Е. Серікбайұлы, Байзақ ауданының Құрметті азаматы.
Денсаулығыма байланысты қыркүйек айының 23-ші мен қазан айының 3-і аралығында Тараз қаласындағы А.Азімхановтың клиникасында он күн жатып емделдім. Палатамызда бес адамның ішінде, отставкадағы полиция подполковнигі, зейнеткер Тоймахан Қалмаханбетұлы Делімбетов әңгіме арасында Отан соғысына қатысып, хабарсыз кеткен атасы Айтбек Делімбетов туралы
аудандық, облыстық, республикалық мұрағаттарға, Кеңес Одағы қорғаныс министрлігінің қазіргі Ресейдегі орталық әскери мұрағатына жазып жүріп, атасы Айтбек Делімбетовтың Смоленск облысы Велижский ауданы, Дорожкино ауылында жерленгені жөнінде анықтама алыпты. Айтбек Делімбетов 1904 жылы бұрынғы Луговой (қазіргі Тұрар Рысқұлов) ауданы «Бірлес» ауылында туған. Ақыртөбе бекетіндегі төрт жылдық мектепті бітірген. 1922-1923 жылдары Тараз қаласындағы Файзул Рахманов деген кулактың қолында жұмыс істеген. Одан кейін Ақыртөбе бекетінде ауылдық тұтынушылар одағында қабылдаушы, сатушы болған. 1932-1933 жылдары «Бірлес» ұжымшары төрағасының орынбасары болыпты. 1932 жылы партия қатарына өткен. Айтбек Делімбетов 1934 жылдан 1942 жылға дейін біздің Свердлов (қазіргі Байзақ) ауданында қызмет еткен. Ташкент қаласындағы насихатшылар даярлайтын курсты бітіргеннен кейін аудандық партия комитетінде насихатшы, нұсқаушы болып жеті жылдан астам уақыт қызметте болып, өзінің еңбекқорлығымен, талапшылдығымен дараланады. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы А.Торбунов Айтбек Делімбетовтың іскерлігін, адалдығын, әділдігін, білімділігін, адамгершілігінің зор екенін білгеннен кейін оған жақсы мінездеме берген. Мінездеме жиналған құжаттарда тігілген. Аудандық партия комитетінің бюросы оған үлкен сенім артып, «Жаңатұрмыс» ұжымшарына төрағалыққа ұсынылады. Колхозшылар бір ауыздан Айтбек Делімбетовты төраға етіп сайлаған. Төраға болып істеген екі жылда шаруашылықты 42 ұжымшардың ішінен алдыңғы ондықтың қатарына қосқан. Ел басына күн туған шақта аудандық партия комитетінің бюросы А.Делімбетовты «бронь» бойынша әскерден алып қалмақшы болғанына қарамастан өзі сұранып, 1942 жылы майданға аттанады. Қазан қаласында 1941 жылы 11 тамызда құрылған Витебск атқыштар дивизиясының құрамында қатардағы жауынгер болып соғысқа қатысқан. Дивизияны генерал-майор Мищенко Николай Михайлович басқарған екен. Дивизия Беларусь майданының құрамында болған. Москваны, Ленинградты, Смоленскті, Витебск қалаларын неміс фашистерден азат етуге қатысқан қатардағы жауынгер Айтбек Делімбетов ерліктің өшпес үлгісін көрсетеді. 1943 жылдың 30 тамызында Смоленск қаласын жау шеңгелінен босатуда ерлікпен қаза тапқан. Сүйегі осы Велижский облысы, Дорожкино ауылына жерленген. Биылға дейін Айтбек Делімбетов хабар-ошарсыз жоғалғандар тізімінде болған. Немересі іздеп жүріп, жерленген жерін тапқан. Айтбек Делімбетов Дәнекүл деген аруға үйленген. Екеуінен үш ұл, бір қыз бар. Барлығы Байзақ (бұрынғы Свердлов) ауданында туған. Төртеуі де аман-есен. Небәрі 47 жасында ерлікпен қаза тапқан Айтбек аға тірі болса 110 жасқа келеді екен. “Орнында бар оңалар” деп атам қазақ айтпақшы, жаужүрек батыр Айтбек атамыздың кіндігінен 40 немере, 59 шөбере, бірнеше немене тапа, бүгінде алып шынарға айналған әулет. Немересі Тоймахан Делімбетов алдағы жылы жазда атасының сүйегі жатқан жерге барып, құлыптас орнатып, құран бағыштап, ауылдың бір уыс топырағын салмақшы. Елі үшін туған ердің ерлігі ешуақытта ұмыт болмайды деген осы шығар, сірә! |