Жүлдемен оралды
Л. Пірімқұлова, Байзақ ауданы әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету құрылымдық бөлімшесінің меңгерушісі.
Жамбыл облысы бойынша мүгедектермен жұмыс істейтін заңды тұлғалар бірлестігінің «Асар» одағының төрағасы Р.Тулегенов және Жамбыл облыстық спорт комитетінің ұйымдастыруымен Тараз қаласының орталық стадионында өткізілген мүгедектер арасындағы спорт түрлерінен
ұйымдастырылған жарысқа Байзақ ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің үйде арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету құрылымдық бөлімшесі 8 мүмкіндігі шектеулі азаматтарды алып барып, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, қол күресінің түрлерін жарыстарға қатыстырды. Жоғарыда аталған спорт жарысының тоғызқұмалақ ойыны бойынша 1 орынды Мукамбетов Эркін, 2 орынды – Сарымамед-оглы Назим, ерлер арасынан ойнатылған дойбыдан жарыста 1 орынды Оспанов Сағат, әйелдер арасынан 2 орынды Назарбекова Нурила иеленсе, қол күрестен Жүнісов Мақсат және дойбыдан Абильдаева Шолпандар қатысып қайтты. Жарыста орынға ие болғандар Грамоталармен марапатталып, медальдар және бағалы сыйлықтарға ие болды.
Құрмет көрсетілді
Жақында Ботамойнақ ауылдық округінде жалғызілікті қарттар мен мүгедек, тұрмысы төмен отбасыларына құрмет көрсетілді. Байзақ ауылдық клубында өткен шараны округ әкімі Е.Зауірбеков ашып, қазыналы қарияларды құрметтеудің маңызын сөз етті. Ауылдың өнерпаз жастары, мектеп оқушылары және “Салтанат” балабақшасының тәрбиеленушілері ән мен күйден шашу шашты. С.Абланов атындағы орта мектептің «Жас Отан», «Жас Ұлан», «Жас қыран» топтары жалғызілікті қарттардың үйінің ауласын күл-қоқыстан тазалап, ретке келтірді. Сонымен қатар, ауылдық округтегі “Жастар орталығының” ұйымдастыруымен ауыл жастары еңбек ардагерлерінің ескі қорасын жөндеп берді. Ақылы қоғамдық жұмысшылары соғыс ардагерінің жесірі Алимханова Айман апайдың үйінің бөлмелерін әктесе, ауылдағы жаны жомарт кәсіпкерлер ауылдық округте тұратын бала күнінен мүгедек 12 балаға ойыншықтар табыс етті. Жалғызбасты Исмаилова Мариям мен 4 мүгедек қарияға азық-түлік өнімдерінен тарту жасалды.
Қыздардың тәрбиесіне арналды
Таяуда Үлгілі орта мектебінде «Қыз Жібек» қыздар ұйымының жетекшісі Ж.Темірқұлқызының ұйымдастыруымен қыздар арасында сырласу кеші болып өтті. Аталмыш жиынға 6-11-сыныпта оқитын қыздар қатысып, «Қазіргі таңдағы жасанды сұлулық» жайында сырласты. Мектеп медбикесі М.Турымова жеткіншек жастағы қыздардың бет күтімі жайында түсіндірме жұмыстар жүргізіп, түрлі кеңестер берді. Мектептің ДТІЖО Г.Адилова «Бүгінгі бойжеткен-ертеңгі асыл жар» тақырыбында баяндама оқыды. Мектеп психологы түрлі тренингтер мен қыздарға қатысты пайдалы кеңестер берді. Жиын барысында 11-сыныптың оқушысы Қ.Айнабекова өзінің ойымен бөлісті. |