңғырту бағытында жүзеге асырылып жатқан шаралардың басты мақсаты – азаматтардың өз құқықтары мен заңды мүдделерін сот арқылы қорғаудың тиімділігін арттыру болып табылады. Осы мақсатта Байзақ аудандық сотында “Ашық есік күні” болып өтті. Нәтижесінде аудан орталығындағы №3 Байзақ колледжінің 2-курс білімгерлері аудандық соттың
тыныс-тіршілігімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды. Бұл іс-шараға №3 Байзақ колледжінің директоры М.Нысанбаев ұйытқы болса, аудандық сотқа тәлімгерлерді осы білім ошағы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қ.Калыков және жастар ісі комитетінің педагог-ұйымдастырушысы З.Молдабаев бастап барды. Білімгерлер алдында аудандық соттың төрағасы Д.Тасыбаев сөз сөйледі. Дәулет Еркебекұлы аудандық соттың үстіміздегі тоғыз айлықта атқарған жұмысы, сот отырысы қалай жүретіні, арыз-шағымдарды қарау тәртібі, жастар арасындағы неке бұзудың көптігін, сот өндірісіне түскен арыздардың артып отырғаны-сот билігінің қолжетімділігін және халықтың сотқа деген сенімінің өскендігін, судьялар негізінен сот жүйесінің беделін арттыру мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауда заңға сүйеніп жұмыс істеп жатқандықтарын, сот жүйесінің алдына қойылған міндеттер қалай атқарылып жатқандығы жөнінде айтып берді. Байзақ аудандық сотының бас маманы К.Искаков өз кезегінде қылмыстық және әкімшілік істер бойынша мағлұмат берсе, жетекші маман Б.Байгонысова азаматтық істер бойынша мәліметпен таныстырып өтті. «Ашық есік күніне» қатысқан колледж білімгерлері сот ғимараты мен кеңсе қызметкерлерінің және сот отырысы хатшыларының жұмысымен танысып, сот отырысына қатысты. Ашық есік күнінің соңында Байзақ аудандық сотының төрағасы Д. Тасыбаев колледж білімгерлеріне табыс тілеп, алдағы уақытта осындай шара өткеріліп тұратындығын айтты.
Өз тілшіміз. |
Обновлено 06.11.2014 10:43 |